Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауылшаруашылығындағы орны ауқымды колледж

Ауылшаруашылығындағы орны ауқымды колледж
Автор
Республика күні десе ойымызға тәуелсіздік ұғымы да қатар орала кететіні орынды. Өйткені 1990 жылы елімізде Егемендік туралы Декларация қабылданып, соның арқасында азаттықтың ақ таңы туды. Еліміз еркіндікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы елең-алаң шақта халқымыз талай тағдырлы, талай сындарлы сәттерді бастан кешті.

ӨТКЕНГЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК

КСРО ыдырамай тұрып басталған қаржылық дағдарыс ел экономикасын тұралатып, ауылшаруашылық саласы да ауыр кезеңді бастан өткерді. Бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, білікті мамандар жұмыссыз қалды. Ауылдық елді мекендегі еңбек адамдары жаңа жүйеге бейімделе алмай, шаруашылық біткеннің тіршілігі тоқырауға ұшырады. Уақыт өте келе еліміз етек-жеңін жиып, аталған саланың күре тамырына қан жүгіргенде ауылшаруашылық саласының қыр-сырын білетін мамандар ауадай қажет болды. Осы ретте Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжі тәуелсіздік жылдарында маман даярлау ісін бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Сондықтан осы колледждің өңірдің ауылшаруашылығын қайта көтеруге өз үлесін қосқанын айрықша атап өтуіміз қажет. Колледжде жастарға жер игеру, малшаруашылығын дамыту, техника жөндеу сияқты нақты мамандық түрлері үйретілді. Соның арқасында аталған білім нысаны агросалаға қажетті кадр даярлайтын тәжірибелі ұжымға айналды. Демек, Құлан агротехникалық жоғары колледжін тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан бірден-бір оқу орны десек қателеспейміз.

Аталған оқу орнының тарихына көз жүгіртсек, 1923 жылы 3 тамызда Қазақ АССР-нің Халық комиссарлар кеңесінің жарлығымен Орынбор қаласында өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникум болып ашылды. Техникумда алғашқыда ветеринарлық және зоотехникалық бөлімдері болса, кейін жер қатынастары бөлімі ашылған екен. Одан кейін, яғни 1926 жылғы 24 маусымдағы Қазақ АССР-ның Халық комиссарлар кеңесі отырысының шешімімен Орынбор қаласынан Алматы қаласына көшіріліп, Алматы ветеринарлық жер қатынастары техникумы болып құрылған. 1930 жылы Алматы қаласынан Әулиеата (Жамбыл) қаласына ауыстырылып, Әулиеата ветеринарлық-зоотехникалық техникумы деп аталыпты. 1932 жылы Әулиеата қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан №49 Жылқы зауытының орталығы Седовка ауылына көшіріліп, Әулиеата жылқы техникумы болған. Седовка ауылында оқу корпусы мен жатақхананың тапшылығынан техникум 1935 жылы Әулиеатаға қайта көшіріліп, жалданған ғимаратқа орналасқан. 1941 жылы техникумда ветеринарлық бөлім құрылып, содан бері Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы деп атала бастайды. Техникум сол кезде Жамбыл қаласының маңындағы ірі оқу шаруашылығы болды. Оқуды практикалық істермен тығыз байланыста жүргізу мақсатында техникумның өндірістік базасы ұлғайтылады. Білім ошағының оқу шаруашылығына сол замандағы алдыңғы қатарлы егіншілік технологиясы, ауыспалы егіс жүйесі енгізіліп, ол тәжірибе облыс көлемінде таратылды. Техникум жанында егіншілік жүйесі кеңейтіліп, жеміс ағаштары отырғызылды. Сонымен қатар мал басы көбейтіліп, 92 ірі қара мен 50 бұзауға, 100 шошқаға арналған қора-жай салынды. Студенттер барлық тәжірибелік жұмыстарды техникумның оқу шаруашылығында жүргізуге мүмкіндік алады. Осылайша оқу шаруашылығы егіншілікке қажетті техника мен құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген болды. ХХ ғасырдың 50 жылдарының басында Жамбыл қаласында техникумның жаңа оқу корпусының құрылысы басталды. 1958 жылдың қазан айында техникум жаңа ғимаратқа көшеді (кейін ол ғимарат Жамбылда құрылған гидромелиоративтік-құрылыстық институтына беріледі). 1961 жылы Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің №277 бұйрығына сәйкес техникум Талас ауданының Ақкөл ауылына қоныс аударды. Ақкөлде техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының болмауына байланысты оқушылар оқу тәжірибесін Жамбыл қаласының ет комбинатында, ПОШ фабрикасында, сүт зауытында және басқа шаруашылықтарда өтетін болыпты. Сонымен қатар оқушыларды тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмау мәселесі де туындаған. 1963 жылы 23 сәуірде Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің №93 бұйрығымен техникум Ақкөлден Луговой (қазіргі Құлан ауылы) селосына көшіріледі. Осыдан кейін Құлан ауылы техникумның тұрақты мекеніне айналады.

Құлан ауылының маңындағы Шөңгер аймағынан 360 гектар жер бөлініп, техникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының негізі қаланды. Онда әкімшілік және шаруашылық нысандары, үй құрылысы, мал қора-жайлары салынды. Техникум сапалы кадрлармен жасақталып, оқу-өндірістік шаруашылығы дамып, жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы нығаяды. 1965 жылы мұнда бухгалтерлік бөлімі ашылып, «Ауылшаруашылығы өндірісін жоспарлау», «Ауылшаруашылығы өндірісінің бухгалтері» мамандықтары бойынша студенттер қабылданды. 1970 жылы 650 орындық жаңа типтік оқу корпусы пайдалануға берілді. Оқу ғимаратында 19 оқу бөлмесі, 18 зертхана, кітапхана, оқу, мәжіліс, спорт  залдары және тир болыпты. 1973 жылы 632 орындық жатақхана, 110 орындық асхана салынып пайдалануға берілген. Ауылшаруашылығына қажетті білікті мамандар даярлауда техникум педагог кадрлардың кәсіби өсуіне күнделікті қамқорлық жасап отырды. Ауылшаруашылығы мамандары болып саналатын оқытушылар өндірістен қол үзбей бір жылдық педагогикалық факультеттерде Мәскеудегі К.И.Скрябин атындағы малдәрігерлік және К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы  академияларында, Ленинград, Киев, Новосибирск, Харьков, Алматы қалаларында орналасқан педагогтық білім беретін ауылшаруашылығы жоғарғы оқу орындарында білімдерін шыңдайды. Білікті мамандарды дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі өндірістік тәжірибе болғандықтан 1985 жылы малдәрігер мамандығының тәжірибелік алаңын кеңейту мақсатында 100 орынға арналған типтік клиника салынып, пайдалануға берілген екен.

 

ЖЕТІСТІК ЖОЛЫ

– 1991 жылы, яғни елімізде азаттықтың ақ таңы туғанда 920 орындық техникумның жаңа типтік оқу-лабораториялық блогы пайдалануға ұсынылған. Оқу ғимаратында 35 арнайы пәндер дәрісханалары мен зертханалары орналасады. Заман ағымына сай колледж құрылымына өзгертулер енгізіліп, «Зооветеринария», «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану», «Ауылшаруашылық өнімін өндіру технологиясын ұйымдастыру», «Салық ісі», «Құқықтану», «Фермер шаруашылығын ұйымдастыру және жүргізу», «Әлеуметтік педагогика», «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «Кәсіптік оқыту», «Агрономия», «Зоотехния» сияқты жаңа мамандықтар ашылады. 1995 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес Құлан ауылшаруашылығы колледжі болып атауы өзгеріпті. 2013 жылы Құлан ауылы «Сұлутөр» шаруашылығы аумағынан 1760,1 гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жер рәсімделіп, колледждің өсіп-өркендеуіне септігін тигізгенін айта кетуіміз керек. Облыс әкімдігінің 2018 жылғы №203 қаулысына сәйкес Құлан агротехникалық колледжі болып оқу орнының атауы қайта ауыстырылса, 2020 жылғы 31 қаңтардағы қаулы бойынша Құлан агротехникалық колледжіне «Жоғары колледж» статусы беріліп, аталуы Құлан агротехникалық жоғары колледжі болып өзгерді. Оқу орны Әулиеата өңіріне көшірілгеннен кейін, яғни 1942-1965 жылдары Батылхан Есенғараев директор болған. Одан кейін, 1990 жылға дейін Әнуарбек Шәймерденов, Саламат Ибраев, Алтынбек Жайлыбаев басқарған. Оқу орнының өркендеуіне әрқайсысы өзіндік үлес қосса, оның ішінде 1990-2011 жыл аралығында Құлан ауылшаруашылығы колледжінің директоры қызметін атқарған Ехматқұл Нұрахаев жас тәуелсіз Қазақстанның білім саласындағы қиыншылықтарын еңсеруге ұжыммен бірлесе күш салған. Заман ағымына сай колледж құрылымына өзгертулер енгізіліп, жаңа мамандықтардың ашылатыны осы кез. 1998 жылы колледж ісі жалғасын табу үшін үзіліссіз даярлап оқыту мақсатымен колледж жанынан лицей ашылған. Осы кезде білім ордасының дамуына ерекше үлес қосқан оқытушыларды атап өткен жөн. Мәселен, Б.Орынбаев, Ш.Боранбаев, Ж.Тұрмахамбетов, С.Сейсенбаев, Ж.Естемесов, Д.Букенов, Ж.Кадыров, Қ.Шортанбеков, Қ.Баймашев, Ш.Рахметілдаев, Н.Рахметілдаева, Ж.Жұмабекова, Б.Сарқұлов, С.Күмісов, Э.Муслядинова, А.Асанбаева, Р.Құрманбаева, Қ.Атжанова, Ә.Қохаева, Т.Сәменқұлова, Б.Қалықов, Р.Әділбеков, С.Исмаиловалар осы білім ордасында абыройлы еңбек етті. Бұдан кейінгі жылдардағы ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің нәтижесінде колледж 2008 жылы облыстық «Колледждердің ең үздік әдістемелік қызметі» атты байқауда бірінші дәрежелі дипломға ие болса, 2010 жылы облыстық «Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнының үздігі» атты байқауда «Ауылшаруашылық мамандықтарын сапалы меңгергені үшін» бас жүлдені жеңіп алды. Колледжді Жұмакүл Букирова  2011-2018, Саясат Есеев 2019-2020, Олжас Мұсақұлов  2022 -2024 жылдар аралығында басқарады. 2022 жылғы «Еңбек нарығы және кәсіптік білім: жаңа мүмкіндіктер» атты техникалық және кәсіптік білім беру педагогтеріне арналған Республикалық тамыз конференциясының практикалық бөлімі Құлан агротехникалық жоғары колледжі базасында өткізілді. «Ең үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» байқауында колледж «Ауылдың үздік оқу орны» болып танылып, 500 000 теңге көлеміндегі қаржылай сертификатқа ие болды. Колледжді басқарған әр директордың тұсында оқу орны заман ағымына сай дәуірледі. Мен осы жылдың шілде айынан бастап колледж директоры қызметін атқарып отырмын. Биыл да колледж «Жұмысшы мамандығын дайындайтын үздік колледж – 2025» байқауының жеңімпазы болды. Колледж студенті, «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасының жеңімпазы Камидулла Ернар «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» панельдік секциясында жастар атынын сөз сөйледі. Алдағы уақытта Қазақ Ұлттық аграрлық  зерттеу университеті және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен ынтымақтастықтың жол картасы жасалып, жұмыс жүргізілуде. Ынтымақтастықтың мақсаты – жоғары және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары арасындағы сабақтастықты дамыту, студенттер үшін икемді білім беру траекториясын қалыптастыру. Келісім аясында колледж бен университет оқытушылары бірлескен жобаларға, кәсіби іс-шараларға қатысуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Аталған бастама кадрлар даярлау сапасын арттыруға, дарынды жастарды қолдауға және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған. Қазір колледж базасында AGROHUB ашу ісі қолға алынып жатыр. Мал дәрігері мамандығы бойынша ветеринарлық клиникада малды сырттан кіргізуге мүмкіндігі бар зертханалық бөлмелер, ірі қара малды және қойды бекітетін жабдықтар (станоктар) орнатылуда. Малды қолдан ұрықтандыруға арналған бөлмелер дайындалып жатыр. Ал «Агрономия» мамандығы бойынша экзотикалық жемістерді өсіру жолға қойылуда. Сондай-ақ инвесторлардың қатысуымен «Электр жабдықтары» мамандығы бойынша WorldSkills стандарттарына сай құзыреттілік орталығы ашылатын болады, – дейді колледждің директоры Тұрарбек Шарипов.

Қазіргі уақытта мұнда студенттер «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Ет және ет өнімдерін өндіру», «Сүт және сүт өнімдерін өндіру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Агрономия», «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Орман шаруашылығы», «Ветеринария» мамандықтары бойынша білім алуда. 2021 жылы колледжде облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасын орындау бағытында өңірдің ауылшаруашылық саласының сұранысына сәйкес «Ара өсіру және жібек шаруашылығы», «Балық шаруашылығы» мамандықтары ашылған екен.

Колледж облыс көлемінде өткізілген «Табысты менеджмент-2021», «Озық әдістемелік қызмет – 2021» байқауларында бас жүлдені жеңіп алыпты. Бұл оқу орны білікті мамандар даярлауды қаперде мықтап ұстаған ұстаздардың жетістігімен де ел мақтанышына айналған. Мұнда өз ісінің шебері, ізденімпаз педагогтер көп. Мысалы, ветеринарлық пәндер оқытушысы Бірлік Сраилов республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы, «2014 жылдың үздік педагогы» атағының иегері болса, Еркебұлан Ертаев та «Үздік педагог» байқауында топ жарған. Ол «2019 жылдың үздік педагогы» атағын иеленген. Техникалық және кәсіптік білім беру әдіскерлері арасындағы екінші орын жүлдегері Гүлмира Маханбетова «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының республикалық «Жыл әдіскері-2013» байқауында көш бастаса,  2015 жылы Венера Майтанова осы орталықтың «Педагогикалық идеялар» республикалық фестивалінің екінші орынды еншілеген.  Гүлназ Қойшыманова білім саласында ерекше көзге түскен ұстаздардың бірі. Ол Ресейдің Чувашия өңірінде өткен халықаралық әдістемелік фестивальде бірінші орын алып, еліміздің атын асқақтатыпты. Мая Бағылбекова Қ.Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Білім беру ұйымы басшысының үздік орынбасары» байқауында бірінші орынды иеленіп, басқару ісіндегі кәсіби шеберлігін дәлелдеген. Тағы бір мақтан тұтар жан Разалья Шихованың білім беру саласы бойынша өткен республикалық кәсіби шеберлік конкурсында «Ізденімпаз педагог» аталымында жеңімпаз атануы да оқу орнының үлкен бір жетістігі.

Колледж базасында 2021 жылдан бері республика көлемінде ауылшаруашылығы саласына арналған кәсіби шеберлік конкурсы өткізіліп келеді. Бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен үздік мамандардың қатысуы дәстүрге айналған. Сол сайыстарда да Құлан колледжінің өкілдері әр жылы биік тұғырдан көріне білген. 2021 жылы «Ветеринария» бағыты бойынша Рашид Сарсенбиев бас жүлдені иеленсе, 2022 жылы Жанар Байсақалова бірінші орын алған. Бұрнағы жылы бас жүлде Айсұлу Көпбаеваға бұйырыпты. Өткен жылы Бауыржан Тұтқышбаев бірінші орынды жеңіп алған екен. «Агрономия» бағыты да жетістікке толы, Марат Ятаев 2022 жылы екінші орынды, Айгерім Болатханова 2023 жылы, Әсел Әбишева 2024 жылы бірінші орынды қанжығасына байлапты.

Осы жылдың 9-10 қазан күндері Құлан агротехникалық жоғары колледжінің базасында ауылшаруашылығы саласы бойынша V республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтіпті. Бұл додаға Қазақстанның 12 облысы мен Алматы қаласындағы 15 колледжден келген 22 педагог және 17 компатриот қатысқан екен. Байқау  «Ветеринария» және «Агрономия» мамандықтары бойынша ұйымдастырылған.

Конкурс барысында қатысушылар өз білімін теория жүзінде сынап, практикалық тапсырмалар орындап, кәсіби шеберліктерін көрсетіпті. Құлан агротехникалық жоғары колледжінен екі ұстаз қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты. Атап айтқанда, «Ветеринария» бағыты бойынша Тілек Қысық, «Агрономия» бағыты бойынша Жандарбек Дәулетов екінші орын иеленіпті. Осы байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар еліміздегі аграрлық және ветеринария саласының тәжірибелі ғалымдары мен мамандары баға берген. Міне, осындай табыстардың арқасында Құлан агротехникалық жоғары колледжінің аты көпке танылып отыр.

 

ТЕГЕУІРІНІ МЫҚТЫ ТҮЛЕКТЕР

– Шыңғыс Айтматов – Жамбыл зооветеринарлық техникумының 1948 жылғы түлегі. Ол дүниежүзіне әлем әдебиетіне өзіндік үлес қосқан түркі әлемінің дүлдүлі, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстанның халық жазушысы, Қырғызстан Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлықтың, көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты ретінде танылған. Шыңғыс Айтматовтың осы оқу орнының түлегі болуы біз үшін зор мақтаныш. 2018 жылы Ш.Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына орай колледжде «Әлем әдебиетінің алып тұлғасы – Айтматов» атты облыстық колледжаралық Шыңғыс Айтматов оқулары өткізілген болатын. Байқауға облыстың 12 колледжінен 36 студент қатысты.  2018 жылы Лондондағы Айтматов академиясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге Ұлыбританиядағы Айтматов академиясының директоры, профессор Рахима Авдувалиева, Лондон шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы, жазушы, тележүргізуші Джонатан Фрейер, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері» кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Мәдиевамен осы кафедра доценті Сәуле Бектемирова келді. Колледж мұражайында Шыңғыс Айтматовқа арналған мемориалды тақта ашылды. Ескерткіш тақтаны Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары М.Тлепов және Айтматов академиясының директоры Р.Абдувалиева ашты. 2023 жылы жазушының 95 жылдығына орай «Шыңғыс Айтматов әлемі» атты Айтматов оқулары республикалық деңгейде өткізілді. Айтматов оқуларына республикамыздың 8 облысы және Алматы, Шымкент қаласының 28 колледжінен 148 студент қатысты. Байқауда «Сөз – құдірет қашанда» кезеңі бойынша 26 үміткер бақ сынап, «Таланттар өмірде шыңдалады» кезеңі бойынша 22 сахналық қойылым ұсынылды. 2023 жылы ауданның мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдар беру жұмыстарын іске асыру және Ш.Айтматов шығармашылығын насихаттау арқылы жас ұрпақтың әлем әдебиеті мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында колледжде «Шыңғыс Айтматов әлемі» атты аудандық Айтматов оқулары өткізілді. Байқауда бірінші кезең бойынша 29 үміткер бақ сынап, екінші кезең бойынша 19 сахналық қойылым ұсынылып, 85 мектеп оқушысы қатысты. Құлан агротехникалық жоғары колледжі 92 әлеуметтік серіктеспен өндірістік практиканы ұйымдастыру туралы келісімшарттар негізінде тығыз байланыс орнатқан. Оқу орны облыста ең алғашқылардың бірі болып 2014 жылы «Ветеринария» мамандығына дуальдық оқыту жүйесін білім беру үрдісіне енгізді. Бүгінгі таңда барлық мамандықтар бойынша студенттердің кәсіптік практикасы дуалды оқыту жүйесі негізінде ұйымдастырылған. Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес құзыретті маман даярлауға колледжде аса зор көңіл бөлінеді. Оқу орнында қорытынды аттестаттауды WorldSkills стандарттары негізінде демонстрациялық емтихан форматында өткізу үрдісі 2020 жылдан қалыптасқан, – дейді колледж директоры.

Қарағанды облысының білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы «WorldSkills Karaganda-2019» аймақтық чемпионатында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша сол кездегі студент Қысық Тілек жүлделі үшінші орынға ие болыпты. 2022 жылы Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы Шағалалы ауылы Жоғары агротехникалық колледжіне «Астық және оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасын анықтау» құзыреті бойынша өткізілген «WorldSkills Aqmola-2022» өңірлік чемпионатында Байбулатова Сезім жүлделі екінші орынға ие болды. Жастар жылы аясында колледжде республикалық «Үздік ветеринар-2019» байқауы өткізіліп, ветеринария мамандарын дайындайтын білім беру ұйымдарының арасында ынтымақтастық орнату, озық тәжірибелерді анықтау мақсатында өткізілген байқауға Қазақстанның 8 облысынан 9 колледждің 18 студенті қатысқан екен. 2023 жылы «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП 100 студенті» республикалық байқауында «Электр жабдықтары» мамандығының студенті Бакулин Артем жеңімпаз атанып, колледждің мерейін асқақтатқан. Бұрнағы жылы Қ.Нұрғалиев атындағы жоғары колледжінің (Өскемен қаласы) ұйымдастыруымен өткізілген «Адами капитал – инновациялық даму негіздері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан колледждің студенттері Р.Мороз, Е.Камидулла бірінші орынды, А.Бакулин екінші орын иеленіпті. Осы жылы – колледждің инженер-педагог қызметкерлері Т.Кольбаев, Е.Ержанов және «Электр жабдықтары» мамандығының студенті Ильяс Әділет «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша «ENERGY FEST» республикалық кәсібіи шеберлік триатлонында үшін орын иеленді.

2025 жылы Камидулла Ернар Жетісу облысының білім басқармасы ұйымдастырған Республикалық «VETERENARUS OPEN ZHETYSU» кәсіби шеберлік байқауының екінші орын иеленіпті.

– Біз өңірдің ауылшаруашылығы саласына қажетті нағыз мамандарды колледж ашылғалы бері даярлап келеміз. Әр жылдары заман талабына сай түрлі бағыттағы мамандықтарды игеріп, алтын ұядан түлеп ұшқан бітіруші түлектер көп. Бүгінгі таңда барлық мамандық студенттері қорытынды аттестаттауды демонстрациялық емтихан форматында тапсырып, Skills паспорттарға ие болуда. Нәтижесінде колледж түлектерінің 85 пайызы жұмыспен қамтылған. Олардың арасында ауылшаруашылығын механикаландыру, ветеринария, агрономия, ет және сүт өнімдерін өндіру сияқты мамандықтар ерекше сұранысқа ие. Осында тәлім алған түлектер бүгінде ауылшаруашылығы мен ветеринария саласында еңбек етіп, туған жерінің экономикасына өз үлесін қосып жүр. Бірі шаруашылықтарда мал дәрігері болса, бірі егіншілікті дамыту арқылы еңбек дүбірін қыздыруда. Жан-жақты дайындықтан өткен жас мамандар өңір экономикасын ілгерілететін негізгі күш болып отырғаны сөзсіз. Бұл білім ордасының басты мақсаты – жастарға теориямен қатар, нақты өмірде қажет болатын тәжірибені де үйрету. Колледждің дамуы жылдар бойы атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мәселен, 2013 жылы колледж «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасына қатысып, соның арқасында ветеринария мамандығының материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Жаңа құралдар алынып, оқу кабинеттері мен зертханалар заманауи үлгіде жабдықталды. Студенттердің малды емдеу, тексеру және алдын алу шараларын тәжірибе жүзінде үйренуіне мол мүмкіндік туды. 2018 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен «Ауылшаруашылығы бағытындағы базалық колледжді қалыптастыру» жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобаның нәтижесінде оқу шаруашылығы құрылып, студенттер егін егу, мал бағу, жем-шөп дайындау сияқты ауыл тіршілігіне қатысты жұмыстарды өз қолымен атқара бастады. Сондай-ақ сол жылы «Ветеринария» құзыреттілік орталығы ашылып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылды, – дейді Тұрарбек Нұрлыбекұлы.

Уақыт өте колледждің ауқымы кеңейіп, жаңа серпін беретін жобалар жалғасын тапқан. 2021 жылы «Жас маман» бағдарламасы бойынша «Агрономия» және «Дәнекерлеу ісі» мамандықтарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Осы бағытта арнайы құзыреттілік орталықтары құрылып, студенттерге жаңа технологияларды меңгеруге жол ашылды. Қазір колледждің екі оқу ғимараты, студенттерге арналған жатақханасы мен асханасы бар. Ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, сүт және ет өнімдерін өндіретін цехтар жұмыс істейді. Бұған қоса жылыжай, бақ, егістік пен жайылым жерлерден тұратын оқу шаруашылығы бар. Осындай жерде оқыған мамандар бүгінде қажыр-қайратын, білімін іс жүзінде өңірдің даму жолына арнап отыр.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар