Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік қызметшінің әдебі – қоғам айнасы

Мемлекеттік қызметшінің әдебі – қоғам айнасы
Автор
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен халық арасын байланыстыратын алтын көпір. Сондықтан олардың кәсіби біліктілігімен қатар, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы да өзгелерге үлгі болуы тиіс. Ал бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыру және қадағалауда әдеп жөніндегі кеңестің алатын орны ерекше.

Жуырда облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, бірқатар мәселе қаралды. Жиында алдымен Қазынашылық комитеті облыс бойынша қазынашылық департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Жазылбек Бұқашев баяндама жасап, 2024 жылы және 2025 жылдың өткен кезеңінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Спикердің айтуынша, департаментте мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтау бойынша 10 мемлекеттік қызметшіге жеке консультативті көмек көрсетілген. Елді мекендерге шығу арқылы 3 кездесу ұйымдастырылған. Кездесулер барысында 6 азамат жеке қабылдауда болған. Сонымен қатар ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай департамент және аудандық басқармалардың қызметшілері арасында «Абайдың қара сөздері», «Ұлы халықтың ұлы Абайы» тақырыбында сайыс ұйымдастырылыпты. Мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін уәкілдің ұсынуымен жалпы 100-ден аса қызметші марапатталған екен.

Одан соң Сарысу ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Құдайберген Рысдәулеттің баяндамасы тыңдалды.

– Жұмыс уақытынан тыс негізсіз үстеме жұмыстарды болдырмау және жұмыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында былтыр 4, биыл 2 рет мониторинг жүргізілді. Корпоративтік мәдениетті нығайту мақсатында жаңадан қабылданған 13 мемлекеттік қызметшіге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Құдайберген Жамбылұлы.

Ауданда мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін 36 мемлекеттік қызметші аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, 3 жас мемлекеттік қызметшінің ата-анасына облыс әкімі атынан Алғыс хат беріліпті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының саясатын жүргізудегі шараларға белсене атсалысып, ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген 12 жас мемлекеттік қызметкерге қызметтік пәтер кілті табысталған екен.

Сондай-ақ жиында Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Самат Селеубаев баяндама жасады. Спикер өз сөзінде Жамбыл ауданы әкімі аппаратының қызметіне мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің сақталуына жүргізілген жоспарлы тексерудің нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Самат Апсадықұлының айтуынша, аппараттағы мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны – 22.

– Профилактикалық бақылаумен қамтылған мерзімде біліктілік арттыру семинарлары бойынша 2024 жылы 33 мемлекеттік қызметші оқытылса, осы жылдың өткен кезеңінде 22 қызметші оқытылды. Сондай-ақ 2024 жылы қайта даярлау курстарынан 14 мемлекеттік қызметші, биыл 8 қызметші өтті. Одан бөлек аппараттың барлық қызметкері уақытында жеке табыс салығы мен мүлік туралы декларацияны тапсырды. Мемлекеттік қызметке жаңадан келген мамандар тиісті заңнама талаптарына сәйкес шектеулерді қабылдаған. Аппаратта еңбек тәртібін сақтау бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіледі, – деді С.Селеубаев.

Тамыз айының 4-29 аралығында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті Жамбыл ауданы әкімі аппаратының қызметіне мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдеп нормаларының сақталуына жоспарлы тексеру жүргізіп, нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталып, оны жою бойынша тиісті іс-шаралар атқарылған. Атап айтқанда, 18 мемлекеттік қызметшінің қызметтік тізімдері мемлекеттік қызметшінің жеке ісін жүргізуге қажетті құжаттардың тізбесі талаптарына сәйкестендіріліпті. Сонымен қатар 2 мемлекеттік қызметшіге қатысты іссапар шығындарын төлеу мерзімдері бұзылғаны үшін еңбек саласындағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті өсімпұл сомалары төленген. Одан бөлек қызметтік іссапарға жатқызылмаған факті бойынша төленген 237 104 теңгені құрайтын сома мемлекеттік бюджетке қайтарылыпты. Сондай-ақ аппараттың жауапты мемлекеттік қызметшілері арасында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын бұзуды болғызбауға бағытталған түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Одан  соң жиында Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл Қордай ауданы әкімі аппаратының тәртіптік комиссиясымен 2024 жылы және 2025 жылдың өткен кезеңінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, өткен жылы тәртіптік комиссия отырысында тәртіптік жауаптылыққа тартылған қызметшілер саны 67-ні құраса, биыл 49 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауаптылыққа тартылған екен. Оның ішінде 35 мемлекеттік қызметшіге ескерту берілсе, 11-іне сөгіс, үшеуіне қатаң сөгіс түріндегі жаза қолданылыпты.

– Жалпы осы жылдың есепті кезеңінде мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңнаманы бұзу фактілері жөнінде түскен мәліметтер саны 51-ді құрады. Өткен жылы дәл осындай 69 дерек тіркелген еді. Осы жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілерге қолданылған тәртіптік жазалардың 17-сі Қордай аудандық прокуратурасының, 12-і ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыс бойынша басқармасының, үшеуі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің ұсынысы негізінде қолданылды. Қалғанына тәртіптік жаза қолдануға облыстық, аудандық аппараттық кеңестің хаттамалық тапсырмалары, жоғары тұрған органдардың хаттары негіз болды. Жалпы заңбұзушылықтар жер туралы заңнама талаптарының сақталмауы, «Жолданымдарды, хабарламаларды, сұрау салуларды, ұсыныстарды қарау туралы» Қазақстан Республикасының Бас прокурорының бұйрығы талаптарының сақталмауы, мемлекеттік қызметтер көрсету туралы заңнама талаптарының бұзылуы мен орындаушылық тәртіптің сақталмауы салдарынан орын алғаны анықталды. Сонымен қатар 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның әдеп жөніндегі кеңесінің ұсынуымен басшы мемлекеттік лауазым атқаратын 1 қызметшіге, тәртіптік комиссияның ұсынуымен 1 қызметшіге мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Аудан әкімі аппаратының тәртіптік комиссиясымен бекітілген жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, аудандық прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылық жасау фактілерін болдырмау мақсатында 3 семинар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң талаптарын, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану мәселелерін түсіндіруге бағытталған 9 дәріс, 16 кездесу өткізіліп, заңнама талаптарын бұзудың алдын алуға бағытталған бейнероликтер көрсетілді, – деді Н.Сатымқұл.

Нәтижесінде былтырғы жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны төмендеген. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысымен 2 мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. 2025 жылдың есепті кезеңінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны 1 деректі құраған. Сол секілді өткен жылы мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері орын алмаған. Дегенмен биыл осындай 1 жағдай тіркеліпті. Тарқатып айтсақ, аудан тұрғыны Нұргүл Шалова Қордай ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Мыкышевтің іс-әрекетіне байланысты шара қабылдау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментіне шағым түсірген. Шағымда 2025 жылғы 30 шілдеде сағат 17:15 шамасында азаматша Н. Шалованың үйіне белгісіз ер адам келіп, өзін Қордай ауданы әкімдігінің қызметкері ретінде таныстырған. Ол Тараз қаласынан «WhatsApp» мессенджері арқылы азаматшаның мекенжайы бойынша адамдарды көшіру қажеттілігі туралы хабар түскенін айтып, коллекторлық агенттік өкілінен келген қауіп-қатер мен психологиялық қысым бар аудиожазбаны тыңдатқаны көрсетілген. А.Мыкышев азаматша Н.Шалованың тұрғылықты жеріне өзін әділет департаменті қызметкері ретінде таныстырған азаматтан келген аудиожазба жетегімен барған. Оқиға барысында ол үйдің қақпасын бейнежазбаға түсіріп, кейін Шаловаға аудиожазбаны тыңдатқан. Дөрекілік пен қысым көрсету фактілері анықталмағанымен азаматшаны келісімінсіз бейнежазбаға түсіріп, материалдарды үшінші тарапқа жолдағаны белгілі болды. Қызметтік тексеру нәтижесінде Мыкышевтің бұл әрекеті оның лауазымдық міндеттеріне кірмейтіні анықталды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының талаптарына сәйкес оның іс-әрекеттерінде «қызметтік әдеп нормаларын бұзу белгілері бар» деген қорытынды жасалды. Қордай ауылдық округі әкімінің 2025 жылғы 19 қыркүйектегі өкімімен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 44-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, 49-бабының 2- тармағына сәйкес қызметтік әдепті бұзып, тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін Қордай ауданы Қордай ауылдық округі әкімінің орынбасары Ахат Мықышевке ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылыпты.

Әдеп жөніндегі кеңестің соңында басқа да мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Көпдікбаев жиында сөз болған құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуі керектігін еске салды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар