Қанат Тұмарбекұлы 1996 жылдан бері Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылындағы «Дәуіт ата» мешітінің имамы. Өзінің қызметінен бөлек, ол диқаншылықпен де айналысады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, имамдық тек жаназа шығарып, Құран оқумен шектелмейді. Имам қоғам өміріне белсене араласуы керек екен.
– «Ақын болу мақсат емес, адам болу – парыз, молда болу парыз емес, мұсылман болу – парыз» деген сияқты, имам қоғамда бағдаршамға айналғаны жөн. Бүгінгі таңда имамдарға қойылатын талап жоғары. Имам «кісі өлгенде немесе түс көргенде» ғана емес, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүруі керек. Мәселен, көктем шыққанда тал-дарақ егуді ұйымдастыруы қажет. Ауылдың ішкі тәртібін қалыптастыруы да маңызды. Сондықтан да имамның жамағатқа сөзі өтуі үшін, ең алдымен, өзі сауатты болуы тиіс. Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, сөзге шешен адам басқалардан ерекшеленіп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, имам бесаспап болуы шарт. Жұма намазын өткізуге мінберге шыққанда елді елітіп, жамағатты иманға ұйыту, білім нәрімен сусындату, уағызды ақиқаттан алшақтамай айту – азаматтықтың белгісі. «Анау – арам, мынау тозаққа жетелейді» деп елді қорқытып-үркітпей, әр нәрсені даналықпен, парасаттылықпен түсіндіре білсек, аталы сөзді араағайындыққа жаратсақ, қазақ сөзге тоқтайды, жақсының артынан ереді. Құдай қаласа, қазақ елінің болашағы алда, қоғамның түзелуінде, жақсы жаққа өзгеруінде имамдардың да қосар үлесі зор деп білемін, – дейді Қ.Тұмарбекұлы.
Салауатты өмір салтын насихаттауда Қанат Тұмарбекұлы көпке сөзбен емес, іспен үлгі көрсетіп жүр. Ауылдағы спорт кешенінде жастармен бірге аптасына екі рет волейбол, жаз айларында футбол ойнайды. Имамның айтуынша, спорт жастарды жат әдеттерден сақтайды.
Қоғам – адам өмірінің айнасы. Ендеше, қай салада қызмет етсек те айналамыздағы жайттарға бейжай қарамауымыз қажет. Қолымыздан келгенше ізгіліктің дәнін сеуіп, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де барынша пайдалы іс тындырсақ, ең абзалы сол болмақ.
Мақсат ӨТЕШ,
«AR-AI» газетінің штаттан тыс тілшісі,
Байзақ ауданы




