Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жуалыда сүт өнімдері қымбат

Жуалыда сүт өнімдері қымбат
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның қатысуымен брифинг өтті. Брифингте аудан әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Облысымыздың экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып отырған бұл ауданның экономикасы мен әлеуметтік құрылымы түрлі салалардан тұрады және оның дамуы облыс деңгейіндегі көрсеткіштерге айтарлықтай ықпал етеді.

Жуалы ауданы 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге қол жеткізген. Ауданның жалпы өнім көлемі 70,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,1 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 15,8 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 101 пайызға орындалыпты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен электр энергиясын өндіру бағыттарында айтарлықтай өсім байқалған.

Ауылшаруашылық саласында да тұрақты даму бар. Тоғыз айда жалпы өнім көлемі 40,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,7 пайызды көрсетті. Мал және өсімдік шаруашылығы өнімдері де өткен жылмен салыстырғанда едәір артып отыр. Қазір ауданда 51 мың бас ірі қара, 240 мың қой-ешкі, 19 мың жылқы бар. Биылғы қуаңшылық пен жемшөп тапшылығы шаруаларға қиындық тудырғанымен, ет пен сүт өндіру көлемі азайған жоқ.

– Биыл аудан бойынша ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егіс көлемі 95,4 мың гектарды құрады. Бидай, арпа, майлы және көкөніс дақылдарының алқабы өткен жылмен салыстырғанда ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,7 миллард теңгеге жетіп, 22 пайыз өсім тіркелді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,1 миллиард теңге болса, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 12,7 мың шаршы метрді құрады. Сауда саласында да өсім бар, жалпы айналым 8,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға өскен. Жалпы алғанда, Жуалы ауданындағы өнеркәсіп, ауылшаруашылық, құрылыс және сауда салаларының тұрақты өсімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ брифинг барысында журналистер спикерге түрлі сұрақтар қойды. Аудан басшысы өз жауабында әрбір мәселенің мән-жайын түсіндіріп, алдағы жоспарларға қатысты ақпарат берді.

Жуалыдағы сүт өнімін өндіретін зауыт және цехтар халықтың күнделікті өмірінде маңызды орын алады. Соңғы уақытта сүт өнімдерінің бағасының өсуі тұрғындар тарапынан алаңдаушылық тудыруда. Бұл сұраққа жауап берген аудан әкімі бұл мәселені бақылауда ұстап, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар жүзеге асырылатын жеткізді.

Сондай-ақ тұрғындарды газбен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Әкім бұл мәселенің де шешімін табуға күш салатынын айтты. Жуалы бүгінде тұрақты даму жолында екенін, ауыл мен қала тіршілігі үйлесім тауып, жаңа бастамаларға жол ашылатынына сендірді.

                                                                                                       Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар