Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Елен ағамен әңгіме

Елен ағамен әңгіме
Автор
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжанның 80 жасқа толу мерейтойын облыс әкімдігі жақсы атап өтті. Жазда туған жері Талас ауданында болып, жұртшылықпен дидарласса, қыркүйек айының соңында алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің мәжіліс залында «Е.Әлімжан шығармаларындағы қазіргі замандас бейнесі» атты «дөңгелек үстел» өтіп, түстен кейін облыстық драма театрда «Абылай хан» пьесасынан үзінді қойылып, соңы қалың жұртшылықпен кездесуге ұласты. Жақсы тілектер айтылып, иығына шапандар жабылды.

Арада біраз уақыт өткен соң, ағаның хал-жағдайын білейін деп телефон соқтым.

– Аға, қалайсыз, мерейтойды атқарып, көңіліңіз жайланып, демалып тынығып жатқан боларсыз? – дедім әңгіменің әлқиссасынан соң.

Ағамыздың даусы қарлығыңқы шықты, ара-арасында жөткірініп қояды. Дегенмен менің телефон соққаныма риза болып қалды ма, көңілі көтеріліп, байыпты әңгімесін бастап кетті.

– Мекемтас ағаның жанында көп болдым ғой. Сол кісі «мен туралы мақалалар, көлемді роман жазып, мені кең танытқан сен болдың» деп ризашылығын білдіретін. Сол Мекеңнің сөзін өзіңе қайталап айтқым келіп отыр. Мен туралы бірнеше мақала жазып, менің шығармашылығымды шын таныған өзің болдың. Әсіресе, «Аq jol» газетінде шыққан соңғы мақалаңа риза болдым, – деді.

– Рақмет, аға! – деп жатырмын. – Парызымыз ғой.

Содан соңғы әңгіме жүйесі жақында Талаптыда жазушы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай өткен іс-шараға ауысты.

– Иә, соны айтшы, – деді елең етіп. – Кімдер келді, не айтты? Менің сол уақытта ауырыңқырап, мазам болмай қалған.

Білгенімді айтып жатырмын.

– Жақсы, тың естеліктер айтылды. Кілең қасында, қызметтес болған адамдар ғой.

– Мен де Шерағаңның қасында отыз жылдай болғанмын. Айта берсе, менде де естеліктер көп. Таразға келгенде кейде қасына шақырып алатын. Естеліктердің де айтылуы жөн ғой. Бірақ мұндай басқосуда жазушының шығармашылығы, әдебиетке не әкелгені, сол жөнінде айтылуы керек қой.

Байқаймын, ағаның көңілі олқысынып қалды. Содан соң Шерағаның шығармашылығы туралы қадау-қадау ойларын айтып кетті.

– Шерағаңның ерекшелігі қылышынан қан тамған кеңес заманында сол шындыққа ене отырып, ұлттық рухты жазды ғой. Қоғам, өмір шындығын жазуға болады. Кейіпкерің қойшы, еңбек адамы болуы мүмкін. Бірақ Мәскеудегі Сталин кезіндегі билік жүйесін кім жазды қазақ әдебиетінде? Шерағаң жазды ғой.

– Иә, аға, бұл туралы Шерағаң жөніндегі мақалаңызда жаздыңыз ғой.

– Содан соң байқайсың ба, жазушының шығармаларында аруақ желісі көрініс береді. «Қызыл жебеде» де бала Тұрар үнемі әкесінің аруағымен тілдесіп отырады. Аруақ – қазақ дүниетанымының дара көрінісі ғой.

– Дұрыс айтасыз, аға! Сіздің айтқаныңыз ой салып отыр, қазақ әдебиеттануында аруақ желісі арнайы зерттеуді қажетті ететін арна екен.

– Кеңес заманының шындығына ене отырып дегенді бекер айтып отырғаным жоқ. Сонау 50-жылдары тың игеру басталды ғой. Қазақ даласының асты-үстіне шықты. Сол тақырыпқа арналған шығармаларында да қопарылған, тегістеліп, жермен жексен болып кеткен қазақ зираттары, мазасы қашқан аруақтар туралы жазады. Қандай батылдық, ұлтшылдық десеңші! Совет тақырыбында жазып отырып-ақ, ұлт басына келген нәубетті мегзеп отыр!

– Дұрыс айтасыз, аға!

– Жазушы туралы жиында осындай мәселелер – жазушының шығармашылығы туралы айтылу жөн ғой деймін. Жазушының аманаты шығармалары емес пе?! Жазушының жандүниесі шығармалары арқылы ашылмай ма?

– Жөн сөз, мен де ақын-жазушы туралы жиында шығармашылығы, өзім байқаған шығармашылық ерекшеліктері туралы айтқанды жөн көремін.

– Шерағаңның ертеректе бір шығармасын оқығанмын. Атын ұмытып тұрмын. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласымен» желілес. «Жәмила» шығармасын махаббат еркіндігі деп Еуропа көтермелеп әкетті ғой. Ал Шерағаңның шығармасында көркем шешім басқаша. Соғыста күйеуі қайтыс болған келіншек балаларым біреудің бетіне қарап жаутаңдамасын деп қайнысына тұрмысқа шығады. Осында терең мән бар емес пе? Шерағаңның бұл шығармасы уақытында еленбей қалды. Меніңше, осындай ерекшеліктерді аңғару, айту керек қой. Шерағаңның шығармашылығындағы тағы бір елеулі ерекшелік – туған жер табиғатының шығармаларында тұрақты, желілі көрініс беріп отыруы.

– Дұрыс айтасыз.

– Менің айтайын дегенім осындай, өзге де мәселелер зерттелуі, айтылуы керек қой.

– Біраз тың ойлар, пікірлер сіздің мақалаларыңызда кездеседі.

– Сондай ойлар дамытылып, тереңдетіліп зерттелуі керек қой. Университетте осындай мәселелермен айналысып жүрген кімдер бар?

– Темірбай Мұқашев деген ініңіз бар, Рафаэль Ниязбеков шығармаларын қарастырып жүрген. Жұмысын бітіріп те қалды-ау деймін. Әсима Нүсіпова деген қарындасыңыз сіздің шығармашылығыңызды қарастырып жүрген.

– Білемін.

Бұдан кейін де әдебиетке қатысты біраз әңгімелер қозғалды. Өзге жайларды да айттық. Елен аға біраз әңгіме айтып, жеңілдеп қалған сияқты.

– Тағы да хабарласып тұрсайшы, өткендегі «Аq jol» газетіне шыққан мақалаңды жіберші, – деді.

Өз ортамыздағы әдебиеттің ақсақалына есен-саулық тіледім. Әдебиеттің әңгімесіне не жетсін!

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

әдебиеттанушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар