Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Суқоймалар жөнделсе, сыйымдылығы артады

Суқоймалар жөнделсе, сыйымдылығы артады
А.Қартабай
Ауылшаруашылығы саласын өркендетуде сушаруашылығының да алатын орны ерекше. Асыраушы саланы алға жылжытамыз десек, ең әуелі судың қадірін білуіміз керек. Соңғы жылдары диқандар үшін ағын су қат болып, жаздың ортасында өзен-көлдердің аңқасы кеуіп, диқандарға су жетпей жататыны жасырын емес.

Қыстай тау біткеннің басына оранған ақ қар мен көк мұз көктем шыға еріп, жауын-шашыннан пайда болған қызыл су мен қарғын су сай-саланы қуалай ағып, арқырап келіп арнаға құйылғанда өзендерді еріксіз тулататын. Өзендер арнасынан асып, еңіске қарай қашқан су етектегі елдің мазасын алса, шілденің шіліңгірінде ауыз жарымайтын ағын су жылай ағып, баяу жылжитыны да жылдағы көрініс. Оның белгілі бір пайызы буға айналуы, одан қалғанының егіс алқабына жеткенше жерге сіңіп кетуі секілді жайттар қолда бар суды дұрыс басқаруды қажет ететіндей. Дегенмен бұл мәселені шешу ескерілмей жатқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу өңірде шетінен қолға алына бастады. Өйткені жердің астындағы да, үстіндегі де суды халық игілігіне жарату үшін қыруар жұмысты жүзеге асыру міндет. Мысалы, облыста КСРО дәуірінде жерасты суын пайдалануда қазылған ұңғымаларды зерттеу, оның қайсысы малшаруашылығы, қайсысы егіншаруашылығы бағытына қолданылғаны анықталып, оларды сусорғы орнату арқылы қайта әжетке жарату жұмыстарының жүзеге асуы соның көрінісі. Сонымен қатар арықпен суарылатын алқаптарға тамшылатып немесе жаңбырлатып суару тәсілдерін қолданудың ауқымын кеңейту суды үнемдеуге барынша күш салынып жатқанын айғақтайды. Жыл сайын қара күзден көктемге дейін өзендер мен каналдардың табанын тазалау, жағалауын нығайту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Су жүйелерін қалыпқа келтіріп, суқоймалар мен бөгеттердің сыйымдылығын арттыру, беріктігін нығайту, шлюздерді жөндеу маңызды істің ұдайы назарда тұрғанын аңғартады.

Облыста сушаруашылығы саласында жұмыс істеп тұрған бірнеше мекеме бар. Әрқайсысы өз бағытымен өңірдің ауылшаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Оның бірі өңірдегі өзен-көлдер мен каналдардың жағдайын бақыласа, енді бірі суқоймалар мен бөгеттердің қауіпсіздігін қадағалайды. Солардың бірі – «Жамбыл су қоймалары» мекемесі. Мұнда 80-нен астам адам қызмет атқарады. Негізгі міндеті – облыс аумағындағы суқоймалары мен бөгеттердің ахуалын бақылау, жөндеу жұмыстарын жүргізу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мекеме арнайы техникаларымен жабдықталған, сондықтан қажет болған жағдайда бөгеттерді бекітіп, су өткізу жүйесін қалпына келтіру жұмыстарына уақытында кірісе алады. Қазір «Жамбыл су қоймаларының» теңгерімінде барлығы 113 су нысаны бар екен. Оның 75-і суқоймасы, ал 38-і – бөгет. Бұл нысандар облыстың аудандарында орналасқан бөлімшелер арқылы бақыланады. Мысалы, «Жамбыл-Жуалы» бөлімшесінде – 32, «Байзақта» – 29, «Талас-Сарысу» бөлімшесінде – 16, «Меркі-Т.Рысқұловта» – 28, ал «Қордай-Шу-Мойынқұм» бағытында 8 суқойма мен бөгет бар.

– Облыстағы суқоймаларының жалпы сыйымдылығы шамамен 137 миллион текше метрді құрайды. Бұл дегеніміз айтарлықтай үлкен қор. Бірақ оның бәрі бірдей толып тұрған жоқ. 2025 жылғы егіс маусымына 117 миллион текше метр су жинау жоспарланғанымен, іс жүзінде 82 миллион текше метр шамасында ғана су жиналды. Яғни жоспардың тек 70 пайызы орындалды. Сондықтан кейбір егістікке су аз жетті. Қазір осы мәселені шешу үшін түрлі шаралар қолға алынуда. «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің қарамағындағы суқоймалары арқылы ылғалдандырылатын 10 мың гектардан аса егістік жер бар. Сондықтан аталған егіс алқаптарына су жеткізу тікелей біздің мекеменің жұмысына байланысты. Соңғы жылдары су нысандарын ретке келтіру бағытында біраз іс тындырылды. 2021 жылдан бері Жол картасы аясында 31 суқоймаға мердігер ұйымдар арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, мекеменің өз күшімен 34 суқойма мен 3 канал бөлігі жөнделген. Яғни жұмыс тек қағаз жүзінде емес, нақты іспен атқарылып жатыр. 2022-2024 жылдары аралығында 30 суқоймаға көпфакторлы тексеру (зерделеу) жұмыстары да жүргізілді. Осы арқылы әр қойманың техникалық жағдайы, су ұстау қабілеті, қауіпсіздігі егжей-тегжейлі зерттелді. Ал биыл өкінішке қарай осындай жұмыстарды жалғастыруға қаржы бөлінген жоқ. Десе де облыстағы суқоймалар біртіндеп реттеліп келеді. Мәселен, 2025 жылы облыста 11 суқоймасы жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Бұл мақсатқа 92,882 миллион теңге қарастырылды. Осы нысандардың алтауы бойынша нақты қаражат та белгіленіп, бюджетке өтінім берілген. Сонымен қатар 23 суайдынға жөндеу жүргізу үшін сметалық құжаттар дайындалып, келісімшарттар жасалды. Бұл тізімге «Майбұлақ», «Бөгет-4», «Рахат», «Көктөбе-2», «Кеңес-4», «Шаповаловское-1», «Крепость», «Рисовое», «Пионер», «Майтөбе», «Юбилейное», «Базарбай-1», «Базарбай-2», «Бұланбай», «Тамды», «Қарақайнар», «Сасықбай», «Богара-2», «Сарыбалдақ», «Шілік», «Аспара-1», «Ақермен-2», «Бәйтелі» суайдыны кіреді. Сондай-ақ мекеме теңгеріміндегі Жуалы ауданындағы «Дарбаза», Меркідегі «Ленин жолы», «Кеңес», Таластағы «Тамды», «Ойық», «Қазақбай», Шу ауданындағы «Ақсу» каналдарына құлақтандыру жүйесін орнату қажет болған. Алайда, штаттық бірліктің мәселесі шешілгенімен, құлақтандыру жүйелерін орнату үшін қомақты қаржы қажет болғандықтан, қаражат бөлу мәселесі әзірге шешімін таппай отыр – дейді «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің директоры Бауыржан Ибрагимов.

Бауыржан Бекмахамбетұлының айтуынша, «Әбдірасіл», «Дулатбай», «Көкішкөл», «Қаратас», «Көлтоған» қоймаларына 30 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 6,7 миллион теңге жұмсалыпты. Мекеменің өз күшімен «Базарбай-1», «Базарбай-2», «Юбилейное» суқоймаларына жасалынған сметалық құжаттамадағы көрсетілген жұмыстарға сәйкес осы су жүйелерінің дамбылары күшейтіліпті. Апатты су лақтырғышы жөнделіп, 100 метр арықтары тереңдетіліп, қоқыстан аршылып, тазаланған екен. «Көктал», «Крепость», «Райымбек», «Рисовое» суқоймаларының шығыс су қашыртқыларын жаңарту жұмыстары, «Шаповаловское-1» суқоймасында дамбасын нығайту жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар мекеменің өз күшімен «Юбилейное», «Пионер» суқоймаларының дамбасын кеңейте отырып, нығайту, шлюздерін орнату, бетон жұмыстары жүргізіліп, аяқталған.

Талас ауданында орналасқан «Майтөбе» суқоймасына мекеме өз күшімен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 132 метр болатын дамбасының ішкі жақтауы толығымен бетондалған.

Міне, өңірде суқоймаларын күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстары осылай жүйелі түрде жүріп жатыр. Әр аудан өз аймағындағы нысандарды ретке келтіру арқылы ауылшаруашылығына серпін беруде. Көктемгі тасқыннан бастап, жазғы суару маусымына дейінгі әр кезең жіті бақылауда. Бір анығы қоймалар уақытылы жөнделіп, каналдар тазаланған сайын егістікке су молырақ жетіп, шаруаның еңбегі ақталатыны даусыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар