Биыл облыс көлемінде 2 246 рейд жүргізіліп, 8 414 жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілген. Бала тәрбиесіне салғырттық танытқан 175 отбасы анықталса, заңға қайшы әрекет жасаған 472 жеткіншек профилактикалық есепке алынған. Бұл – жай ғана статистика емес, қоғамдағы тәрбие мен бақылаудың әлсірегенін көрсететін дабыл.
Осы тұрғыда елді дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі – Шу ауданы, Көккайнар ауылындағы қайғылы жағдай. 15 жастағы Мирас есімді бала жоғары сынып оқушыларының қолынан қаза тапты. «Футбол ойыны кезінде болған оқыс жағдай» делінгенімен, жәбірленуші тарап бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Мектеп оқушыларының айтуынша, 11-сынып оқушылары төменгі сыныптардан ақша бопсалап, айтқанын орындамаса ұрып-соғып келген. Қайғылы оқиға орын алған күні де олар 9-10-сынып оқушыларын жинап, қорқытып, Мирасты соққының астына алған. Анасының айтуынша, соңғы күндері ұлының мінезі өзгеріп, тұйықталып кеткен. Сол күні дүкен алдында есінен танып қалған баласын анасы құтқара алмай, көз алдында айырылып қалған.
Қайғылы оқиғадан кейін 5 күдікті анықталғанымен, барлығы бірдей қамауға алынбаған. Халық бұл іс бойынша әділ тергеу мен нақты жауап күтіп отыр.
Мирастың оқиғасынан кейін көп ұзамай Тараз қаласындағы №47 мектептің 9-сынып оқушысы көз жұмды. Үзіліс кезінде қатарласымен сөзге келіп қалған жасөспірім дәретханада өлі күйінде табылды.
Жамбыл облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) негізінде іс қозғалғанын хабарлады.
Бүгінде әлімжеттік тек мектеп дәлізінде емес, интернет кеңістігінде де өріс алып отыр. «Кибербуллинг» ұғымы – әлеуметтік желілерде қорлау, қорқыту, намысқа тию әрекеттерін білдіреді.
11-сынып оқушысы Бибінұр Мәлік осы қорлықтың құрбаны болған. Ол бір жыл бұрын өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын еске алады.
«Сол уақытта өзімді түкке тұрғысыз сезіндім. Кейін анамның қолдауы арқасында бұл сөздердің бәрі бос екенін түсіндім», – дейді Бибінұр.
Мұндай оқиғалар жасөспірімдердің психологиялық саулығына зор соққы болып отыр. Биылдың өзінде облыста 14 суицид фактісі тіркелген. Сарапшылардың мәліметінше, әрбір үшінші бала өмірінде бір рет болса да буллингке ұшырайды.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков өңірде буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу мақсатында үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады.
Облыс әкімінің тапсырмасымен 48 жұмыс тобы құрылып, 445 мектеп пен колледжде түсіндіру шаралары ұйымдастырылған. Сауалнамаға 60 мыңнан астам оқушы мен 7 мыңға жуық студент қатысқан.
Жастар арасындағы озбырлықтың алдын алу үшін облыс көлемінде Бала құқықтарын қорғау басқармасын құру жоспарланып отыр. Оның басты мақсаты – әрбір баланың қауіпсіздігін қадағалау және құқықтарын заңды деңгейде қорғау.
Психолог мамандардың пікірінше, буллингке ұшырайтын балалардың көпшілігі үйде ата-ананың қолдауын сезіне алмайтындар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасындағы мейірім мен ашық әңгіме – баланың мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Үйде жылу таппаған бала мектепте де өзін қорғансыз сезінеді.
Сондықтан әр ата-ана баласының ішкі жандүниесін тыңдай білсе, мұндай қасіреттердің алдын алуға болар еді. «Менің балам жай ғана ерке» деп еркелетудің орнына, дұрыс пен бұрысты үйрету – ең үлкен қамқорлық.
Әлімжеттік пен буллинг – жай ғана тәртіп бұзушылық емес, қоғамның рухани дағдарысының көрінісі. Бүгінгі балалар – ертеңгі елдің болашағы. Олардың өмірі мен құқығын қорғау – тек мектептің немесе полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бір баланың көз жасы – бір ұлттың жүрегіне түскен жара. Сондықтан әрбіріміз «балаға мейіріммен қарау» қағидасын ұстансақ, қоғам да, ұрпақ та ізгіліктің жолына түседі.
Ажар НИЯЗБЕКОВА,
дін проблемаларын зерттеу орталығының діни
экстремизмге қарсы насихат бөлімінің журналисі




