Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ескі банкноттар айналымнан шыға ма?

Ескі банкноттар айналымнан шыға ма?
Автор
2011 жылы қолданысқа енген 5000 мың теңгелік купюраның айналымнан алынып тастағанына көп болмады. Ел азаматтарының әлі күнге дейін бұл жаңалықтан бейхабар екенін байқап та, көріп те жүрміз. Себебі сауда орталықтарында «Сақ стилінде» жасалған купюраның ғана қолданылатынын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Енді 2011 жылы жасалған 5000 теңгелік купюра енді қолданыста болмайды. Себебі жаңа «Сақ стилі» сериясындағы 5000 теңгелік купюралар 2023 жылдың желтоқсанында шығарылып, 2024 жылдың наурызында жаппай айналымға енгізілген еді. Қыркүйек айында айналымнан алынған ескі ақшаны шалғай ауылдағы ел-жұрт әлі күнге дейін қолданады, сауда орталықтарында жаратады. Ал қалалық жердегі дүкендер мен базарлар, асхана мен арнайы ойын-сауық орталықтары бұл купюра түрін қабылдаудан бас тартып, ескісін жаңа түріне ауыстыру жөнінде кеңес береді.

Әрине бұл ақша айналымнан алынғанымен банк арқылы ауыстырып алуда шектеу жоқ. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл банкноттар бірден жарамсыз болып қалмайды. Себебі параллельді айналымның стандартты мерзімі әдетте 1-2 жыл.

Мұнда алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл купюралар айналымнан бірден алып тасталмайды, олар біртіндеп, жоспар бойынша айналымнан шығады. Банктер жеке және заңды тұлғалардан ескі банкноттарды қабылдап, Ұлттық банктің сақтау қоймасына өткізеді. Тіпті бір жылдан, екі жылдан немесе үш жылдан кейін де кімде ескі 5000 теңге қалса, Ұлттық банктің облыстық филиалдарында оларды сол номиналға айырбастауға болады. Біз ескі ақшаны алып, орнына жаңасын береміз. Бұл жерде ешқандай қиындық жоқ,– деді ол.

Демек Қазақстандағы кез келген банк бөлімшесінде және «Қазпоштада» мұндай айырбастау үш жыл бойы жүргізіледі екен. Ал Ұлттық Банк филиалдарында ескі ақшаны кез келген уақытта, тіпті бірнеше жылдан кейін де айырбастауға болады. Расында жаңа банкноттар қолданысқа енгенімен банктік банкоматтар мен төлем терминалдары ескі купюраны қабылдауда. Яғни бұл төлем құралдарына жүйені өзгертпейінше ескі банкнот қолданыста болады деген сөз.

Ал жаңа 5 мың теңгенің құрылымы, түр-түсі қандай? Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкноты. Ол дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген. Түсі – қызыл-қызғылт сары. Банкноттың бет жағында көкте қалықтап ұшқан құс пен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. V-ІV ғасырлардағы Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы) бейнеленген. ДНҚ спиралы және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы да бар. Сонымен қатар жәдігер-бүркіт фигурасы түріндегі безендіру де (Қорған Талды II, б.д. д. VІІ-VІ ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш пен ептіліктің символы ретінде) бұл банкнот бетінен бой көрсетеді. Ал банкноттың сырт жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан фонындағы бүркіт бейнеленген. Негізгі бейненің артында дөңгелек қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейнеде бірнеше идеялар тоғысқан. Мәселен «Қалқан» – құндылықтарды қорғау болса, ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы, ортасындағы күн белгісі – өмірдің символы екенін көрсетеді. Сондай-ақ банкноттың сырт жағында қанаты жайылған жәдігер-бүркіттің бейнесі орналасқан (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д. д. VІІІ-VІІ ғғ., ШҚО, безендіру элементі, еркіндік пен үйлесімділіктің символы). Банкноттың ортасында Шарын каньонының ландшафты көрінісі орналасқан «шексіздік» қазақтың ою-өрнегінің фон-контуры бар.

Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар