
Бейбітшілік – адамзаттың ең асыл арманы, ортақ мұраты. Жер бетінде тыныштық орнаған сәтте ғана ел дамып, халықтың рухани және мәдени кемелденуіне жол ашылады. Қоғамның гүлденуі – бірлік пен өзара түсіністікке тікелей байланысты. Баға жетпес құндылықтарды ту еткен елдердің бірі де бірегейі – біздің Отанымыз, Қазақстан!
Тарихы терең, мұраты айқын, болашағы жарқын Қазақстан бүгінде сан ұлттың басын қосып, татулықтың тұғырын биіктеткен, бейбітшілік пен келісімнің әлемдік үлгісіне айналған мемлекет.
Міне, осындай рухани сабақтастық пен бейтітшіліктің мән-мағынасын жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында жуырда Ғани Мұратбаев атындағы кітапханада «Бейбітшілік пен келісім елі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Тағылымды іс-шараға А.Гайдар атындағы №35 орта мектептің 8-сынып оқушылары мен ұстаздары, кітапхана қызметкерлері және тұрақты оқырмандары қатысып, достық пен татулық тақырыбын кеңінен талқылады.
Жиынды кітапхана қызметкері әрі жүргізуші Бағира Бұлтанқұлова салтанатты түрде ашып, іс-шараның мақсат-міндетіне тоқталды. Одан кейін кешті орыс тілінде жүргізген кітапхананың білікті маманы Анар Искакова қонақтарға мазмұнды сұрақтар қойып, ашық пікірталасқа жол ашты. Қойылған сұрақтар арқылы жастар мен ұстаздар өз ойларын еркін жеткізіп, ұлттар арасындағы татулықтың мәнін терең түсіне түсті.
Әзірленген бағдарлама бойынша ізгі іс-шара «Өнер мен өлең – бейбіт өмірдің жаршысы» тақырыбында жалғасып, бейбітшілік тақырыбы сөз жүзінде ғана емес, өнер арқылы да көрініс тапты. Атап айтар болсақ, неміс ұлтының өкілі Элеонора Элензеер өз тілінде өлең оқып, ән салды және Қазақстандай мерейлі мемлекетте өмір сүріп жатқанын мақтан тұтатынын да жасырып қалмады. Сосын Дмитрий Ким барша кәріс ұлтының атынан қазақ еліне алғысы мен ақ тілегін жеткізіп, бейбіт өмірдің қадірін жырға қосса, Хадиса Обилова түрік тілінде «Туған елге арнау» атты өлең оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал, Мадина Қыдырова флейтада халқымыздың сырлы да тәтті күйлерінің бірін орындап, көпшіліктің көңілін ұлттық үнмен тербетті.
Әр бала өнерлері мен жүрекжарды лебіздерін өз тілдерінде жеткізгенімен ортақ тақырып – бейбіт өмір мен бірлік болды.
Одан әрі «Ұстаз сөзі – ұлағатты үн» тақырыбы бойынша кештің келесі бөлімінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Жерихина көпұлтты сыныптарда өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастырып, оны бір- кісідей нығайта түсу керектігін айта келе, өз тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде бастауыш сынып мұғалімі Замира Асланова Отан да, бейбітшілік те отбасынан басталатынын атап өтсе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Есалиева әдебиеттегі ұлттық татулықтың бейнесін мысалға ала отырып, өскелең ұрпақты достыққа, отансүйгіштікке және қандай да бір қиын-қыстау кездерде төзімділік пен ептілікке тәрбиелеудің маңызын баса айтты.
Келесі кезекте көпшілік назарына ұсынылған «Достық – біздің тірегіміз» атты кітап көрмесімен кітапханашы Гүлжан Бошаева жан-жақты таныстырды. Көрме сөрелеріне Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы кітаптар, ұлтаралық келісім мен достық жайлы еңбектер, бейбіт өмірді насихаттайтын поэзиялық жинақтар мен тарихи деректер қойылды. Сондай-ақ, қазақ, орыс, украин, өзбек, кәріс, дүнген, неміс, түрік сынды басқа да ұлттардың әдебиетінен алынған үзінділер мен көркем шығармаларға шолу жасалды. Бұл көрме – ел бірлігі мен татулығы тақырыбындағы рухани мұралардан сусындауға мол мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар елдің амандығын, ұлттар арасындағы ынтымақ пен достықтың мәңгі жасай бергенін қалайтындары жайлы ортақ тілектерін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді және осындай тәрбиелік мәні зор кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенімдерін білдірді.
«Бейбітшілік пен келісім елі» атты «дөңгелек үстел» – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, жүректерді жақындатқан, рухтарды байытқан, татулық пен бірлікті нығайтқан жылы жүздесу болды.
Келелі кеш жиналғандардың орындарынан тік тұрып, бірге шырқаған екінші әнұранымыз саналатын «Атамекен» әнімен аяқталды.
Жаңагүл АХУМБЕКОВА,
Ғани Мұратбаев атындағы
кітапхананың меңгерушісі,
Тараз қаласы