Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздігіне қол жеткізгенімен экономикалық саясатында, әсіресе валюта нарығында рубль аймағына деген тәуелділіктен бірден арыла қоймады. Оның өзіндік себептері бар еді. Ең бастысы КСРО тарап, орнына жаңадан әріптестік аралас-құралас мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымы пайда болғанда мемлекеттер басшылары әзірге аяққа тұрып алғанша рубльдің валюталық аймағында қала тұруға уағдаласқан. Ресей де анау айтқандай қарсылық таныта қоймаған еді. Бірақ, кейін рубль аймағында қалған елдерге КСРО мұрагері ультиматумға пара-пар талап қойды. Яғни, рубльді пайдаланғаны үшін Қазақстан Ресей құрамына субъективті ел болып қайта қосылу керек, оған қоса, үйтіп-бүйтіп жиған-терген бар алтын-валюталық қорын Ресей Орталық банкіне тапсыруы тиіс екен. Анығын айтқанда, олар өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды. Міне, жоғарыда айтқан тәуелсіз Қазақстан алдында тұрған тағдыршешті таңдаудың бірі осы сәт еді. Ол тұста көрші ел жағдайының да оңып тұрғаны шамалы-тын. Рубльдің инфляциялық өсімі 2900 пайыздан асып, сабанға айналған ақшасын жұрт қалтаға емес, қапқа салып жинай бастады. Қысқасы, ұлттық валюталық аймақ қалыптастырып, төл ақшаны айналымға енгізіп жіберуге әсер етуші факторлар табыла кетті. Сөйтіп сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылдың қарашасында дереу Жарлығын шығарып, артынша көпке ұзамай төл теңгеміз дүниеге келді.
Табандылықпен дүниеге келген ұлттық валютамыз – төл теңгеміздің тарихына үңілсек, ресейлік рубльдің аймағынан шығу, ақшаға ат қою, оның дизайнын жасау, купюраларды Англиядан басып шығарып, оны ұшақпен елге жасырын жеткізіп, дәл осындай тәсілмен облыс орталықтарына жөнелту сынды әрқайсысы өз алдына бір төбе үлкен шаруалар атқарылды. Ұлттық валюталық аймақ қалыптастырудың, оны ары қарай алып кетудің соншалықты оңайға соқпағанын бүгінгі буын білуі тиіс.
Жоғарыда айтқанымыздай, теңге шетелде, Англияда басылды. Құндылығы 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ноталардың бірінші партиясын 1997 жылы қызметі тоқтатылған британдық «Харрисон және ұлдары» компаниясы басып шығарды. Сонау Ұлыбританияда басылған теңгенің алғашқы партиясы Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалы ғимаратының жерасты қоймасына әкелініпті. Содан кейін ғана барып еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтілген.
Жалпы теңгенің алғашқы аялдамасы үшін басқа қала емес, Тараздың таңдалуы тегін емес тәрізді. Тарихқа үңілсек, теңге – ежелгі түркі қағанатының қағаз ақшасы, түркі заманында оның номинальды құны 1 ақ тиін терісіне тең болған. Нақтыласақ, тиын кейінірек жасалды. Сом – құйма күміс, ХIV ғасырдан бастап ірі ақша орнына жүрген.
Сауда айырбас құралдары теңге деген атаумен орта ғасырларда Азияның көп елдерінде, орыс князьдіктерінде айналымда болған. 704-766 жылдары Тараз шаһарында соғылып, айналымға енген қола теңгелер Түргеш мемлекетінің қуаттылығын білдіретіні, 1260-1280 жылдар аралығында Орталық Азияның 16-дай шаһарында монета соғатын ақша сарайлары жұмыс істегені жазбаларда айтылады. Олардың қатарында Тараз, Кенже, Жент теңге сарайлары ерекшеленгені де тарих беттерінде қатталып қалған.
Қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Түргеш, Қарахан, Самарқан және Бұхара монеталары, сондай-ақ Тимуридтер монеталары сақталған. Экспозицияда қойылған нумизматикалық жәдігерлер өте бай және бірегей. Түргеш, Қарахан мемлекеті кезеңіндегі тиындар музейге келуші жастардың қызығушылығын арттырып, теңге тарихын білуге, Ұлы Жібек жолы бойындағы сауданың, өңірдің тарихына үңілуге мүмкіндік береді.
Ортағасыр кезеңінде әрбір мемлекет, әр билеуші өз атынан теңге соқтырып отырған көрінеді. Оған Тараздағы археологиялық қазбалар кезінде табылған нумизматикалық жәдігерлер дәлел бола алады. Мысалға 704-766 жылдар аралығында Таразда шығарылған теңгелерде «Түргеш қағанатының теңгесі» немесе «Түркі көк ханның теңгесі» деп жазылған. Бұл тек ру басшысының емес, тұтас мемлекеттің байлығы мен ықпалын көрсететін белгі болды. Сондай-ақ XІ-XII ғасырларда Қарахан мемлекетінің билігі кезінде Тараз өзінің гүлдену кезеңіне жетті. Қала сол уақытта біршама саяси дербестікке ие болып, өз атауларымен монеталар шығарып отырған. Қарахан тиындары «дирхем» және «динар» деген атау алған. Бұл тиынның алтын, күміс, мыс немесе қоладан жасалуымен байланысты.
Тараздың ортағасырда саяси маңыздылығы, әсіресе, XI ғасырдың басында Самарқан мен Қашғардың билеушілері Тараздың әміріне бағынған кезде айқын көрінеді. Бұл саяси күштің негізі қала экономикасының қуаттылығында болды. Ортағасырдағы өркениеттің жақсы дамуы ақша айналымының болуымен тікелей байланысты. Тіпті бұл ХХI ғасырда өмір сүріп жатқан капиталистік мемлекеттердің экономикасының дамуында да үлкен рөл ойнайтыны анық.
Музей қорындағы тиындардың көпшілігі қоладан, мыстан соғылған. Көбіне қалашықтардың, керуен-сарайлардың археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, музей қорына тапсырылған. Өлшемдері де әртүрлі болып келеді және кезеңдеріне қарай әрқайсысында әртүрлі өрнектер, нақыштар, сызықтар, жазулар түсірілген.
Теңге – тәуелсіздіктің экономикалық тірегі, егемендік символы. Теңге әлемдегі ең жас валюталардың бірі болғанымен, терең тарихы бар. Оның тамыры орта ғасырлардан бастау алады, ал Қазақстандағы ақша айналымының бастаулары біздің дәуірімізге дейін пайда болды. Ендеше төл теңгеміз тұғырынан таймай, тәуелсіздігімізбен бірге нығая берсін.
Арайлым ӘСКЕРБЕК
облыстық тарихи-өлкетану музейі
экскурсиялық және көпшілікке қызмет
көрсету бөлімінің экскурсия жетекшісі




