Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова атап өтті. Оның айтуынша, вирустардың айналымын анықтау мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізілген, алайда әзірге тұмау вирусы анықталған жоқ.
Маман тұмау мен ЖРВИ-дің тек маусымдық емес, қауіпті инфекциялар екенін атап өтті. Әсіресе, балалар мен егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар науқастар үшін ауру асқыну қаупін тудырады. Ауру ауа-тамшылы жолмен, сондай-ақ лас қол арқылы жұғады. Тұмаудың ауыр асқынуларының ішінде пневмония, менингит, энцефалит және жүктілік кезіндегі асқынулар жиі кездеседі.
Неили Орынбасарқызының айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация – аурудың ең тиімді алдын алу шарасы. Бүгінгі таңда облыста 78 129 адам тұмауға қарсы екпе алған, бұл жоспарланған контингенттің 63,7 пайызын құрайды. Вакцинация медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, диспансерлік есептегі балалар мен 65 жастан асқан адамдар арасында тегін жүргізілуде. Вакцина аурудың ауыр өтуін, асқынулар мен өлім-жітімді азайтуға көмектеседі.
Сондай-ақ мамандар тұрғындарға жеке қорғану шараларын сақтауға кеңес береді. Қолды жиі жуу, маска тағу, бөлмені желдету, дұрыс тамақтану және жеткілікті ұйықтау арқылы иммунитетті нығайту қажет. Ауру белгілері байқалған жағдайда өз бетімен емделмей, дәрігерге жүгіну ұсынылады.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тұмауға қарсы екпе алуға және профилактикалық шараларды сақтауға шақырады.
Айжан ӨЗБЕКОВА




