«Kaspi Бонус» – бұл «Kaspi.kz» арқылы төлем жасаған кезде тұтынушыға қайтарылатын ақшалай сыйақы жүйесі. Яғни, «Kaspi QR» немесе «Kaspi Red» арқылы төлем жасағанда, сатып алу сомасының белгілі бір бөлігі бонус түрінде есепке алынады. Жиналған бонустарды кейін «Kaspi.kz» серіктес дүкендерінде төлем құралы ретінде қолдануға болады. Мәселен, 100 000 теңгеге тұрмыстық техника сатып алдыңыз делік. Егер «Kaspi»-дегі бонус мөлшері 5 пайыз болса, сіздің шотыңызға 5 000 теңге бонус түрінде қайта түседі. Бұл қаражатты кейін басқа сатып алуларға жұмсауға немесе жинақ ретінде сақтауға болады.
«Kaspi.kz» қаржы орталығының маманы Лаура Амангелдінің айтуынша, «Kaspi бонус» бағдарламасының ең үлкен артықшылығы – адамдарды үнемі ұтымды сауда жасауға ынталандыру.
– «Kaspi.kz» қосымшасының ең басты артықшылықтарының бірі – ыңғайлылық. Смартфон арқылы бірнеше секунд ішінде кез келген төлемді жасауға болады. Ал «Kaspi Бонус» бағдарламасы осы процесті одан әрі қызықты ете түседі. Себебі адам әр төлемнен кейін кішкене болса да сыйақы алып отырады. Бұл психологиялық тұрғыдан да тиімді. Тұтынушының көңіл күйін көтеріп, оған «жақсы сауда жасадым» деген әсер қалдырады. Нәтижесінде «Kaspi.kz» қосымшасын қолданушылар саны күн сайын артып келеді. «Kaspi Бонус» тек «Kaspi.kz» серіктес дүкендерінде ғана емес, ел бойынша мыңдаған серіктес нүктелерде де жарамды. «Kaspi Бонус» бағдарламасы адамдарды өз қаржысын бақылауға үйретеді. Қосымшада әр төлем, әр сатып алу нақты көрсетіліп тұрады. Көптеген қолданушы бонустарды жай ғана сыйлық ретінде емес, өздерінің шағын жинақ жүйесі ретінде қарастырады. Бірі сол бонустарды мерекелік сыйлықтарға жұмсайды, енді бірі телефон шотын толтыруға пайдаланады. «Kaspi Бонус» бағдарламасы тек қаржылық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Ол қазақстандықтарды қолма-қол ақшадан цифрлық төлемдерге көшуге ынталандырады, – дейді маман.
Көптеген қолданушы «Kaspi Бонус» бағдарламасының шынымен-ақ тиімді екенін айтады. Кейбіреулер жиналған бонустарымен жаңа телефон алса, тіпті тұрмыстық техниканың ақшасын жиналған бонуспен төлегендер де бар екен. Мәселен, Меркі ауданының тұрғыны, екі баланың анасы Асия Убайдуллаева бонус жинап, балаларына қыстық киім сатып алған.
– «Kaspi.kz» қосымшасын пайдаланып жүргеніме биыл 4 жыл болды. Әр төлем кезінде берілетін бонустық акциялар әрбір қолданушы азамат үшін қуаныш екені белгілі. Себебі әр сатып алған затыма аз болса да бонус қайтады. Мысалы, азық-түлік дүкендерінде немесе дәріханада сауда жасаған сайын 100-200 теңгеден бонус түсіп отырады. Басында оған аса мән бермеп едім. Кейін қарасам ай соңында 5-6 мың теңге жиналып қалады екен. Осы ақшаны балаларыма тәтті алуға немесе телефонға бірлік толтыруға жұмсаймын. Тағы бір жақсы тұсы, кейбір дүкендерде бонус пайызы жоғары болады. Мәселен, былтыр бір дүкеннен бірнеше киім алдым. Сол кезде 14 мың теңге бірден шотыма түскен. Ол бонусқа балаларыма киім сатып алғанмын, – дейді Асия Боташқызы.
Алайда бағдарламаның кемшін тұстары жоқ емес. «Kaspi Бонус» шын мәнінде «ақша» сияқты көрінгенімен, ол толыққанды ақша емес. Яғни сіз оны банкоматтан ала алмайсыз немесе басқа адамға тікелей жібере алмайсыз. Тек «Kaspi.kz» серіктес дүкендерінде ғана қолдануға болады. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі дүкендер мен кей базарлардағы саудагерлер «Kaspi QR» қолданбайды, тек қолма-қол ақшамен жұмыс істейді. Сол себепті ондай кезде бонустың пайдасы шамалы.
«Kaspi Бонус» мөлшері көбіне 1-3 пайыз шамасында болады екен. Яғни, арнайы бонустық акциялардан тыс күндері 100 000 теңгеге зат алғанда сізге 1 000-3 000 теңге ғана бонус түседі. Ал егер сіз айына небәрі 50-60 мың теңге жұмсайтын болсаңыз, жиналатын бонус 500-1000 теңгеден аспайды. Сонымен қатар бұл бағдарлама акция кезінде жасалатын маркетингтік қақпанға ұқсайды. «Kaspi.kz» кейде жоғары бонус пайыздарын шектеулі уақытқа ғана және көбіне бағасы көтеріліп кеткен тауарларға ұсынады. Кей тұтынушылар бонусқа қызығып, өзіне қажет емес затты сатып алып жатады. Тағы бір айта кетерлігі, «Kaspi Бонус» бағдарламасында жиналған бонустардың белгілі бір мерзімі болады. Егер сіз ұзақ уақыт пайдаланбасаңыз, кей жағдайларда ол бонустар жойылуы мүмкін. Мысалы, кейбір серіктестерде «жинақталған бонус 3 ай ішінде жұмсалмаса, жарамсыз болады» деген шарттар бар. Көпшілік мұны байқамай, кейін «бонустарым жоғалып кетті» деп шағымданады. Мұнымен қоса кей дүкендер «Kaspi Бонус» бергенімен, оның орнын тауар бағасын аздап көтеру арқылы толтырып отырады.
Яғни, бонустың өзін тұтынушының қалтасынан төлейді. Мысалы, басқа жерде сол тауар 9 000 теңге болса, «Kaspi.kz» серіктес дүкенінде ол 9 500 теңге тұрады, бірақ 5 пайыз бонус беріледі.
Сондықтан кез келген жағдайда тиімділігіне мән берген абзал. Бірі сіз үшін пайдалы болса, енді бірі тіптен тиімді болмауы мүмкін. Сол себепті мұндай акциялардың шарттарын нақты оқып, біліп алған өзіміз үшін жөн болмақ.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



