Облыстық филармония 1960 жылдары концерттік бюро деп аталса, 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік филармониясы болып құрылған. 1996 жылы мекемеге Қазақстанның халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері», артына музыкалық мол мұра қалдырған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген.
– Алпыс жылдан аса тарихы бар өнер ордасының мақсаты – музыка өнерін, Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау, ұлы композитордың бұрын жарияланбаған немесе көпшілікке беймәлім шығармаларын жарыққа шығару. Сол секілді шығармашылық ұжым өнер саласындағы мемлекеттік идеологиялық саясатты енгізу бағытында сахналық, концерттік іс-шаралар, қайырымдылық концерттерді ұйымдастыра отырып, осы заманғы ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүр, әлемдік классикалық шығармаларды насихаттап, дәріптейді. Бүгінде филармонияда 247 қызметкер еңбек етеді. Сонымен қатар өнер мекемесінде «Сүгір» атындағы қазақ-ұлттық аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, камералық оркестр, «Фараб» би театры, «Ғасыр» би ансамблі, орыс-халық ансамблі, «Shaugar» этно-фольклорлық ансамблі, одан басқа жекелеген эстрадалық, академиялық және дәстүрлі әртістер қызмет етеді, – деген Қуатбек Ермекбайұлы келесі кезекте «Ән аға – жан аға» концерттік жобасына егжей тегжейлі тоқталды.
Жоба аясында бүгінге дейін Шымкент, Түркістан, Алматы және Қызылорда қалаларында концерттер ұйымдастырылған. Алдағы уақытта республиканың солтүстік, батыс өңірлерінде концерттер қою жоспарланып отыр екен.
Ал кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, сондай-ақ «Сарын» тобы, Данияр Барыс сынды халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетеді. Концерт 19:00-де басталады.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ



