Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Әйгерім 48 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған болатын. Әр жекпе-жегін жоғары деңгейде өткізген ожерлесіміз турнирдің финалында қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.
– Бүгін мен үшін ерекше күн. Бұл жеңіс – менің ғана емес, бүкіл жамбылдықтардың ортақ қуанышы. Чемпионат өте тартысты өтті. Бірақ туған жерімнің сенімі мен жанкүйерлердің қолдауы күш берді. Барлық тілеулестеріме үлкен алғыс айтамын, – деп Әйгерім Сәттібаева өз әсерімен бөлісіп.
Чемпионды күтіп алуға келген жанкүйерлердің қатарында спортшының отбасы да болды.
Көз жасын жасыра алмаған анасы қызының жеңісіне дән риза екенін жеткізді.
– Әйгерімнің әр жекпе-жегін уайымдап, қобалжып отырып тамашаладық. Қызым өзінің табандылығының арқасында жеңіске жетті. Қуаныштымыз. Спорт тәртіп пен еңбекті талап етеді. Қызымның еңбегі жанып, чемпион атанып отыр. Бүгін міне, құдаларыммен, немерелеріммен күтіп алып тұрмыз, – дейді спортшының анасы Мереке Қанапина.
Айта кетейік, Әйгерім Сәттібаева – 5 баланың анасы. Жұбайы Олжас Сәттібаев та бокспен айналысқан. Олжас – Кадеттер және әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, Азияның қола және алтын медалдарының иесі, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қатысушысы.
Ерлі-зайыпты спортшылар бүгінде 4 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отыр. Әйгерім отбасындағы жауапкершілікті де, спортты да қатар алып жүрген бірден-бір спортшы.
Айжан ӨЗБЕКОВА




