Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Меркіліктердің мерейі үстем болды

Меркіліктердің мерейі үстем болды
Автор
Облыс экономикасының дамуына лайықты үлес қосып отырған Шу ауданындағы іргелі кәсіпорынның бірі «Qyzylsha Zher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұлттық ойындарымызды ұлықтауға да көп еңбек сіңіруде. Компанияның демеушілігімен жыл сайын дәстүрлі өтетін командалық көкпар бәсекесі биыл да өз деңгейінде ұйымдастырылды.

Биылғы жарыстың бірі ерекшелігі – ұлттық спорт жанкүйерлері ойындарды шатырмен жабылған арнайы трибунада тамашалады. 300-ден аса көрермен емін-еркін сиятын трибунаны Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қоры сыйлап отырғанын аталған серіктестік өкілі тілге тиек етті.

Сайдың тасындай іріктелген 8 команда қатысқан дүбірлі дода басталмас бұрын трибунаның ашылу рәсім өтіп, қадірлі қонақтарға құрмет көрсетілді. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысынан арнайы келген көкпардан КСРО-ның 9 дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев ақсақал, Шу ауданының Құрметті азаматы, меценат Болат Сауранбаев та қатысты.

Қызыл лентаны қияр алдында көкпар корифейіне сөз берілді. Өз сөзінде Әбілхан қария шабандоздарға батасын беріп, қазақтың төл ойынына көрсетілген қамқорлық үшін алғысын айтты. Ақ тілектерге Болат Оспанұлы да қосылып, ауылдағы ілкімді істерге ұйытқы болып жүрген серіктестік басшылығына ризашылығын білдірді. Ата дәстүріміз бойынша қариялардың иығына компания басшылығы оюлы шапан жапты. Сонымен қатар алыстан ат терлетіп келген Әбілхан ақсақалдың тақымына аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың атынан тұлпар тарту етілді.

Келесі кезекте «Qyzylsha Zher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Алена Лобанкова, «Қазақстанның Халық банкы» Шу аудандық басқармасының бастығы Нұрлан Көшербаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұнан кейін трибуна салтанатты түрде пайдалануға беріліп, алыс-жақыннан келген ағайын кіл мықтылардың жарысына куә болды.

Жүлде қоры 6 миллионды құраған командалық көкпар сайысының алғашқы ойыны көршілес Тәтті ауылы мен жергілікті Ақсу командасы арасында өтті. Тәттілік Нұрбол Тоқтасын алғашқы салымымен командасын алға шығарса, артынша жерлестеріміз есепті теңестірді. Меймандар тоқтамастан 4 салым салып, бірінші ойынды жеңіспен бастады.

Мұнан кейінгі тартыс Меркі ауданы мен Шу құрамасы арасында өтті. Бұл ойында меркілік мықты шабандоз Нұржігіт Пернебай бірнеше салым салды. Осылайша ойын 5-2 есебімен меркіліктердің пайдасына аяқталды.

Кейінгі ойында алаң иелері «Аманат» командасымен шығу керек болған. Алайда Балуан Шолақ ауылының жастары қонақтарға жол беріп, мәрттік жасады.

Делебені қоздырған доданың ең қызықты әрі тартысты кездесуі «Аманат» пен «Әулиеата-Бірлес» командалары арасында өтті. Қарымта салымдармен алмасқан қос қоманда негізгі уақытта 4-4 есебімен тең тарқасты. Қосымша уақытта Ынтамақ Әліпбаев салым салып, командасын финалға алып шықты.

Үшінші орын үшін болған ойында «Әулиета-Бірлес» командасы тәттіліктерден айласын асырып, қола жүлдегер атанды. Осылайша 1 миллион теңгені қанжығаларына өңгерді. Ақтық ойында «Аманат» командасы күміс жүлдеге ие болып, меркіліктердің мерейі үстем болды. 7-4 есебімен аяқталған ойында жерлестеріміз ерекше қайрат көрсеткеніне куә болдық.

Кіл мықтыдан құралған Меркі құрамасы 3 миллион теңгеге қол жеткізсе, алаң иелері 2 миллион теңгені қанағат тұтты. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы сертификаттар табыс етілді.

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист,

Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар