Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақтың мұсылмандық дүниетанымында исламның орны қандай?

Қазақтың мұсылмандық дүниетанымында исламның орны қандай?
Автор
Қазақ жастарына дұрыс рухани тәрбие беру, олардың бағытты дұрыс таңдауына жағдай жасау, діннің тек сыртқы шарттарын емес, рухани кемелдік қағидалары мен адамгершілік құндылықтарын меңгерту, сондай-ақ өзге діни ағымдардың зиян екенін түсіндіру – қоғам болып атсалысуды қажет ететін маңызды іс. Өйткені жастар – еліміздің болашақ тірегі. Сондықтан Ел Президентінің діни саясатын жүзеге асыру, жастар арасында дәстүрлі діни танымды қалыптастыру, исламның қазақ жеріне келуі мен қалыптасу ерекшеліктерін түсіндіру жұмыстарын жаңғырту қажет.

Ислам діні қазақ жеріне тарихи кезеңдер арқылы орнықты. 751 жылғы Талас шайқасында арабтар түріктермен бірігіп қарақытайларды жеңді. 999-1212 жылдары Қараханидтер хандығы шамамен екі ғасыр бойы қазақ жерінде исламдық мемлекет болды.  Алтын Орда дәуірінде Берке хан исламды мемлекеттік дін ретінде жариялап, Өзбек хан тұсында халық толықтай мұсылмандыққа өтті, бұл кезеңде мешіттер мен медреселер көптеп салынды. Кейін 1460 жылдары құрылған Қазақ хандығы төрт ғасыр бойы халықтың рухани болмысына исламды берік орнықтырды. Сол себепті ата-бабаларымыз исламмен байланысын ешқашан үзген емес, тіпті ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестету қиын.

Қазір дін мәселесінің өзекті болуының негізгі себебі – сенім мен танымның аражігін ажырата алмауда. Сенім исламда бір, Алла бір, Құран хақ, пайғамбар шын. Ал таным әр халықтың дүниетанымдық ерекшеліктеріне сай қалыптасады. Қазақ халқы да діни танымын ұлттық болмысына бейімдеп дамытты.

Дәстүрлі діни таным – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылық, оның өзегінде ислам жатыр. Өйткені дін – халықтың мәдени, рухани болмысын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнар.

Жалпы дінде діни таным, діни сана, діни сенім және діни тәжірибе деген 4 құрам бар. Қазақта бұл төртеуі толық көрініс тапқан. Діни таным – Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенім – Матуриди ақидасына, діни тәжірибе Ясауи хал іліміне негізделген. Оның іздері ұлттық ойлау жүйемізден, дүниетанымымыздан, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізден айқын байқалады.

Қоғамдағы моральдық-этикалық нормалардың бұзылуы – иманның әлсіздігі мен нәпсінің үстемдігінің көрінісі, ал, оны қалпына келтірудің негізгі жолы – махаббат. «Ғашықсыздардың иманы да, жаны да жоқ, олар – хайуан», – деген Ясауи адамды тікелей рухани құндылықтарымен тәрбиелеу арқылы иман нұрымен ақиқатқа жетелеу керектігін уағыздайды. Өкінішке қарай қазіргі таңда Ислам дінін, құндылықтарын насихаттауда көптеген методологиялық қайшылықтар болғандықтан көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда. Әсіресе, жастардың дәстүрлі діни танымынан ауытқып, өз тарихы мен мәдениетін терістеуі алаңдатады. Сондықтан жастар дінге бет бұрып жатса, онда мемлекет тарапынан кері ағымдардың жетегіне кетпеуінің алдын алып, дұрыс және тиісті бағыт-бағдар беру керек. Бұл тек жастар емес, тұтас ұлттың проблемасы деп қараған жөн.

Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» күйін кешіп қалмауымыз керек. Егерде кез келген халық өзінің дәстүрлі діни таным мен діни тәжірибе негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани-мәдени болмысынан ажырайды. Дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамып, дәстүр байиды.

Түрік ғалымы, профессор Исмайыл Жақұттың: «Қожа Ахмет Ясауи болмағанда, бүгінгі түркілердің нендей дінге ие болып, қандай сопылық жолдың ізбасары болатындығын елестетудің өзі қиын», – деп жазғанындай, сопылық ілімнің арқасында түркілер бір тариқаттың жолына негізделді.

Қазақ халқының шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Қазақ даласында қиссашылдық дәстүр тамыр жайып, Кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақтардың интеллектуалдық танымына қатты ықпал етіп келді. Ғалым Алма Қыраубаева қиссаларға «Қазақ ренессансының қайнары» деген баға берген. Мәселен, Алтын Орда кезеңінде араб, парсы мәдениетінің тасқыны түркінің төл дәстүрін, менталитетін айтарлықтай әлсіретті. Бұл кезде түркі тілі шеттетіліп, «поэзия тек парсы тілінде жазылады», «ғылым тек араб тілінде орындалады» деген пікір қалыптасты. Сол дәуірде ең алғаш Әли есімді ақын «Жүсіп-Зылиха» қиссасын түркі тілінде жырлайды. Оған басқа шайырлар үн қосып, пайғамбарлар қиссасын ана тілінде жырлауды дәстүрге айналдырды. Содан бастап, жойылуға шақ қалған түркі тілі жанданып, көркем сөз жанры қайта өрлейді. Жалпы, қиссалар – адамды дін догмасына ұрынудан сақтайтын бірден-бір рухани иммунитет.

Түрік халықтары рухани мәдениетінің қалыптасу, даму тарихының көрнекті тұлғалары Махмұд Қашқаридың, Жүсіп Баласағұнның, Ахмет Ясауидің, Сүлеймен Бақырғанидың, Ахмет Йугнекидің, Бурхануддин Рабғұзидың, Сейф Сарайдың шығармалары қазақ поэзиясының исламдық-эстетикалық негіздері болып саналады. Ислам тарихына байланысты жырланған жыр-дастандар қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге сырттан келген діни миссионерлерге, рухани экспанцияға да қарсы тосқын бола білді.

Халқымыздың рухани мұрасы саналатын дастандар мен жырлар ұлттық тәрбиенің негізіне айналып, ұлт мүддесіне қызмет етті. Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Дін – насихат» деген қағидасын еске алсақ, онда қазақ ақындары бұл өсиетті өз деңгейінде орындаған. Сонымен, Ислам діні негізінде пайда болған сопылық VІІІ ғасырда өмірге келе отырып, қазірге дейін қазақ поэзиясына өзіндік әсерін тигізіп келеді. Сыр бойындағы ақын-жыраулардың сопылық поэзиясына әсері болған. Сондықтан, олардың жыр-дастандарында сопылық сарындар көрініс беріп отырған.

Қазақ даласында пайда болған сопылық әдебиет дегеніміз – адамзаттың дүниетанымын тәрбиелеу, Аллаға деген ғашықтық және ішкі сезімді жырлау. Мұнда шартты түрде берілетін сопылық тіркестер мен символдар (нәпіс, зікір, шариғат, тариқат, ақиқат, мағрифат, мағшұқ, пірмұған, сұхбат, фәнәфилла және тағы да басқа) кездескенімен де, терминдер ұшыраспайды әрі сопылық жолға үгіттемейді. Осы негізгі тіркестер мен символдық атаулардың шығарма ішінде көрініс беруі – сопылық әдебиеттің алғышарты деуге болады. Сондай-ақ, шығарма мазмұны жағынан айтылар негізгі ой астарланып, тұспалданып беріледі. Оны аллегория, метафора, теңеу сияқты әдеби терминдермен байланыстыруға негіз бар. Кез келген ақынның ойлары барынша жұмбақтала түседі. Мысалы, Шәкәрім қажының түсінігінде Хақты көру үшін пенде зікірге мас болып, жүректі тазалау керек:

Көрем десең Жарымды, мас бол, жүрек тазала.

Өртеп жібер барыңды,

Қарсы ұмтыл қазаға.

Шәкәрім қажы бұл өлеңінде Жаратушыны – Жар деп алған. Ал, Ясауи оны көбінесе, Хақ атауымен берген.

Хақ жамалин курай десаң, фана болғыл,

Фана болып, хақ жамалан, курдим мана.

Сондай-ақ, Әбубәкір Кердерінің төмендегі өлең жолдарынан байқай аламыз:

Сопылық деген ауыр жол,

Пендеге зарар етпеген,

Ұстап жүрсең тәуір жол,

Сопылықты іздесең,

Дүние қуып кетпеген…

Оқыған көп ғалым бол.

Аллаға ғашық дос болған,

Атқан оққа төзгендей,

Шайтанменен қас болған,

Қара тастан қалың бол, – деген екен.

Осыған ұқсас өлең тармақтары бірнеше ақын-жырау шығармасында кездеседі. Әрине, жыраулардың барлығы бірдей сопылық жолда болған, пірге қол беріп, зікір салған деп айта алмаймыз. Бірақта, олардың жыр-дастандарында сопылық сарындар көрінісі байқалады. Қасиетті Құранның «Ниса» сүресі 103-аятында «Намаздарыңды өтегеннен кейін Алланы тұрып та, отырып та, жантайып та еске алындар (зікір етіндер)» делінген.

Осындай аяттарға байланысты ақын-жырау Ақтан Керейұлы:

Шариғат шамын жандырған,

Кәләмға көңіл қандырған.

Жамағат жиған алқалап,

Салауат айтқан Аллалап.

Зікірмен зарлап түн қатып,

Нәпсісін шапқан балталап.

Шайтанды сеспен қашырған,

Көкірек көзі ашылған, – деп, қазақ халқының діни танымы сопылық арқылы қалыптасқандығын айтады.

Демек, сопылық танымды жоққа шығару деген сөз, бүкіл қазақ халқының дүниетанымын, тарихын, мәдениетін және діни тәжірибесін жоққа шығарумен тең болады.

Ал Қарасақал Ерімбет:

Әуелі сұра, тілім медет Хақтан,

Талайлар медет тілеп жәрдем тапқан.

Сен кімге Хақтан өзге сиынасың,

Халық еткен бұл әлемді бар мен жоқтан – деп жырлаған.

Қазақ поэзиясында шығыстық сарындағы ақын жыраулардың ішінде Сыр өңірі жырауларының алатын орнына көптеген зерттеушілерде жоғары баға берген. Мәселен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» дейді. Сол секілді заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ол замандағы сұлу-сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен құдай жолына істеген мінәжат сияқты жүрек қанын ағызған өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық болатын. Жақын күншығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули, Қожа Хафиз, Мағари, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр. Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген» дейді. Өзбек ғалымы Х.Кароматов болса: «Ислам дінін қабылдаған халықтардың тарихы өзгергенімен де, Құранның мәтіні өзгермеген. Құран тексі мезгіл және мекенмен үндес жүріп, әр халық дамуының белгілі бір кезеңдерінде одан үнемді пайдаланып отырған әрі құрани дүниелерді әдеби шығармаларға алып келген. Сондай, ұлттық әдебиеттің Құран мәтінімен синтезі нәтижесінде көркем және діни-дидактикалық шығармалар жаратылған» – деп жазғанда қазақ даласында пайда болған діни қисса-дастандарды меңзеген.

Қазақ әдебиеті тарихының X-XІ ғасырлардағы кезеңі «Ислам дәуіріндегі әдебиет» деп аталады. Бұл кезеңдегі қазақ әдебиеті тарихын құрайтын ақындардың мұралары түрік халықтарына ортақ болғанымен, біздің төл әдебиетіміздің кейінгі дамуына жалғасқан исламдық дүниетанымның негіздері сол кезеңде қалыптасты. Ислами әдебиетті жүйелеуде ғалымдар төртке бөліп қарастырған: дәстүрлі ислами әдебиет, ислами астар алған әдебиет, сопылық әдебиет және сопылық астар алған әдебиет. Мәселен, Пайғамбардың (с.ғ.с) «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Ал, тілі түзелмейінше, жүрегі түзелмейді» деген өсиеттеріне сай, қазақ зиялыларының бойындағы мұсылманшылық парыздарын тілімен де, жүрегімен де насихаттағанын байқау қиын емес. Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі Иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Әбубәкір Кердері: «Мұсылманшылық кімде жоқ, Тілде барда, ділде жоқ» – деп ар тазалығына негізделген Имани іліміне адал болған. Демек, адамның ішкі жандүниесі сыртқы дүниенің негізі және сыртқы дененің әрекетінің қозғаушы күші. Жаратушының негізгі талаптары – білім үйреніп, өмірдің рухани және материалдық заңдылықтарын игеру, соның негізінде өзіңді жетілдіре отырып, ақиқатты танып білу.

Абай атамыздың

«Жүректiң көзi ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесi.

Iштегi кiрдi қашырса,

Адамның хикмет кеудесi», – дегеніндей осының бәрін орындау білімділікті, сабырлықты, еңбексүйгіштікті қамтамасыз етіп және қоғамға қызмет етуді талап етеді.

Қоғамдағы жат ағымдардың идеологиясына қарсы «Уды у қайтарады» дегендей, алдын алу жұмыстарының ең белсенді әрі ықпалдысы – дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту керек. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі Иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға болады.

Бахтияр АЛПЫСБАЕВ,

облыс әкімдігі дін проблемаларын

зерттеу орталығының инспекторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар