 
                                        Облыстық прокуратура мамандары берген мәліметке сүйенсек, өңірімізде осы жылдың 8 айында 14-35 жас аралығындағы бозбалалардың қатысуымен 963 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген немесе жалпы қылмыс жасағандардың 55 пайызы жастар екен. Жеткіншектерге қатысты анықталған құқықбұзушылықтардың 20-сы аса ауыр қылмыс болса, оның ішінде 9-ы кісі өлтіруге қатысты дерек.
Жаңа оқу жылы бастағалы кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны күрт өскен. Тараз қаласында «Білім күні» мерекесінің соңы үлкен трагедиямен аяқталып, бір жасөспірім төбелес салдарынан қаза тапқаны көптің есінде болар.
– Оқу жылының басынан бері 3 кәмелетке толмаған жасөспірімді өлтіру фактісі тіркелді. Тарқатып айтсақ, осы жылдың 1 қыркүйегінде Тараз қаласы, «Қаратау» ықшамауданында колледж студенті «Н» №51 орта мектептің 9-сынып оқушысын пышақтаған. Дәл осындай оқиға көп ұзамай тағы да қайталанып, 12 қыркүйек күні Шу ауданы, Көкқайнар ауылында бозбалалар арасындағы футбол жарысы да бір жеткіншектің өлімімен аяқталды. 15 қыркүйек күні тағы бір жасөспірім мезгілсіз көз жұмды. Тараз қаласындағы №46 орта мектептің 9-сынып оқушысы «Д» бір оқушыны кеудесінен ұрып, өлім құштырған. Мәселенің өзектілігіне қарамастан білім ошақтары балалардың буллинг, бопсалау секілді құқықбұзушылық жасау фактілерін жасырумен әлек. Мектеп білім алушылары арасында жасалатын жасырын сауалнама да ешқандай оң нәтижесін беріп жатқан жоқ. Сауалнама қорытындысында оқу орындарында жағдайдың тек жақсы екендігі көрсетіледі, – дейді облыстық прокуратура өкілдері.
ЖАМБЫЛ МЕН БАЙЗАҚТА АУДАНДАРЫНДАҒЫ СОТҚАР ҰЛДАР
Көп жағдайда бозбала шақтағы қателік ретінде қабылданатын жеткіншектер арасындағы төбелестер соңғы уақытта жазықсыз жасөспірімдердің қазасымен аяқталып жүр. Осындай жағдайлардың ушығып кетуіне байланысты облыс прокурорының тапсырмасымен облыс әкімдігі, білім басқармасы және облыстық полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, «Арнайы ведомствоаралық мобильді топ» құрды.
Аталған топ жақында Байзақ және Жамбыл аудандарында мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық фактілеріне талдау жүргізді. Зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша жаға ұстатар статистика мен білім саласында орын алған бірқатар кемшіліктер анықталған.
Негізінде ҚР Конституциясының 27-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені айқындалған. Ал «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен білім беру мекемелері балалардың қадағалаусыз және қараусыз қалмауын қамтамасыз етуге міндетті. Алайда жүргізілген талдау мектептерде профилактикалық жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетті. Оқушылар арасында бопсалау, жоғары сыныптардың қысымы, мектепішілік есептің жүргізілмеуі, балаларды сабақтан негізсіз босату және бейнебақылау жүйелерінің істен шығуы сияқты кемшіліктер анықталған.
– Осы жылы Байзақ ауданында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2 фактіден 9 фактіге дейін артқан. Сондай-ақ оларға қатысты құқықбұзушылықтар 14-тен 17-ге дейін көбейген. Өкінішке қарай өз-өзіне қол жұмсау жағдайларында да өсім байқалып отыр, алдыңғы жылы суицид мүлде тіркелмеген болса, биыл 3 өрен өз-өзіне қол жұмсаған. Ал Жамбыл ауданында жоғары сынып оқушылары тарапынан төменгі сынып оқушыларына қысым көрсету салдарынан кәмелетке толмаған жасөспірім суицидке барған. Өкініштісі, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бейнебақылау камералары мен күзет қызметінің де жұмысы көңіл көншітпейді. Сөзімізге дәлел Байзақ ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте 48 камераның төртеуі істемейді. Сол сияқты осы аудандағы №1 мектеп-гимназияда балалардың қауіпсіздігі үшін қойылған 48 камераның 32-сі істен шыққан. Одан бөлек оқушылардың дәретханаға барар жолындағы камера бұлыңғыр және адамдардың бейнесін нақты көрсетпейді. Сонымен қатар осы оқу орнына «Тараз Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен күзетші ретінде бекітілген зейнет жасындағы 64 жастағы Б.Р.Кабылбеков жұмыс орнында болмаған. Бұдан бөлек Байзақ ауданына қарасты Ақшолақ орта мектебінде 32 бейнебақылау камерасы орнатылғанына қарамастан 16-сы істен шыққан және бірде-біреуі жедел басқару орталығына қосылмаған. Жалпы Байзақ ауданы бойынша 1 477 бейнебақылау камерасының 261-і істен шыққан. Облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына 546 бейнебақылау камерасы ғана қосылған, – дейді облыстық прокуратура өкілдері.
Мобильді топ мүшелері зерделеу барысында Жамбыл ауданында 968 бейнебақылау камерасының тек 230-ы облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылғанын анықтаған.
«Білім туралы» Заңға сәйкес (45-бап, 3-тармақ) білім беру ұйымының басшысы оқу-тәрбие процесі кезінде оқушылар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне, сондай-ақ заңда және мемлекеттік стандарттарда белгіленген талаптардың орындалуына жауап береді. Ал осы заңның 48-бабының 6-тармақшасы білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеудің қауіпсіз әрі салауатты жағдайын қамтамасыз ету міндетін тікелей басшылардың жауапкершілігіне жүктейді.
Осы орайда мобильді топ мүшелері Байзақ және Жамбыл аудандарында 8-11-сыныптарда оқитын 9 мыңнан астам оқушыдан буллинг, бопсалау, қорқыту, қорлау, қисынсыз тиісу фактілерін анықтау мақсатында жасырын сауалнама алған. Сауалнама қорытындысы бірқатар мектепте оқушылар арасында буллинг, қорқыту және тағы да басқа фактілердің бар екендігін көрсеткен. Одан бөлек, жекелеген мектептерде «бейресми» көшбасшылардың мектеп оқушыларына ықпал ету фактілеріне жол берілетіндігін көрсетуде. Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда 16 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан психолог Д.Р.Шағалиева жүргізген бұдан бұрынғы сауалнама нәтижесінде оқу орнындағы оқушылар арасында ешқандай буллинг және басқа да әлімжеттік деректері анықталмаған. Бірақ топ жүргізген сауалнама нәтижесімен 8-11-сынып оқушылары арасында әлімжетік және буллинг көрсетудің 18 фактісі анықталған. Сонымен бірге оқушылардан алынған жасырын сауалнамалар кезінде осы оқу орнында 10 «бейресми» көшбасшының бар екендігі белгілі болған.
Сауалнама алу кезінде Жамбыл ауданындағы Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы әлімжеттік пен буллинг фактілері туралы хабарлаған. Сонымен қатар Байзақ ауданына қарасты Ю.Гагарин атындағы орта мектепте оқушылар арасында бопсалау және «бейресми» көшбасшылардың бар екені анықталған. Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның 8-10-сынып оқушылары қорқыту, бопсалау және буллингтің 23 фактісін, Байзақ ауданындағы Үлгілі орта мектебінің оқушылары бопсалау, қорқыту және тыйым салынған заттарды қолданудың 5 фактісін хабарлаған.
Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 3 наурыздағы «Білім беру ұйымдарында мектепішілік есепке алуды жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» №61 бұйрығына сәйкес, отбасындағы жайсыз жағдай, қадағалаусыздық, панасыздық, қаңғыбастық немесе қайыршылық жағдайында өмір сүретін оқушылар міндетті түрде мектепішілік есепке алынады. Алайда Байзақ ауданы білім бөліміне қарасты Ақшолақ орта мектебіндегі 7 кәмелетке толмаған өреннің сенімхат негізінде ата-әже мен жеңгелері секілді әртүрлі туыстарымен тәрбиеленіп жатқаны белгілі болыпты. Дейтұрғанмен мектеп әкімшілігі балаларды отбасындағы жайсыздықтар мен қадағалаусыздық санатына енгізбеген. Мектепішілік есепке алмаған және уәкілетті органдарды хабардар етпеген, сәйкесінше әрекетсіздік танытқан.
– Сол секілді «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 70-бабының 2-бөлігіне сәйкес ата-аналар өз баласын тәрбиелеуге міндетті. Кез келген бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету, заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыру үшін жауаптылықта болады. Дейтұрғанмен, Ақшолақ орта мектебінің 11-сынып оқушылары оқу процесі кезінде Тараз қаласындағы қосымшаларға барған. Бірақ олар сабаққа қатыспағаны туралы белгі қойылмаған және ешбір бұйрық шығарылмаған, ата-аналары тарапынан ресми өтініш түспеген. Аталған ақпарат сынып жетекшісінің түсініктемесімен расталады. Өз кезегінде білім беру ұйымының басшысы Г.Мұраталиева тиісінше қадағалау жүргізбеген, міндеттеріне салғырттықпен қараған. Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы №1 орта мектептің әкімшілігі оқушылардың оқу процесі барысында қайда жүргенінен бейхабар болған. Атап айтқанда, мектеп директорының құқық жөніндегі орынбасары 25.09.2025 жылы тек 4 оқушының сырқаттануына байланысты сабақта болмауын көрсетті. Дегенмен, оқушылардан сауалнама алу барысында осы мектептің 9 «А» сыныбында 5 оқушының, 8 «А» сыныбында 3 оқушының, 8 «Ә» сыныбында 2 оқушының жоқ екендігі анықталды. Сол сияқты 26.09.2025 жылы сағат 12.20-да Жамбыл ауданындағы №6 орта мектепте оқитын 11-сыныптың оқушылары (барлығы 5 оқушы) сабақ уақыты болғанына қарамастан мектепте жоқ болған. Директордың түсініктемесіне сәйкес кезекші мұғалімдер оқушылардың мектептен шығып кеткенін байқамаған. Ал 11-сыныптарға сабақ өткізуі қажет пән мұғалімі және директордың орынбасарлары оқушыларды іздеу бойынша тиісті шаралар жүргізбеген. 11-сынып оқушыларының мектепте жоқ екені тек топ мүшелері келгеннен кейін ғана анықталып, олардың жүрген жерлері анықталды. Бұдан бөлек, 9-сыныптың 1 оқушысы сабақ уақытысында ауырып қайтып кеткен. Бұл туралы директор мен оның орынбасарлары да бейхабар болған. Ал 08.09.2025 жылы Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы З.Абдрасилова «Аудандық ұлттық мектеп лигасы» жарысын өткізу туралы №392 бұйрық шығарған. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры Г.Оразалиева 5 оқушының бұл іс-шараға қатысуы бойынша бұйрық шығармаған. Ал оқушылар сол күні аталған жарыста болып, сабақтан себепсіз қалған. Сол секілді Байзақ ауданында 22.09.2025 жылы Н.Амангелді деген бір жас азамат өзінің басқаруындағы «Mitsubishi Montera» маркалы автокөлігімен және жолаушылары, яғни өзінің таныстары 2002 жылы туған Д.Бақтыбаев және 2009 жылы туған «Даму High School» 11-сынып оқушысы А, сондай-ақ Бурыл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Е-мен бірге Д.Қонаев көшесінің бойында Ә.Сарсенбиевтің басқаруындағы «Hyundai Sonata» маркалы автокөлігін Көктал ауылынан шыға беріс жерде қысып тоқтатқан. Ә.Сәрсенбиев автокөліктен түсе берген сәтте Н.Амангелді жәбірленушінің бет тұсынан бірнеше мәрте соққы жасап, жерге құлатып, аяғымен теуіп дене жарақатын келтірген. Одан әрі Н.Амангелді Ә.Сәрсенбиевтің автокөлігінің кілтін тартып алып, өзімен бірге болған кәмелетке толмаған А-ға беріп, оған зардап шегушінің автокөлігін ауылдың шетіне апаруды тапсырған. Бұл факт бойынша Байзақ аудандық полиция бөлімі арқылы Қылмыстық кодекстің 200-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, кәмелетке толмаған «А» күдікті ретінде танылған. Одан бөлек, кәмелетке толмаған «Е» және «А»-ның Бурыл ауылдық округінде ешбір құжатсыз көлік басқарғандары анықталды. Тергеп-тексеру барысында Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің 2-курс студент Н.Төлендінің де түнгі уақытта оқиға болған аумақта жүргені анықталған. Алайда жасөспірім Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен айыпталып, Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігімен жауаптылықтан босатылған, – дейді топ мүшелері талдау жұмыстарының нәтижесімен бөлісіп.
Өкініштісі топ мүшелері анықтағандай Байзақ аудандық білім бөлімінің, оның ішінде Бурыл орта мектебі әкімшілігінің тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу, белсенді оқушыларды анықтау, оқушылардың сапалы білім алуына кедергі келтіретін жағдайларды жою бойынша ешқандай жұмыстар атқарылмаған. Сонымен қатар жауапты қызметкерлер мен басшылар бағынысты білім беру мекемелеріндегі профилактикалық, психологиялық және тәрбиелік жұмыстарды тиісті деңгейде үйлестірмеген. Оған қоса мектеп әкімшілігімен аталған кәмелетке толмағандардың қылмысқа бейім екендігі мерзімінде анықталмаған. Соның салдарынан олар аудандық полиция бөлімінің есебіне алынбай, назардан тыс қалған.
ЖЕТКІНШЕКТЕРГІ ӨЛІМГЕ ИТЕРМЕЛЕУГЕ НЕ СЕБЕП?
Ең сорақысы өңірімізде өз-өзін өлімге қиып жатқан жеткіншектер саны да артып барады. Облыс көлемінде биыл кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 14 фактісі тіркелген. Өткен жылы дәл осындай 7 дерек тіркелген. Оның ішінде бір ғана Байзақ ауданында екі өрен өмірімен қош айтысуды таңдаған.
– Тек қыркүйек айының өзінде Тараз қаласы және Талас ауданында жасөспірімдер арасындағы суицидтің 2 жағдайы тіркелді. 23 қыркүйек күні Тараз қаласы, «Родничок» саяжайында 2011 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл оқиға кездейсоқ болмаған. Осыған дейін жасөспірім бірнеше рет медициналық мекемеге жүгініп, көз алдына елестер көрінетіні, басының ауыратыны және қызу мінезді болатыны туралы шағымданған. Тараз қалалық №5 емханада психиатр оған «аралас мазасыздық-депрессиялық бұзылыс» диагнозын қойып, тиісті ем тағайындаған. Алайда мектеп әкімшілігі мен психолог бұл жағдайдан хабарсыз болған. Баланың мінезіндегі өзгерістер оқу жылының басынан бері еленбеген.
Мобильді топ арнайы талдау жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдерге қатысты бірнеше құқықбұзушылық фактісі анықталған Жамбыл ауданында да жеткіншектерге қатысты суицид дерегі тіркеліп отыр. Тастөбе ауылында кәмелетке толмаған И-дің қора ішінде асылып, қайтыс болғаны анықталған. Прокуратураның қабылдаған шараларының нәтижесінде бұл суицидтің нақты себептері ретінде Тастөбе ауылындағы «бейресми» көшбасшылар тарапынан ұрып-соғу және жұмыс істеуге мәжбүрлеу фактілері анықталған, – деген облыстық прокуротура өкілдері.
Осы орайда біз Жамбыл және Байзақ ауданындарында жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанын білу мақсатында аудан әкімдерінің орынбасарларына хабарласқан едік.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова статистика бойынша ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі төмендегенін айтады.
– Өткен жылы жасөспірімдер арасында 3 қылмыс дерегі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш бір жағдаймен шектелген. Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны да азайып отыр, 2024 жылы 8 дерек болса, биыл 4 факт орын алған. Аудандар бөлінісі бойынша кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс саны артқан өңірлердің қатарында Байзақ, Меркі, Шу, Қордай және Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы бар. Сол себепті Жамбыл ауданын жасөспірімдер арасында жиі құқықбұзушылық орын алатын өңірлер қатарына қосуға негіз жоқ. Өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, қазір жағдай күрделеніп кетті. Біз бұл бағытта күн сайын күрес жүргізіп, әрбір көрсеткіш үшін еңбек етіп жатырмыз, – дейді Мақпал Саматқызы.
Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов та аймақта жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмауға бағытталған шаралар тиісті деңгейде атқарылып жатқанын жеткізді.
– Жалпы Байзақ ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында құзыретті органдар өз өкілеттігі шеңберінде тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Ауданда жасөспірімдер арасындағы суицид пен құқықбұзушылық деректері жиі тіркеліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Десе де, жауапты тұлғалар да өз міндетіне салғырт қарамай ата-аналардың және құқық қорғау органдарының қатысуымен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, заң шеңберінде түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мектептерде, колледждерде және ауылдық округтерде жасөспірімдермен психологиялық тренингтер, акциялар мен кеңестер ұйымдастырылуда, – дейді Р.Қасымов.
БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ НЕ ДЕЙДІ?
Соңғы уақыттарда балалар арасындағы қылмыс пен суицид фактілерінің жиілеуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бастаған топ облысымызға арнайы келіп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталған.
Зерделеу барысында облыста балаларға қарсы жасалған қылмыстардың жазасыз қалуы және мектептердегі оқушылар арасындағы буллинг жағдайларына немқұрайды қарау әлі де өткір мәселе болып отырғаны белгілі болды. Мәселен, анонимді сауалнама кезінде Шу ауданындағы мектептердің 9-сынып оқушылары ақша бопсалау, электрошокер мен кастет қолдану жағдайлары жиі болатынын, қыз балалар жыныстық зорлықтан қорқатынын жазған. Қордай ауданында жоғары сынып оқушыларының кіші сыныптарға қысым көрсетуі, азық-түлік пен сусын алдыру, ұрып-соғу сияқты әрекеттер тіркелген. Кей мектептерде мұғалімдердің өздері тарапынан да буллинг фактілері болған.
Сол секілді Байзақ және Жамбыл аудандарындағы мектептерде арнайы ведомствоаралық мобильді топтың жұмысы нәтижесінде 200-ден астам буллинг пен бопсалау фактілері анықталған.
Уәкілдің айтуынша, оқушылар тарапынан түскен шағымдарға тиісті шара қолданылмаған. Мәселен, Тараз қаласында дәретханада көз жұмған оқушы оқиғасына дейін мектепте буллинг пен қысым көрсету туралы хабар болғанына қарамастан, тиісті жұмыс жүргізілмеген.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл келтірген мысалдар бойынша, кей жағдайларда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды полиция қызметкерлері қорғай алмаған. Мысалы, 8 жастағы қыздың өгей әкесінен көрген зорлық дерегі дәлелденсе де, іс тоқтатылған. Тағы бір жағдайда, 4-сынып оқушысы өгей әкесінің қорлауына шағымданғанымен, полиция тек қорғау нұсқамасын беріп, баланы үйде қалдырған. Мұндай істер кейін уәкілдің араласуымен ғана қайта қаралған.
Жалпы облыс бойынша балаларға қатысты істердің тек 29 пайызы ғана сотқа жеткен. Бұл көрсеткіш тергеудің толық жүргізілмеуі мен жауапты қызметкерлердің салғырттығына байланысты. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың жұмысы да күрделі, облыста бар болғаны 15 қызметтік көлікке 154 инспектор бөлінген. Сондықтан ауылдарға кей инспекторлар өз қаражаты есебінен қатынайды екен.
Мемлекет басшысы әсіресе өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударып отыр. Соңғы екі жылда қабылданған заңдар мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтиже беруі тиіс. Осы мақсатта анықталған жүйелі мәселелер бойынша Президент Әкімшілігі, орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ







