 
                                        ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ
Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, жылдың 9 айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы көңіл көншітерлік жағдайда.
– Жалпы өңірлік өнім көлемі 1 триллион 550 миллиард теңгеден асты. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 7,9 пайызға ұлғайған. Облыстың нәтижесі ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары қарқынмен дамуда. Бұл ретте өнеркәсіп саласын ерекше атап өтуге болады. Биыл тоғыз айда 967 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі жақсы өсім көрсетіп, оның көлемі 609 миллиард теңгеге жетті. Бұған қаржыны тек шикізатқа бағыттамай, дайын өнім өндіруге бет бұрудың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Ауылшаруашылығы саласында да ілгерілеу бар. Аталған сала бойынша жалпы өнім көлемі 363 миллиард теңгені құрады. Өсімдікшаруашылығында өнім 214 миллиард теңгеге жетсе, малшаруашылығында көрсеткіш 148 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдан шамамен 3 пайызға жоғары. Инвестиция тарту бойынша да жақсы нәтиже көрсетіп отырмыз. Облысқа 491 миллиард теңге көлемінде қаржы құйылды. Былтырғы тиісті кезеңге қарағанда бұл 39 пайызға көп. Бұл облыста жаңа жобалар жүзеге асып жатқанын айғақтайды. Құрылыс саласында да жұмыс қарқынды. 254 миллиард теңгенің құрылысы жүргізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 16,5 пайыз өсім байқалды. Биылдың өзінде 522 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сауда саласында айналым 752 миллиард теңгені құрады. Өсу қарқыны бірқалыпты болғанымен, ішкі нарық тұрақтылығын сақтап тұр. Көлік және қоймалау қызметі де көңілден шығатындай жағдайда. Тоғыз айда 469 миллиард теңгенің қызметі көрсетілді. Ал байланыс саласында 9,4 миллиард теңгенің қызметі атқарылып, былтырғымен салыстырғанда 9 пайыз өсім байқалды. Баға деңгейіне келсек, тұтыну бағалары жыл басынан бері 9 пайызға өскен. Бұл ретте нәтиже ел бойынша орташа көрсеткіштен сәл төмен қалыптасып отыр, – дейді Сандуғаш Ермаханқызы.
Айта кету керек, облыс экономикасының дамуына облыс орталығы – Тараз қаласының да қосып отырған үлесі зор. Әсіресе шаһардағы құрылыс қарқынынан Тараз қаласының соңғы жылдары жедел дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Қалада түрлі әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделіп, тұрғын үйлердің қасбеттері жаңарып жатыр. Қалада жаңа ықшамаудандар саны көбейіп жатқандықтан билік халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған игі істердің көрініс табуына барынша басымдық беруде.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, «Балауса», «Шапағат» және «Ұлы дала» ықшамаудандарында көпқабатты тұрғын үйлердің бой көтеруі қаладағы баспанаға мұқтаж 23 мыңға жуық адамның мәселесін реттеу үшін қолға алыныпты. Өткен жылы қала аумағында 50 үйдің құрылысы басталса, биыл бұл көрсеткіш артып, 60 үй салынуда. Оның 22-сі «Ұлы далада», 16-сы «Шапағатта», ал 22-сі «Балаусада» бой көтеруде. Жыл соңына дейін барлығы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл басынан бері 216 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілген. Сонымен қатар 3,8 миллиард теңгеге нарықтан қосымша 266 пәтер сатып алу көзделген.
Жаңадан бой көтеріп жатқан «Балауса» ықшамауданында 145 үй салынбақ. Мұнда әлеуметтік үйлермен қатар нарық талабына сай коммерциялық нысандар да тұрғызылмақ. Сондай-ақ Талас өзенінің жағасында 9 және 12 қабатты жаңа үйлер бой көтеруде. Бұл аумақта мектеп, балабақша, емхана және үлкен концерт залы да қарастырылған. Бұрынғы кемшіліктер ескеріліп, әр үйдің сыртқы келбеті мен ішкі бөлмелеріне дейін қайта пысықталған екен. Енді үйлердің сапасы да, сыртқы келбеті де бұрынғыдан өзгеше болмақ. Қаланың жаңа бейнесін қалыптастыру осылай қолға алыныпты.
– «Балауса» ықшамауданында салынып жатқан тұрғын үйлерде халықтың түрлі тобының жағдайы ескерілген. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін әр кіреберісте арнайы жеделсатылар орнатылады. Мұнда төрт бөлмелі пәтерлер де қарастырылған. Бұрын көпбалалы аналарға көбіне үш бөлмелі пәтер берілетін. Енді кеңдеу, жайлы пәтерлер ұсынуға мүмкіндік туды. Үйлердің сапасына айрықша мән беріп отырмыз. Әр пәтерде екі дәретхана мен екі жуыну бөлмесі бар. Құрылыста қолданылып жатқан материалдар да жоғары сапалы. Бұрын тұрғындар айтқан ескертпелер назардан тыс қалмады. Өткен жылы жертөлелерді тиімді пайдалану бойынша жаңа жоба бастағанбыз. Соның негізінде енді әр пәтердің жеке қоймасы болады. Тұрғындар артық заттарын сонда сақтай алады. Бұл игі іс сұранысқа сай жүзеге асуда. «Балауса» ықшамауданын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары да басты назарда. Балаларға арналған ойын алаңдары, спорттық және футбол алаңшалары салынуда. Бұрын тұрғындар тарапынан «Балалар ойнайтын жер жоқ, спорт алаңы керек» деген өтініш көп түсетін. Енді ондай мәселе туындамайды. Бұл нысандардың бәрі жобада толық қамтылған. Жаңа ықшамаудандағы үйлер әлеуметтік санатқа жатады. Пәтердің шаршы метрі 248 мың теңгеден есептелген. Қаладағы нарықтық баға шамамен 350 мың теңге екенін ескерсек, бұл кезекте тұрған азаматтарға едәуір қолайлы мүмкіндік. Соңғы үш жылда Тараз қаласында жол жөндеу жұмыстары да ерекше қарқын алды. Осы уақыт ішінде 420 көше асфальтталды. Соның ішінде «Бурыл» және «Барысхан» тұрғын алаптарында да жолдар толық жөнделген. «Барысхан» тұрғын алабында бүгінде 5 мыңға жуық адам тұрады. Бұрын бұл маңда асфальт пен жарық болмаған. Сондықтан тұрғындар жиі шағым айтатын. Қазір 24 көшенің бәріне асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше шамдары орнатылды. Қоғамдық көлік те ретке келді. №9 және №29 бағыттағы автобустар үздіксіз қатынауда. Қазір бұл аумақты көгалдандыру жұмысы қолға алынды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында апта сайын сенбіліктер өткізіледі. Алдағы демалыс күні тұрғындармен бірлесе отырып, 5 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Әр көшенің бойындағы егілген ағаштарға жергілікті тұрғындар өздері күтім жасайтын болады, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бір айта кетер жайт, «Барысхан» тұрғын алабында талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелер болған. Бірақ қала әкімі Бақытжан Орынбеков келгеннен кейін көп ұзамай мұндағы жағдай өзгерді. Уәде еткен жұмыстар орындалып, түйткілдердің түйіні жүйелі тарқатылып, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды. Аталған тұрғын алқаптағы Сүйінбай көшесінің тұрғыны Мықтыбек Тәукебаев та осыны растайды. Ол: «Бұрын жолдың шұрық-тесігінен көлікпен жүру мүмкін болмайтын. Қазір бәрі тегіс, жарықшамдар да орнатылды. Сүйінбай көшесіне де асфальт төселді. Қала басшылығының біздің мәселемізді шешіп бергені көңіл қуантады», – дейді.
Тараз қаласының басқа да шеткі аумақтары назардан тыс қалған жоқ. Соның бірі – «Тектұрмас» тұрғын алабы. Мұнда да көп жылдан бері тұрғындар көтеріп жүрген мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінде «Тектұрмаста» 134 отбасы, шамамен 500 адам тұрады. Тұрғын алапта соңғы екі жылда айтарлықтай шаруа атқарылған. 2023 жылы газ және су құбыры тартылып, тұрғындар толықтай көгілдір отын мен ауызсуға қол жеткізген. Көшелер жарықтандырылып, жолдары асфальтталды. Барлық шаруа тұрғындардың қатысуымен, ақылдаса отырып шешілген.
Шаһарда қоғамдық көлік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы жаңа бағыттар ашылып, тұрғындардың діттеген жеріне жетуі жеңілдеді. Қала әкімі жыл соңына дейін тағы 60-қа жуық жаңа автобус келетінін, соның есебінен қоғамдық көлік қызметі де жақсаратынын айтады.
«Қарасай» тұрғын алабында да соңғы уақытта үлкен өзгерістер байқалады. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жол секторының меңгерушісі Дамир Аймановтың айтуынша, биыл «Қарасайда» 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 13 шақырымнан астам жол тегістеліпті. Тұрғындардың өтінішін дер кезінде орындау үшін бөлінген қаржы толығымен игеріліп, жұмыстар жоспарға сай аяқталыпты.
Бұдан бөлек, қаладағы көлік қатынасын жеңілдету үшін Асанбай Асқаров көшесін «Ұлы дала» ықшамауданымен байланыстыратын жаңа көпір салынған болатын. Құрылысына 200 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған нысан қазір толық пайдалануға берілген. Ұзындығы 25 метрлік көпірдің үстімен көлік жолы өтсе, екі жағында жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жол бар. Бұрын бұл бағытта көпір болмағандықтан, тұрғындар айналма жолмен жүруге мәжбүр еді. Енді қозғалыс әлдеқайда ыңғайлы және қауіпсіз болып отыр. Жарты жыл ішінде салынған көпір тұрғындардың сұранысы бойынша жүзеге асқан жоба екенін айта кетуіміз керек.
Жалпы алғанда соңғы жылдары Тараз қаласының көркі айтарлықтай өзгерді. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда.
КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДА СЕРПІН БАР
Тараз қаласында инвестиция тарту, өндірісті ұлғайту және шағын бизнесті қолдау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Күз мезгіліне дейін қала кәсіпорындары 403 миллиард 772 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім шамамен 20 пайызға жуықтаған.
Инвестиция саласы да жақсы нәтиже көрсеткен. Биыл негізгі капиталға 109 миллиард 746 миллион теңге көлемінде қаржы салыныпты. Қазір Тараз қаласында жалпы құны 145 миллиард теңге болатын 23 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың алды осы жылы іске қосылса, қалғаны 2027 жылға дейін шетінен біртіндеп жүзеге асырылмақ.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 базар жұмыс істеп тұрса, оның 14-і әмбебап, біреуі арнайы мамандандырылған сауда орны. Осыдан 5 жыл бұрын қала аумағында 20 базар болса, осы уақытқа дейін «Ақбұлақ» және «Атакент-Тараз» базары жабылған. «Дәулет», «Мыңбұлақ», «Достық», «Ысты» базарлары нысаналы мақсатын сауда үйіне өзгерткен. Қала базарларындағы жалпы сауда орындарының саны 7 493-ті құраса, оның ішінде жалға алушылар саны 4 691-ге жеткен. Осылайша, сауда орындарының қамтылуы 62,8 пайызды көрсетіп отыр. Сауда орындарының толық толмауының себебі «Орталық базардағы» 3 000 сауда орнының тек 380-і ғана пайдаланылып жатқанында болса керек. Жалпы базарлардағы бос орындар саны – 2 802. Сауда орындарын жалға беру құнының орташа бағасы 1 шаршы метрі үшін 1000-4000 теңге аралығында болып бекітіліпті.
– Сауда және интеграция министрінің 2024 жылғы сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында Тараз қаласында бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жол картасына сәйкес барлық жаңғырту жұмыстары алдағы жылдың 1 қаңтарына дейін толық аяқталуы тиіс. Бұл ретте біз сауда орындарын модернизациялау арқылы тұтынушыларға, сатушыларға ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасап, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды көздеп отырмыз. Жол картасына сәйкес Тараз қаласы бойынша 5 сауда базарын жаңғырту жоспарланған. Алайда олардың ішінде «Ауыл-Береке» мен «Береке» базарын жаңарту жұмыстары белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр. Осы жылдың көктемінде Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің қатысуымен базар басшыларымен онлайн кеңес өткізілген болатын. «Ауыл-Береке», «Береке», «Салтанат», «Жібек-жолы» базарларының иелеріне мәселе толық түсіндірілген. Кездесуде комитет төрағасы базарлардағы жаңғыртуды уақытылы әрі сапалы жүргізу және модернизацияға кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді жою бойынша жұмысты күшейту қажеттілігін тапсырды. Сонымен қатар комитет төрағасы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамаға сәйкес белгіленген мерзімде жаңғырту жұмыстарын жүргізбеген базарлардың иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту жоспарланғанын айтқан еді. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен жаз айында модернизация жұмыстарын жүргізіп жатқан Тараз қаласындағы базарларды жаңғырту жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру туралы кеңес өткізілген еді. Аталған кеңесте жаңғырту жұмыстарын кешіктіріп жатқан базар басшыларына ескерту жасалып, модернизация жұмыстарын 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін толықтай аяқтау жөнінде тиісті тапсырма берілді. Соның нәтижесін сөз етер болсақ, «Ауыл-Береке» базарын модернизациялау жұмыстары 2023 жылдың 15 мамырында басталып, қазіргі уақытта сауда нысандарының бір бөлігінде қайта жаңғырту, қайта құру және жаңа құрылыс жүргізу жұмыстары біршама орындалды. «Береке» базарын модернизациялау жұмыстары 2024 жылдың 5 қыркүйегінде басталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 60-70 пайызы орындалған. Жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқталады деп жоспарланып отыр. «Якка сарай» базарында қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылғы 20 маусымда басталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 45-55 пайызға аяқталды. Жұмыс қарқынды жүргізілуде. Құрылыстың кеш басталу себебін базар иесі эскиздік жобасына түзетулер мен өзгерістер енгізуіне байланысты түсіндірді. Жобаға сәйкес базар 2025жылдың желтоқсан айында толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. «Жібек жолы» базарында қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылғы 20 қазанда басталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 70-80 пайызға аяқталған. Құрылыстың баяу жүру себебі қаржы мәселесіне байланысты. «Салтанат» базарының басшылығы қайта жаңғырту жұмыстарын 2025 жылдың 14 мамырында бастап, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 40-50 пайызға іске асырылды. Жоғарыда атап өткеніміздей қаладағы 5 сауда базарын жаңғырту жұмыстары Сауда және интеграция министрінің 2024 жылғы сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 195 жаңа сауда орнын ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Арзан» сауда базарында қосымша жүргізілген құрылыстар нәтижесінде 50 жаңа сауда орны ашылады деп күтілуде. Жалпы алғанда жаңғырту жұмыстарынан кейін барлығы 245 жаңа сауда орны ашылатын болады. Осыған байланысты Тараз қаласы әкімдігі жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан базарлардың басшылығымен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, олардың жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауына мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары уақытында аяқталмаған жағдайда базарлардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ескертулер жасалды. Қаладағы базарлардың жай-күйіне қорытынды жасағанда бірқатар мәселе анықталды. Атап айтсақ, базарлардағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-гигиеналық талаптардың толықтай сақталмауы, автокөліктердің автотұрақтармен толықтай қамтамасыз етілмеуі, модернизация жұмыстарының кешігуі сынды мәселелер орын алуда. Аталған мәселелерді шешу мақсатында тұрақты жұмыстар жүргізіле береді, – дейді Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Жұбаныш Омаров.
Тараз қаласында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру үшін орындар бөлу жөніндегі конкурстық комиссияның 2022 жылғы 6 сәуірдегі және 14 маусым айындағы хаттамалары негізінде 84 сауда орны жеке кәсіпкерлерге берілген екен. Қазіргі таңда бұл сауда орындарының нысаналық мақсатта пайдалануына бөліммен мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Мониторинг нәтижесінде дислокация бойынша орын алған 56 жеке кәсіпкерге ауызша түрде ескерту жасалып, мақсатсыз пайдаланып отырған 11 кәсіпкерге хабарлама таратылып, 10 жұмыс күн ішінде өз еркімен қалпына келтіру талап етіліпті. Хабарлама берілген 2 кәсіпкер өз еркімен мақсатсыз жұмыс істеген дүңгіршектерін алып тастаған. Дислокация алған 10 кәсіпкер өз еріктерімен қайтарып беруге өтініш білдіріп, келісімшартты бұзуға сұраныс жазып, ол кері қайтарылған көрінеді.
Негізінде сауда нысандары да маңызды объекті болып саналатыны белгілі. Ашығын айтқанда, сауда орындарының терроризмге қарсы қорғалу паспортын дайындау маңызды. Сондықтан да Тараз қаласында аумағы 500 шаршы метрден асатын 135 сауда объектісінің 115-іне террористік тұрғыдан осал нысандарға жатқызу тізбесіне нысанды енгізу туралы хабарлама таратылған. Қазір өзге де сауда нысандарымен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатса керек.
– Базар басшылары және сауда жасайтын кәсіпкерлермен сауда орындарын ретке келтіру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз сауда жасаған азаматтарға ескертулер берілді. Сонымен қатар аталған саудагерлерге бөлім тарапынан қаладағы бос сауда орындары бар «Ауыл-Береке», «Grand Bazaar» және «Орталық базарға» көшуге ұсыныс жасалды. «Жібек жолы» базарындағы саудагерлердің құрылыс материалдарының жолдың жиегіне дейін шығып кетуіне байланысты полиция қызметкерлерімен бірге заң аясында шара қолданылып, нәтижесінде ретке келтірілді. Тараз қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің мәліметі бойынша осы жылдың жаз айларында «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 204-бабы бойынша 1662 тұлғаға хаттама толтырылып, оның ішінде 1648 тұлғаға ескерту жасалды, 14 тұлғаға 412 мың 860 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесі көрсеткендей заңсыз сауда-саттық орындарын жою үшін учаскелік полиция қызметкерлері сатушыларға ескертулер емес, айыппұлдар салғанда ғана жұмыс өз нәтижесін берген. «Жеңіс» саябағындағы «TANDAMALY» нысанының аумағындағы сынған аттракцион қалдықтары, пластмас бөлшектер және істен шыққан үш катамаран сыртқа шығарылды. «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарамағындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан аттракцион иелерінің келісімшарттары тексеріліп, өз аумақтарын таза ұстау туралы, заңсыз орналасқан павильондарды демонтаждау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тараз қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес «Тектұрмас» этно-тарихи кешенің аумағында орналасқан заңсыз «Тәтті» дүнгіршегі және «Тир» аттракционы алынды, – дейді Жұбаныш Қамқорұлы.
Шаһардағы ойын-сауық, кафе және түнгі клуб басшылықтарымен де тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басында Тараз қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе қаладағы ойын сауық орталықтарының басшыларына мекемедегі құқықбұзушылықтың алдын алу, бейнебақылау құралдарын көбейту, күзет қызметін күшейту және жұмыс істеу уақытын реттеу мен шектеу туралы мәселелер түсіндіріліпті. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен ойын-сауық орталықтарының басшылары және күзет қызметі арасында үш жақты ынтымақтастық туралы меморандум жасалыпты. Тараз қаласындағы 36 компьютерлік клубтың 26-сымен меморандум жасалып, оның үшеуінің жұмыс істемейтіні анықталған, яғни олар бағытын дүкен және басқа кәсіп түріне бұрған екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ







