Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Екпеден бас тартатын ата-аналар азаймай тұр

Екпеден бас тартатын ата-аналар азаймай тұр
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың қатысуымен брифинг өтті. «Туберкулез ауруының алдын алу» тақырыбында баяндама жасаған спикер қоғам денсаулығын сақтауда профилактикалық екпенің орны ерекше екенін атап өтті. Әсіресе жұқпалы аурулардың ішінде туберкулезге қарсы вакцинация – адам өмірін сақтап қалатын маңызды медициналық шаралардың бірі.

Неили Орынбасарқызының айтуынша, өңірде туберкулездің эпидемиологиялық көрсеткіштері төмендеуде. Соңғы 10 жылдың ішінде облыста туберкулезбен сырқаттанушылық 1,9 есеге, өлім-жітім көрсеткіші 3,6 есеге төмендепті.

– Туберкулезге қарсы екпе бала дүниеге келген алғашқы күндері жүргізіледі. Бұл вакцина сәбиді туберкулездің ауыр түрлері, емделуі қиын және 100 пайыз жағдайда өліммен аяқталатын – туберкулезді менингит және туберкулездің ауыр түрлерінен қорғауға көмектеседі. Облыста жыл сайын 20 мыңға жуық жаңа туған нәрестеге туберкулезге қарсы екпе салынады. 2025 жылы облыста жаңа туған 18 995 бала егілді. Туберкулезге қарсы екпе нәтижесінде ауру көрсеткіштері төмендеп отырғанымен, екпеден бас тартатын ата аналар бар. 2025 жылы туберкулезге қарсы екпеден 202 ата-ана бас тартты. Профилактикалық екпелерден бас тарту арқылы ата-аналар баланы инфекциялардан және оның зардаптарынан қорғау құқығынан айыратынын есте ұстағаны жөн. Әрбір адам дер кезінде профилактикалық тексеруден өтуі және жаңа туған нәрестелердің туберкулезге қарсы екпе алуы қажет, өйткені бұл инфекцияның дер кезінде алдын алудың және сәтті емдеудің кепілі. Көбіне туберкулез өкпені зақымдайтындықтан өкпе туберкулезі деп аталады. Сонымен қатар ағзаның басқа да бөліктерін – ми, сүйек, бүйрек, көз, лимфа бездерін зақымдайды. Ауру белгілері білінбей дамуы да мүмкін, бірақ туберкулезге тән белгілер білінген жағдайда, атап айтқанда, салмақ жоғалту, тершеңдік, жалпы әлсіздік және тез шаршау, 2 аптадан аса жөтел, тәбеттің төмендеуі, кеуде тұсының ауыруы, дене қызуының көтерілуі, қан түкіру пайда болған кезде дәрігерге жедел қаралу керек. Туберкулез бактериялары туберкулезбен ауыратын адамдардың өкпесінде өсіп, көбейеді. Бұл жағдайда қабыну пайда болады, содан кейін тіндер бұзылады, ыдырау аймақтары, миллиондаған бактериялардан тұратын тесіктер пайда болады. Туберкулездің алдын алудың негізгі шаралары – жыл сайын 1 жастан 15 жасқа дейінгі «тәуекел» тобындағы балаларға Манту сынамасын жасау, 15 жастан бастап барлық ересек адамдар тұрақты мекенжайы, оқу және жұмыс орны бойынша флюорографиялық тексеруден өту, – деді Неили Муликова.

Баяндамашының айтуынша, егер адамға туберкулез диагнозы қойылған болса, бұл ауру дер кезінде және дұрыс емделсе, толық жазылатынын есте ұстау қажет. Бақыланбаған, дұрыс емделмеген кезде туберкулез созылмалы, емделмейтін ауруға айналады.

Нұрсая САҒЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар