Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орман – табиғаттың тынысы

Орман – табиғаттың тынысы
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту негізгі міндет екенін атап өтіп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

– Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет.  Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес екенін, алайда тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет екенін тапсырды.

– Семей орманы аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал. Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн, – деді Президент.

Иә, орман – еліміздің баға жетпес байлығы, табиғаттың тынысы, тұрғындардың тіршілік көзі. Ал оны қорғау – тек осы салада еңбек ететін маман, жұмысшылардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың парызы.

Жалпы облысымыздағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі – 4 миллион 441 322 гектар болса, 2 миллион 314,1 мың гектары орманмен көмкерілген.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімнің бас маманы Нұрсұлтан Бақытқалиұлының айтуынша, Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты шараларды іске асыру міндеттелді. Осыған орай, 5 жыл ішінде еліміздің орман алқаптарында 2 миллиард, ал елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу тапсырылды. Бұл бастама аясында облысымыз бойынша 2021-2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына сәйкес 143 миллионнан аса ағаш отырғызу көзделген. 2025 жылдың көктеміне қарай облыста қара сексеуіл мен қарағаштың 104,5 миллион түп көшеті отырғызылып, жоспардың 73 пайызы орындалды. Бұл жұмыстар көктем мезгілінде көшет отырғызу және күзде тұқым себу арқылы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ орманшылар өрт қаупі жоғары маусымдарда арнайы бекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарып, орманды қорғау ісіне үлкен үлес қосып отыр. Жалпы алғанда орман қоры мен оны молайтуға бағытталған шаралар өңір экологиясын жақсартуға, табиғи тепе-теңдікті сақтауға және болашақ ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға бағытталған қадам, – дейді Нұрсұлтан Нұрғали.

Осы орайда Меркі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары Санжар Ерланұлымен де тілдесіп, сала мамандарының атқарып жатқан қажырлы еңбектерімен таныстық.

– Орманшы мен қорықшы табиғатты, орманды қорғаудың алдыңғы шебінде тұратын жандар. Орманшылардың қызметі – орман мен ондағы тіршілік иелерін сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу және экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Күнделікті жұмыс таңертең ерте басталады. Алдымен қарамағымыздағы аумақтың шекарасын аралап, ормандағы жағдайдың ахуалын біліп келеміз. Заңсыз аң аулау, ағаш кесу және басқа да орман заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алу үшін ұдайы бақылау жүргіземіз. Заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда, оқиға орнын тіркеп, құжаттандырып, уәкілетті органдарға жолданады. Егер құқықбұзушылық кішігірім деңгейде болса, орманшы әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салуға дейінгі шараларды қолданады. Сонымен қатар орманды молықтыру және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысамыз. Молықтыру барысында көктем мен күз айларында арнайы ағаш отырғызу науқандары өткізіледі. Жас көшеттер отырғызылып, олардың бой көтеруіне жағдай жасалады. Яғни суару, күтіп-баптау, зиянкестермен күресу, қураған ағаштарды тазалау секілді жұмыстар атқарылады. Әр көшеттің тамыры тереңдеп, жақсы өсіп кетуі үшін орманды тұрақты бақылауға аламыз. Бұдан бөлек, орманшы мен қорықшы жануарлар мен өсімдіктердің санын есепке алып, олардың мекен ететін мекенжайларын анықтаймыз. Сонымен қатар аңдардың қыстауы, көктемде көбеюі немесе құстардың ұшу бағыттары сияқты мәліметтер жыл сайын жиналып, арнайы есепке енгізіліп отырады. Арнайы есепке алыну арқылы орман экожүйесінің жалпы жағдайы анықталып, оның жақсаруына немесе нашарлауына әсер ететін факторлар талқыланады. Сондай-ақ тек табиғатты қорғаумен шектеліп қана қоймай, халықпен де тығыз жұмыс істейміз. Мысалы, орман маңындағы елді мекен тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру, заңсыз аңшылықтың зиянын айту, табиғатты аялау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Кейде адамдардың білімсіздігі мен жауапсыздығынан орманда үлкен апаттар туындайды. Әсіресе жаз мезгілінде аптап ыстықта өрт шығу қаупі күшейеді. Сол себепті тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, орман ішін бақылауда ұстаймыз. Егер өрт белгілері байқалса, дереу өрт сөндіру қызметіне хабар беріп және алғашқы сәттен бастап өзімізде өртті сөндіруге атсалысамыз, –дейді Санжар Ерланұлы.

Ормандар, жануарлар табиғаттың баға жетпес тартуы. Сол себепті ормандардың, қорықтардың құндылығын сезінуді және оларды көздің қарашығындай сақтауды әр азамат бұлжымас парыз санауы керек.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар