Кітап оқудың құндылығын арттыру, оқырмандарды рухани дамуға жетелеу және жастар арасында кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруды мақсат еткен іс-шараға облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, журналист, сатирик Бақытжан Советұлы, филолог, журналист, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаева, журналист, балалар жазушысы Марат Құлибайұлы қатысты.
Іс-шара барысында кітапхананың ең көп кітап оқыған оқырмандары «Жыл оқырманы», «Кітапхананың мақтанышы», «Зерделі жас» номинациялары бойынша марапатталды. Қатысушылар сүйікті шығармалары жайлы әсерлерімен бөлісіп, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.
Марапаттау рәсімінде Тараз қаласының орта мектептерінің оқушылары – Дулат Қасымов, Жібек Бекжанқызы, Алинұр Әбсат, Айзере Серік, Нұрсұлтан Жаңабай, Айзере Шәмен «Зерделі жас» номинациясына ие болды. Ал Ақерке Қали мен Айлин Болатқа «Кітапхананың мақтанышы» номинациясы табысталды. Ең көп кітап оқыған Айша Рахымберді «Жыл оқырманы» аталымына лайық деп танылды. Барлық қатысушыларға сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
– Балаларды кітап оқуға ынталандыруда кітапхана еңбегі зор. Бүгінгі іс-шарада жасөспірімдердің кітап оқуға құштар екенін байқадым. Қазіргідей ақпараттық технология дамыған заманда жастардың кітапқа бет бұруы – олардың рухани биіктікке ұмтылғанының белгісі. Осындай шаралар балаларды тек оқу мәдениетіне баулып қана қоймай, жасөспірімдердің сөздік қорын байытып, ойлау қабілетін дамытады. Кітап оқу тіліміз бен мәдениетіміздің қаймағын бұзбай, ары қарай дамытып алып кету үшін жасалатын игі істердің бірі, – дейді балалар жазушысы Марат Құлибайұлы.
Сымбат ҚУАНЫШ




