Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қызыл кітапқа» да қамқорлық керек

«Қызыл кітапқа» да қамқорлық керек
Автор
Табиғат – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Адам мен табиғат бір-бірімен етене байланыста. Әрбір өсімдік пен жануар – осы үйлесімнің бөлшегі. Сол себепті табиғатты қорғау, оның байлығын сақтау – адамзаттың борыштарының бірі. Осы мақсатта жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарларды қорғау үшін елімізде арнайы Қызыл кітап шығарылған.

Қызыл кітап алғаш рет 1963 жылы жарық көрді. Ғалымдар кітапты қажетті мәліметпен толықтыру және жариялау үшін 15 жыл уақыт жұмсаған. Онда жойылып бара жатқан, сирек кездесетін және табиғи ортада саны азайған жануарлар мен өсімдіктердің тізімі жинақталған. Кітаптың «қызыл» деп аталуы кездейсоқ емес. Қызыл түс – қауіптің, ескертудің белгісі.

Кітаптың қара беттерінде – мүлде жойылып кеткен жануарлар, қызыл беттерде – сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлер, сары беттерде – саны азайып келе жатқан, ал ақ беттерде – қайта көбейіп, табиғатқа бейімделген түрлер жайлы мәліметтер жазылған.

Қазақстанның Қызыл кітабы үш рет басылып шыққан. Оның алғашқысы 1978 жылы, екіншісі 1991 жылы, ал үшінші басылымы 2010 жылы жарық көрді. Бұл еңбекте сирек және жойылып бара жатқан 87 түрлі жабайы омыртқалы жануар мен 303 түрлі өсімдік туралы нақты ғылыми деректер келтірілген. Әрбір түрдің таралу аймағы, биологиялық ерекшелігі және қазіргі жай-күйі туралы мәліметтер берілген.

Қызыл кітаптағы жануарлар мен өсімдіктер жойылу қаупінің деңгейіне қарай 5 санатқа бөлінеді. Бірінші санатқа – мүлде жойылып кету қаупі бар түрлер, екінші санатқа – саны апатты түрде азайып бара жатқан түрлер, үшінші санатқа – сирек кездесетін түрлер, төртінші санатқа – толық зерттелмеген, ал бесінші санатқа – табиғатқа бейімделіп, бақылауда тұрған түрлер жатады.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда браконьерлік пен адамдардың табиғатқа жауапсыз қарауы экологиялық жағдайды қиындатып отыр. Көптеген аңдар терісі мен мүйізі үшін заңсыз ауланады, өсімдіктер пайда табу мақсатында жойылып барады. Мұндай әрекеттердің барлығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша қатаң жазаланады. Қызыл кітапқа енгізілген жануарларды аулау, сату немесе олардың бөліктерін пайдалану ауыр қылмыс болып саналады.

Бекжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі

аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және

аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар