Алдағы жылыту маусымына облысқа 191,2 мың тонна қатты отын жеткізу жоспарланса, оның ішінде облыс тұрғындарының қажеттілігі үшін 134,9 мың тонна қарастырылыпты. Қазіргі таңда өңірімізге «Шұбаркөл» және «Қаражыра» көмірлері жеткізілуде. 1 тонна көмірдің бағасы 19 000-24 000 теңге аралығында, ал шалғай ауылдарға жеткізуді қоса есептегенде оның бағасы 21 000-26 000 теңгеге дейін барады екен. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу, электр энергетикасы және энергоүнемдеу, энерготиімділік бөлімінің бас маманы Қайсар Рахимбековтің айтуынша, облысқа қажетті қатты отын шетінен жеткізілуде.
– Бүгінгі таңда облысымызға 51 мың тонна көмір жеткізілді, бұл жоспарланған көмір мөлшерінің 37,8 пайызы. Тұрғындарға көмір тасымалдау жоспар орындалғанша жалғасатын болады. Әлеуметтік нысандарға көмір жеткізу толық көлемде орындалды. Жеткізілген көмір мөлшері 56,2 мың тоннаны құрайды. Тұрғындар мен заңды тұлғаларға көмір 34 теміржол тұйығында сатылады. Нақты айтар болсақ, қатты отынды «KAZугольснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ADIS», «Иманалиев», «Алимбеков», «Авангард» және тағы да басқа жеке кәсіпкерліктер сатумен айналысып жатыр. Облыстағы теміржол тұйықтарында 8,7 мың тонна көмір қоры бар. Көмірге кезекке тұрғандар байқалмайды. 2025 жылғы 15 қазанда 12 вагон көмір жеткізілсе,16 қазанда 26 вагон көмір келді. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері де қарап отырмай, жылыту маусымына ерте дайындалу, көмірді уақытылы сатып алу мәселелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ өңірімізіге көмір жеткізу барысын қадағалап отырамыз. Бүгінгі күнге көмір вагондары тапсырысқа сәйкес тұрақты келуде. Қоймаларда қатты отын тапшылығы жоқ. Дегенмен облыс тұрғындарынан қыс маусымы кезінде қымбат бағадағы көмірге ұрынып қалмауы үшін және бағаны тұрақтандыру мақсатында қажетті отынын қазірден бастап сатып алып қоюын сұраймыз. Тұрғындар мүмкіндігінше көмірді артығымен түсіріп алуы тиіс. Әйтпесе өңірімізде қыс мезгілі жақындап, алғашқы қар жауған соң жеке кәсіпкерлерден көмірді көптеп сатып алып, оны үстемақы қосып халыққа қымбат бағада сататын алыпсатарлар жетеді. Сол себепті жылда қыркүйек айынан кейін ескерту жұмыстары жүргізіліп тұрады, – деген Қайсар Әділбекұлы тұрғындар алыпсатарларға жем болмас үшін ертерек қамдануы керек екенін жеткізді.
Сарысу ауданы да қысқы жылыту маусымына ерте дайындалады. Аудандағы көмір саудасы 2 нүктеде жүріп жатыр. Соның бірі – «Отын базасы» көмір қоймасы.
– Біздің қойманың жұмысы күз бен көктем мезгілі аралығында жанданады. Бүгінде қоймамызда қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Қысқа қамданған халықтың қарасы қалың. Қор жеткілікті. Күніне көмір тиелген бірнеше жүк көлігін ауыл-ауылдарға жөнелтеміз. Қоймада бүгінде 300 тонна «Шұбаркөл» және «Қаражыра» көмірлері бар. Оны сатып алуға келген тұрғындардың қарасы қалың. Қыс мезгіліне дайындықты бастап кеткен тұрғындар көмірді нарық бағасымен алып үлгерді. Бүгінде қатты отынның 1 тоннасының бағасы 29 500 теңгені құрайды. Қала маңындағы елді мекендерге көмір арзан бағаға жеткізілсе, қашық ауылдарға сәл қымбатқа тасымалданады. Былайша айтқанда, көмірдің бағасына отынның сапасынан гөрі жолдың алыстығы әсер етіп отыр. Бағаның құбылуына тасымалдау нүктелерінің қашықтығы да әсер етеді. Қазіргі таңда бізде көбіне «Шұбаркөл» көмірі үлкен сұранысқа ие. Тұтынушылар таңдауы көбінесе осы маркадағы көмірге түседі. Тұрғындардың айтуынша, көмірдің қызуы ұзаққа дейін жетіп, жанып біткен соң да қызуы үйді жылы қалпында ұстап тұра береді екен. Сонымен қатар көмірден күл аз шығады және түтіндеп, бықсымайды. Сонымен қатар тұрғындар көмірді есік алдындағы бау-бақша егетін жерінің, егіс алқабының құнарлылығын арттыруға да пайдаланады. Біреулер көмірдің майда қиыршық түрлерін арнайы сатып алып кетсе, енді бірі көмірді жақпай тұрып електен өткізіп, қоқымын бау-бақшаға апарып төгеді. Бұл егіншілер үшін де, біз үшін де тиімді, – дейді Сарысу ауданына қарасты «Отын базасы» көмір қоймасының басшысы Қуат Шералиев.
Қысқа дайындық барысын білмек мақсатта Мойынқұм ауданының тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. Тұрғындар Мойынқұм шалғай аудан болғандықтан көмірдің бағасы тым қымбат екенін айтты.
– Ауданымызға әлі күнге дейін көгілдір отын тартылмаған. Көмір жағуды қазан айының басынан бастап, наурыз айының соңында аяқтаймыз. Аудан бойынша газ тартылмағандықтан, бізге жақын Шу қаласынан көмір тасымалдаймыз. Көмір әкелуге өз қалтамыздан ақша шығарып, көлік жалдаймыз. Мойынқұм ауданында көмір қоймасы болмағандықтан ешкімге барып шағымдана алмаймыз. Көмір аларда таңдауымыз көбінесе «Шұбаркөл» көміріне түседі. «Шұбаркөл» көмірінің басқа көмірлерден айырмашылығы шоғы көп, күлі аз шығады әрі ыстығы ұзақ уақытқа дейін сақталып тұрады. Естуімше қазір көмірдің 1 тоннасы 21 000-22 000 теңге аралығында. Біз Шу қаласынан тасымалдайтындықтан, біздің ауданға дейін 1 тонна көмірдің келу бағасы 32 000-33 000 теңге көлемінде. Бұл баға біз үшін әрине қымбат. Бірақ күн суып, қыс қаһарын төгіп тұрғанда амал жоқ аламыз, – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны Марат Айбасов.
Қысқасы, өңірімізде қысқы отынның қоры жеткілікті мөлшерде. Тек, алыпсатарлар қарапайым тұрғындарға көмір бағасын шарықтатпаса игі. Делдалдар тұрғындар қалтасын қағып, ауылды қара қыста қалтыратпаса, өңіріміздегі қоймалардағы қара алтын алдағы қысқа жетіп-артылғалы тұр.
Сымбат ҚУАНЫШ
Орман – табиғаттың тынысы
Ұқсас жаңалықтар
«Әулиеата жастары»: бағдарлама биыл жалғаса ма?
- авторAR-AY
- 24 қыркүйек, 2025




