Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлімжеттік әлеуметтік желіде де бар

Әлімжеттік әлеуметтік желіде де бар
Автор
Қазіргі қоғамда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе бұл кеңістіктің белсенді қолданушылары болып қалған жасөспірімдерді онлайн әлемнен алшақтату уақыт өткен сайын қиындап барады. Тек ас ішкенде немесе әлдебір қажетті шұғыл шаруа болмаса телефоннан бас көтермейтін жастарды жиі көріп жүрміз. Компьютер олардың саналы серігіне, әлеуметтік желі достық пен беделінің өлшеміне айналғалы қашан. Көпшілігі «Смартфонға желімделіп, планшетке бауыр басқандай» күн кешіп жүр.

Жалпы тиімді пайдалана білсе әлеуметтік желінің игілігі де мол екенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, білім іздеп, онлайн сабақ оқып, ойы озық достармен байланысып, шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндік зор. Ілім-білім үйренуге құлшынысы артқан жастар немесе тіл үйренуге үйір өрендер үшін бұл таптырмас құрал.

Нақты сандарды сөйлетсек, Қазақстандағы жалпы халықтың 96 пайызы интернетті қолданса, 92,8 пайызы цифрлық сауаттылыққа ие деген дерек бар. Бұл көрсеткіштер жасөспірімдерге интернеттің мүмкіндіктері кең екенін айқын көрсетіп тұр. Бірақ сонымен қатар тәуелділікке апаратын қаупі де орасан.

Жасөспірімдердің онлайн ортаға жан-тәнімен беріліп кететіні соншалық, тәуелді болып қалғанын сезбейді. Офлайн өмірдегі міндеттерін кейінге қалдырып, ештеңеге қызықпай селсоқ жүреді. Оқу үлгерімі төмендеп кетеді. Осы жағдайда ата-ана мен мектептің рөлі маңызды. Үлкендер тарапынан ескеретін жағдай, жасөспірімдердің не істеп жүргенін, қандай контент тұтынатынын, желіні қанша уақыт қолданатынын бақылау қажет. Сонымен қатар оларды интернеттен тыс белсенділікке, яғни спорт, шығармашылық арқылы виртуалды тәуелділіктен арылтуға болады.

Қалай десек те интернетке тәуелділік бүгінгі заманның жаңа індеті екенін мойындайтын кез келді. Бұл үрдіс баяу, көзге байқалмай енеді де, баланың санасын, мінезін, өмір салтын өзгертеді. Шынайы өмірдегі қиындықтар, сабыр мен еңбек секілді ұғымдар онлайн ортада екінші орынға ысырылады. Көптеген жас өз өмірін желідегі танымал тұлғалармен салыстырып, сондай болуға ұмтылып, тіпті әке-шешесіне танымал бола алмағаны үшін ренжиді. Кейде өзін бағалау процесі төмендеп, күйзелісі күшейеді.

 

КИБЕРБУЛЛИНГ ҚАЛАЙ БАСТАЛАДЫ?

Онлайн әлемдегі басты қауіптің бірі – кибербуллинг. Ол бірден байқалып, көзге көрінетін үлкен дүние немесе әрекет емес. Керісінше, қарапайым жағдайдан басталып, кейін үлкен психологиялық қысымға ұласады.

Әлеуметтік желілерде әдемі көрінуге тырысу, жазылушылар санына мән беру, өзгелердің пікіріне тәуелді болу жас балалар үшін қалыпты жағдайға айналғанын сөз еттік. Дәл осы сәтте олар өздері жайлы жеке деректерін бөлісіп, фотоларын жариялап, бөтен адамдарға есік ашып, ішкі әлемін ақтаруға мүмкіндік жасап береді. Мұндай жағдайда кез келген бала мазақтың, тіл тигізудің немесе қорқыту әрекеттерінің нысанасына айналуы мүмкін.

Мектеп ішіндегі ұсақ жанжалдың өзі онлайн кеңістікке ауысып кетсе, күрделене түсетіні бар. Дәл сол сияқты топтық чаттарда басталған әзіл-күлкі бір баланың намысына тиіп, көпшіліктің қудалауына ұласуының куәсі болып жүрміз. Достар арасындағы түсініспеушілік, қызғаныш немесе бәсекелестік интернетте ашық түрде жалғасып, балаға зиян келтіреді. Мұндай жағдайда бала өзін қорғаудың орнына, басына түскен жағдайды жасыруға тырысады.

Одан бөлек жеткіншектер бейтаныс адамдармен сөйлесуге бейім келеді. Бұл әрекеттер қызығушылық танытқандарға оның осал тұсын табуға таптырмас мүмкіндік. Көп жағдайда кибербуллинг бір ғана қорлайтын пікірден басталады. Кейін фотоларды рұқсатсыз жариялауға, жалған ақпарат таратуға, қауесет тудыруға дейін ұлғайып кетеді.

Жасөспірімнің өзін-өзі іздеуі, өзгелердің қабылдауына тәуелді болуы, эмоциясының өзгере беруі оларды интернеттегі жағымсыз әсерге сынып кетердей әлсіз етеді. Сол сәл ренжіткен пікірдің өзі бала көңілінде терең із қалдырады. Мұндай келеңсіздіктер оқуға, мінез-құлқына, тіпті денсаулыққа әсер етіп, заманауи қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қарапайым қате қадамдардан, байқамай жасалған әрекеттерден немесе эмоциялы жауаптан үлкен кибербуллинг туындауы мүмкін. Сондықтан балалардың цифрлық сауаттылығын арттырып, олардың онлайн мінез-құлқын бақылап, қауіпсіздік ережелерін үйретіп отыру шарт. Бұл бүгінгі күні ата-ана мен мектептің ортақ міндеті. Жеткіншектер интернеттегі еркіндікті жауапкершілікпен меңгермесе, кибербуллинг қаупі төне бермек.

Кибербуллинг мәселесі соңғы жылдары күрт күшейіп, осы мәселе бойынша психологқа жүгінетіндердің саны да көбейіп отыр. Баланың күнделікті мінезі өзгеріп, көңіл күйі түсіп жатса да, көп жағдайда ата-ана мұны жас кезеңіне тән құбылыс деп қабылдап, мәселенің түп-төркінін аңғармай қалады. Ал шын мәнінде буллингтің онлайн түрі тыныш қана басталады. Есесіне баланың көкейінде үлкен дақ қалдырады.

– Жеткіншек кезең өз-өзін іздеу, қабылдауға ұмтылу, өзгелердің пікіріне тәуелді болудан басталады. Бір ғана қорлайтын пікір, мазақ немесе топтың ішінен әдейі шеттету балаға үлкен психологиялық соққы болады. Балалар әлемінде әзіл мен қорлау арасындағы шекара өте жұқа болса, интернетте мүлде жойылып кетеді. Біреудің жазған жауабы ертеңгі күні ондаған адамға тарап, қысымның күшеюіне әкелуі тәжірибемде жиі кездесетін жағдай. Кибербуллингтің бастауы бала сенімсіздігінен емес, қауіпсіздік ережелерін білмеуінен туындайды. Ол әлеуметтік желіде ашық болуға тырысады, өзінің ең жеке мәліметтерін бөліседі, бейтаныс адамдармен сөйлесуге дайын тұрады. Бір ғана жағымсыз пікір немесе масқаралайтын фотомонтаждың таралуы жеткіншектің психикасына ауыр тиетін жағдай. Мұндайда бала үндемейді, себебі ол өзін кінәлі сезінуі немесе үлкендердің түсінбейтінінен қорқуы мүмкін. Менің байқауымша, кибербуллингтің тағы бір ерекшелігі оның тоқтамайтындығы. Мектептегі жанжал сабақтан кейін аяқталуы мүмкін, ал интернеттегі қысым тәулік бойы жалғасады. Бала ұялы телефонын өшірмегенше, өзіне бағытталған әр хабарламаны, әр пікірді көріп, сол жағдайды қайта-қайта бастан кешіреді. Бұл стресстің ең қауіпті түрі. Ұйқы бұзылып, көңіл күйі төмендеп, оқуға деген ынта азаяды. Кей жеткіншектер өз болмысын жасыра бастайды, басқа адамдармен байланысын үзіп, тұйықталып кетеді. Жеткіншек өзін түсінетін, қорғайтын адам бар екенін сезінсе ғана, интернеттегі қысымның салдары азаяды. Психолог ретінде айтарым, кибербуллингті жеңудің жолы тек бақылаудан емес, сенімнен басталады. Бала ата-анаға немесе мұғалімге айтуға қорықпайтын атмосфера қалыптасқанда ғана интернет әлемі оның дамуына кедергі емес, қолдау құралына айналады. Қабылдауымда болған Айдананы анасы алып келгенде, ол тұйық, көзі жерге қарап отыратын, сұраққа қысқа ғана жауап беретін бала болды. Сабақ үлгерімі күрт төмендеп, үйден шыққысы келмей, тіпті телефонды көргенде мазасызданатынын анасы айтқан болатын. Жағдайды анықтау үшін онымен жеке сөйлескім келді. Айдана бастапқыда үнсіз отырып, кейін жылап жіберді. Ол бірнеше апта бойы кибербуллингке ұшырап жүргенін айтты. Мектептегі сыныптастарымен болған ұсақ түсінбеушілік чатта жалғасып, кейін мазақ пен қорлауға ұласқан. Біреуі оның фотосын рұқсатсыз өзгертіп, әлеуметтік желіге әзіл ретінде жариялап жіберген. Осылайша Айдананы келемеждеген, қорлаған жазбалар толып кеткен. Ол мектепте ештеңе білмегендей жүргенімен, үйге келгенде телефонды ашуға қорқып, өзін кінәлі сезініп, жалғыз қалған. «Анам түсінбейді» деп ойлаған. Көңіл күйінің түсуі, ұйқысының бұзылуы, сабаққа зауқының болмауы бәрі осы уайымның салдары екені белгілі болды. Психологиялық көмек барысында біз алдымен оның басынан өткен жағдайды терең түсініп, эмоциясын ашық айтуға мүмкіндік бердік. Оған кінәлі еместігін түсіндіру басты қадам болды. Кейін ата-анасымен бірге қауіпсіз интернет ережелерін қарастырдық, сынып жетекшісімен байланысып, мектеп тарапынан да қолдау көрсетілді. Чаттағы буллингке қатысқан балалармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аккаунттардан қорлайтын жазбалар өшірілді. Айдана біртіндеп қалпына келе бастады. Өз-өзіне деген сенімі артты, мектепке бұрынғыдай мазасызданбай баратын болды. Ең маңыздысы ол қиындықты жалғыз еңсермей, қасында қолдау көрсететін адамдар бар екенін түсінді. Көп жағдайда балалар үнсіз қалады, өйткені ұялады, қорқады немесе айтудың мәні жоқ деп есептейді, – деді психолог Айару Ізетбай.

 

ТАПСЫРМА – КИБЕРБУЛЛИНГТІҢ ЖАҢА БЕТ-БЕЙНЕСІ

Кибербуллингке ұшырататын зиянды ойындар туралы естуіңіз бар ма? Әдетте мұндай ойындар жасөспірімдердің қызығушылығын оятып, «ерекше сынақ» немесе «жасырын тапсырма» ретінде ұсынылады. Бастапқы кезде олар қарапайым, зиянсыз көрінеді. Белгілі бір уақыт аралығында ұйықтамай отыру, қара түсті заттың суретін жіберу, бейтаныс символды параққа салу сияқты бейкүнә тапсырмалардан басталады. Алайда ойынның шынайы бет-бейнесі бірнеше күннен кейін ашылады.

Мұндай ойынның артында тұрған аноним тұлғалар баламен психологиялық байланыс орнатып, оны бақылауға алуға тырысады. Осыдан кейін тапсырмалар өзгеріп, қауіпті сипатқа көше бастайды. Баланың жеке деректеріне қол жеткізуге ұмтылатын хабарлама, үрей тудыратын бейнелер, қорқыту элементтері біртіндеп күшейе түседі. Әр қадамын бақылап отырғандай әсер қалдыратын қысым жасөспірімнің ішкі әлемін әлсіретіп жібереді. Осындай ойындарға қатысқан балалардың көпшілігі мұның кибербуллинг екенін түсінбей, «құпия клубқа» мүше болдым деп ойлайды.

Осы орайда тағы да психологтың кеңесіне құлақ түріп көрелік.

– 12 жастағы Әли алғаш келгенде мазасыз, тұйық, сабаққа ынтасы жоқ, түнде жиі шошып оянатын бала болды. Ал анасы оның телефонды жасырып ұстайтынын, кейде ештеңеге көңіл күйі болмай ұзақ уақыт үнсіз отыратынын байқаған. Жеке сөйлескенде Әли біраз уақыт бойы белгісіз аккаунттан келетін тапсырмаларды орындап жүргенін мойындады. Алғашқы әрекеттер өте қарапайым болғанымен, кейін тапсырмалар психологиялық қысымға толы деңгейге ұласқан. Тапсырманы орындамаса, әкімші оның суреттерін таратып жіберетінін айтып қорқытқан. Әли тапсырмалардан бас тартса, отбасына зиян келтіретінін жазған. Жас баланың психологиясына дәл осындай қысым ең ауыр соққы болып тиеді. Жеткіншектер мұндай ойындардан өздігінен шыға алмайды, өйткені қорқыныш пен жалғыздық сезімі оларды тұйыққа тірейді. Көпшілігі өз кінәсін сезініп, ата-анасына айтуға қорқады. Сондықтан кибербуллингке бағытталған ойындар өте қауіпті, олар баланы эмоционалдық бақылауға алып, оның еркіндігін толық жойып тастауға ұмтылады. Біз мұндай жағдайларда ең алдымен баланың өзіне кінә артпай, оны сол күйінде қабылдап, сенім атмосферасын құруды ұсынамыз. Әлидің жағдайында біз дәл осылай жасадық. Алдымен қауіпсіздік сезімін қалыптастырдық. Қорқыту хабарламаларының жалған екеніне көзін жеткіздік. Ата-анасына жағдайды сабырмен түсіндірдік, ол оқитын мектеппен бірге профилактикалық жұмыс жүргіздік. Бірнеше аптадан кейін бала біртіндеп қалпына келе бастады, – деді Айару Ізетбай.

Осындай ойындар балалардың психологиясына ғана емес, олардың қоршаған ортамен қарым-қатынасына да кері әсер етеді. Жеткіншектер көбінесе «мені түсінбейді» деп ойлап, ешкімге тіс жарып айтпауға бекінеді. Сондықтан ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оны жазғыру емес, тыңдау арқылы қолдап отырғаны жөн. Ал мектеп пен қоғам балаларға интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін үйретіп, оларды күдікті ойындардан сақтандыруы қажет.

Кибербуллингке бағытталған ойындардың қауіптілігі жасырын басталып, тез өршуінде. Сол себепті ата-аналар баласының цифрлық өміріне көңіл бөліп, қауіптің алдын алу үшін қолдау көрсетуі тиіс. Балаларға интернеттегі қысымға қарсы тұрудың жалғыз жолы сенім мен қауіпсіз орта қалыптастыру екенін түсіндіру көп нәрсені өзгертуге ықпал етеді. Жеткіншек өзін жалғыз сезінбесе, мұндай ойындардың арбауына түсу қатері де әлдеқайда азаяды. Сондықтан балаға өзін жалғыз сезінуге мүмкіндік бермеу керек. Олар өзін отбасы қатты жақсы көретінін сезінуі басты шарт, өзгермейтін заңдылық болып қалуы маңызды. Олар өз үйіндегі адамдардан артық адам жоқ екенін ұғынған сәтте сырттан жылулық іздемейді.

Кибербуллинг пен киберқысым – аса қауіпті әлеуметтік құбылыс. Ол дәстүрлі буллингтен әлдеқайда күрделі, өйткені бала қысымды экран арқылы қай кезде, қай жерде болсын қатты сезінеді. Бір ғана қорлаған пікір, масқаралайтын сурет немесе белгісіз аккаунттан келген талап жеткіншектің психикасына ауыр салмақ түсіреді.

Киберқысымның күшеюіне жасөспірімдер арасындағы цифрлық мәдениеттің әлсіздігі, ата-аналардың онлайн әлемнен бейхабарлығы, мектептегі алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігі де себеп болып отыр. Ал мұндай жағдайды тоқтатудың басты жолы – ересектердің қолдау көрсетуі. Баланың эмоциялық жай-күйін бақылау, ашық сөйлесу, түсінуге тырысу бәрінен маңызды. Жасөспірім өзін қауіпсіз сезінетін, ойын ашық айта алатын орта құрылғанда ғана мұндай қысымның әсері әлсірейді. Кибер қысымды болдырмау мақсатында ата-ана, мұғалім, психолог барлығы бірігіп, интернет кеңістігін қауіпсіз етуге күш салуы қажет. Кибербуллингтің алдын алу бір адамның қолынан келмейді. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар