
Іссапар барысында медициналық қызмет сапасы, емдеу-алдын алу шараларының орындалуы, кадрмен қамтылу және материалдық-техникалық база мәселелері талқыланды.
Сержан Сәрсенбекұлы медицина қызметкерлеріне бірқатар ұйымдастырушылық және әдістемелік тапсырмалар беріп, жүйелі жұмысты қамтамасыз ету жолдарын ұсынды.
Сапар нәтижесінде аудан халқына көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары жасақталып, бақылауға алынды.
Айта кетейік, Сарысу ауданында 37 082 тұрғын бар. Ауданда 1 аудандық аурухана, 1 ауылдық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Аудандық орталық аурухана 1969 жылы салынған. Қазіргі ғимарат талапқа сай емес. Жаңа аурухана салу мәселесі қарастырылып жатқанын айта кетейік.
Басқарма басшысы аудандағы кадр тапшылығы мәселесін қозғап, жаңадан келген жас мамандармен арнайы кездесті. Жас дәрігерлермен әңгіме барысында оларға кәсіби қолдау көрсету, қызметке бейімделуіне көмектесу және тұрақты жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, Сержан Сәрсенбекұлы медицина қызметкерлерінің пациенттермен қарым-қатынас мәдениетіне ерекше назар аударды. Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан медицина қызметкерлерінің дөрекі мінез-құлқы мен немқұрайдылығы туралы көптеген шағымдар түсіп жатқанын айтып, бұл мәселені шұғыл шешу қажеттігін ескертті.
Пациентке құрметпен қарау, медициналық этика мен деонтология қағидаларын сақтау, кәсіби адалдық пен жауапкершілікті күшейту сапалы медициналық көмектің басты негізі екенін жеткізді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне коммуникациялық дағдыларды дамыту, пациентпен сенімді әрі тиімді байланыс орната білу қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызды шарты екенін баса айтты.
Аудан халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында Сержан Назарбек аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айнұр Каликоваға пациенттермен қарым-қатынасты жақсарту, қызметкерлер арасында медициналық этика мен деонтология талаптарын сақтау, сондай-ақ қызмет сапасына байланысты шағымдардың санын азайту бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Ол әсіресе тұрғындар тарапынан жиі түсетін шағымдарды мұқият талдап, әрбір жағдайға жедел әрі әділ шешім қабылдауды және мұндай фактілердің қайталанбауын қамтамасыз етуді жүктеді. Сонымен қатар, шағымдардың шешілу барысы мен атқарылып жатқан жұмыстарды тікелей өзінің жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті.
Басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып, нәтижесін тұрақты түрде баяндап отыру қажеттігін ескертті.
Жұмыс сапары барысында басқарма басшысы «Сарысу аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының Саудакент ауылдық бөлімшесінің ауруханасын аралап, мекемедегі пациенттердің жағдайымен танысты. Қазіргі таңда ауруханада 14 науқас ем қабылдауда. Мекеме 31 төсекке арналған.
Аурухана ішін аралау кезінде Сержан Назарбек емдеу мекемесінің санитарлық жағдайын, медициналық қызметтің сапасын және науқастарға көрсетілетін көмектің деңгейін тексеріп, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, мекемеде қордаланған бірқатар проблемалық мәселені көтеріп, оларды шешу бойынша ауданның бас дәрігері Айнұр Каликоваға нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, медициналық құрал-жабдықтардың жаңартылуы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылым мәселелері назарға алынды. Басқарма басшысы көрсетілген кемшіліктерді жоюды және сапалы медициналық қызмет көрсетуге жағдай жасауды тапсырып, олардың шешілуіне уақыт берді.
Сондай-ақ, С.Сәрсенбекұлы медициналық қызметке қанағаттанушылық білдіріп, әлеуметтік желілерде пікір қалдырып, шағымдарын жазып жүрген жергілікті тұрғындармен арнайы кездесті. Кездесу барысында азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері тыңдалды. Басқарма басшысы олармен ашық диалог орнатып, кері байланыс жүйесінің маңызды екенін атап өтті.
Бұл кездесу жергілікті халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың денсаулық сақтау саласына қатысты ой-пікірлерін ескеруге бағытталған игі қадам болды. Азаматтардың айтқан ұсыныстары мен көтерген мәселелері алдағы уақытта жүйелі түрде қарастырылып, тиісті шаралар қабылданатын болады.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі