Газдандыру жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025 жылы облыстағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету бағытында 14 жоба іске асырылуда. Осы мақсатқа жалпы 20,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде Ұлттық қордан – 11,6 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 8,9 миллиард теңге. Қолға алынған жобалардың мақсаты – шалғай ауылдарды табиғи газ жүйесіне қосып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
2026 жылға арналған жоспар да ауқымды. Келесі жылы іске асырылуы тиіс 26 жоба қарастырылуда. Жоспарланып отырған 26 жоба үшін 26,7 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім әзірленіп, Энергетика министрлігіне ұсынылды. Егер өтінімдер мақұлданған жағдайда, өңіріміздің газдандыру деңгейі тағы да жоғарылай түспек.
Қазіргі таңда нақты жұмыстар Талас ауданында белсенді жүргізілуде. Мұнда Майтөбе және Қожағаппар ауылдарын газбен қамтамасыз ету жұмысы сәтті орындалуда. Жоспарланған 48 шақырымдық газ құбыры толық (100 пайыз) салынды. Жобаны толық аяқтау үшін 709,6 миллион теңге бөлініп, республикалық бюджеттен қолдау көрсетілді.
Аталмыш жоба тек ауылдар үшін ғана емес, көршілес елді мекендер үшін де маңызды. Өйткені жүргізілген газ құбырлары кейіннен Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау, Құмсуат, Жаңаөткел ауылдарына, сондай-ақ Жуалы ауданындағы Әбдіқадыр, Қарабастау, Дарбаза және Жылыбұлақ ауылдарына газ жеткізетін негізгі арнаға айналады. Сонымен қата Жамбыл ауданындағы Сеңгірбай ауылы да осы жүйе арқылы газбен қамтылады.
Жоба толық жүзеге асқан кезде 3 ауданның 10 елді мекенінде шамамен 5 мың адам алғаш рет табиғи газға қол жеткізеді. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын едәуір жақсартады, әсіресе қыстың суық айларында көмір жағып отырған ауыл-аймақтар үшін жылу мәселесін шешуге үлкен көмек болады. Нәтижесінде өңіріміздің газбен қамтылу деңгейі 91,8 пайызға дейін өседі.
Сабина ЮЛДАШЕВА,
облыс әкімдігі энергетика және тұрғын- үй коммуналдық
шаруашылығы басқармасының газбен жабдықтау және өнеркәсіптік
қауіпсіздік бөлімінің бас маманы


