– Жылыту маусымының жұмысын үйлестіру мақсатында ай сайын штаб отырысы жоспарға сай өткізілуде. Облыс бойынша жалпы 9 негізгі жылу- энергетика кешені және 590 автономды қазандық бар. Осы арқылы 1 855 көпқабатты тұрғын үй мен 1 767 әлеуметтік нысан жылумен тұрақты қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда барлық жылу көздерінде температуралық кестелер сақталған. Отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетіп жатыр. Жалпы, жылыту маусымында отын-энергетика кешендері арқылы бүгінгі күнге дейін 754 мың Гкал жылу энергиясы өндірілді. Отын-энергетика кешендері тарапынан жылыту маусымы кезеңінде 1,2 миллиард текше метр газ тұтыну жоспарланған. Олардың нормативті резервтік мазут қоры 21 мың тоннаны құрайды. Жаңатас қаласы бойынша жоспарлы 12,8 мың тонна мазут жеткізіліп, 9 мың тоннасы тұтынылды. Қазіргі таңда орталық қазандықта 48 тәулікке жеткілікті 3,8 мың тонна мазут қоры бар. Бюджеттік мекемелердің автономды қазандықтары үшін жоспарлы 56,2 мың тонна, тұрғындар үшін 134,9 мың тонна көмір толық қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта өңірдегі теміржол тұйықтарында 6,5 мың тоннаға жуық қатты отын қоры бар, көмір тапшылығы орын алған жоқ. Бір қуанарлығы, жылыту маусымы кезеңінде жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде техногендік сипатта орын алатын авариялық жағдайларға жол берілмеді. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құраса, бүгінгі күнге дейін оның 154 тәулігі өтті. Нормативтік құжаттарға сәйкес сыртқы ауа температурасы соңғы 5 тәулікте +8 0С-тан жоғары болған жағдайда жылыту маусымын аяқтау көзделген. Бұл ретте әдеттегідей 10-15 сәуір аралығында жылыту маусымын аяқтау болжанып отыр. Емдеу, мектепке дейінгі білім беру сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарда өз сұраныстары негізінде жылу беру жалғаса береді, – деді Еркін Оразұлы.
Биылғы жылыту маусымы аяқталысымен барлық отын-энергетика кешендері алдағы 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шараларын бастамақ. Ол үшін тиісті жоспарлы жұмыстар бекітілетін көрінеді. Алдымен жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу, жылу желілерінде жылу қуатын тасымалдау деңгейін тексеру жұмыстары жүргізіледі екен. Сондай-ақ кәсіпорындар қазандықтардың негізгі және қосалқы жабдықтарына түгендеу жұмыстарын атқаратын болады.
– Бүгінгі күнге айқындалған негізгі жұмыстарға тоқталатын болсақ, өткен жылы басталған «Тараз қаласының М-3 жылу магистралын қайта жаңғырту» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасады. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңге қарастырылды. Жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге ұзындығы 12,1 шақырымды құрайтын «Самал», «Алатау» ықшамаудандарындағы ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл жоба келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар 1,8 миллиард теңгеге «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының РК-4 қазандығына қосымша қазан орнату арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өтуде. Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында Тараз және Шу қалаларында 3 жоба іске асырылатын болады. Жалпы 3,027 миллиард теңгеге 5,8 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртудан өтеді. Ұлттық жоба шеңберінде «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 20,6 миллиард теңгеге облыс бойынша ұзындығы 1450,6 шақырым электр желілері мен 4 қосалқы станса қайта жаңғыртудан өткізілетін болады. Қазіргі таңда электронды платформада 15 жоба бойынша конкурс жарияланып, мердігерлер анықталуда. Сондай-ақ Тараз қаласын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы бастау алған 2 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталатын болады. Атап айтқанда, «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған» сияқты тұрғын алаптар мен 28 саяжайды электрмен жабдықтау үшін кернеуі 35/10 кВ қосалқы станса құрылысын аяқтау мақсатында 223,9 миллион теңге қаралды. «Ұлы дала» ықшамауданында кернеуі 110/10 кВ қосалқы станса құрылысын аяқтауға 3,7 миллиард теңге бөлінді, – деді Е.Алтышев.
Жоспарланған бұл іс-шаралар жылыту маусымы кезеңінде облыс тұрғындарын үздіксіз сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Спикердің айтуынша, облыс бойынша жылыту маусымының өту барысы тұрақты бақылауда.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




