
Ал, басқа елдерді қайдам, бізбен бірге Қазақстандай қасиетті мемлекетті мекендеп жатқан өзге ұлт өкілдерінің Абайдың атын ғана біліп қоймай, шығармаларымен де жақсы таныс екенін әрі оны жатқа айтып бере алатынын көргенде кеудеңді қуаныш кернеп, төбең көкке жеткендей болады екенсің.
Олай деуіме Тараз қаласының «Салтанат» ықшамауданындағы 20-үйден ашылған кітап дүкенінің сатушысы Людмила Фёдорова себеп болып, қолыма қалам алдым.
Ол кісіні танып, білгеніме бір жылдың жүзі болды. Сол дүкеннің тұрақты сатып алушыларының бірі болғандығымнан ба, әйтеуір Люда апай екеуміздің кітаптар мен поэзия, тіпті өмір жайлы да әңгімеміз жарасып, бірте-бірте емен-жарқын сөйлесе бастадық. Ол өзі орыс болғанымен анасы мен күйеуі украин ұлтының перзенттері екен.
«Мен ешқайсысын алаламай, ұлттың бәрін тең көремін. Сондықтан әлі күнге дейін бәрімен аралас-құраластығым жақсы» дейді ол әңгіме арасында. Тілі бай, білетіні де көп. Жүріс-тұрысы мен іс-қимылынан еңбекқор әрі ұқыпты екені де көрініп тұр.
Шыны керек, басында мен оны кітапханашы немесе білім саласында еңбек еткен екен деп ойласам, өмір бойы «Қазхиммонтаж» зауытында есепші-кассир болып жұмыс істеп, құрметті демалысқа шығыпты. Одан кейін де ширақ та шымыр апамыз үйде отырмай отбасының қамы үшін кездескен жұмыстан нәпақасын тауыпты. Себебі ол кездерде жолдасы мезгілсіз дүниеден озған екен. Сондықтан да салмақтың көбісі Людмила Николаевнаға түсіпті. Сонда да ұл-қыз бен немере тәрбиелеуге уақыт тауыпты. Өзі жастайынан түрлі жанрдағы әдеби кітаптарды, әсіресе солардың ішінен поэзияны сүйіп оқыған екен. Сол үрдіс әлі де үзілмепті. Кейбір жанына жақын өлең-жырларды жаттап та алыпты. Оның үстіне сол заманда қай салада еңбек етсе де адамдардың көбісі газет-журналдардан бөлек, кітап оқушы еді ғой.
Қазақстаннан ғана емес, әр мемлекеттен шыққан әлемге танымал ұлы тұлғалар туралы да жақсы біледі екен. Олардың арасында дана Абайымыз да бар. Сосын мен тағы бір барғанымда алдымен Абай жайлы сұрадым да, данышпанымыздың дүниелерін қаншалықты білетініне көз жеткізбек ниетпен, жасыратыны жоқ әрі сынамақ болып, бір өлеңін оқып беруіне немесе әнін айтуына қолқа салдым. Жасы 75-ке келген қазыналы қарт мені баласынбай екі өтінішімді де орындады. Дәлірек айтсам, қазіргі мезгілге сай «Күз» деген өлеңін жатқа оқып, «Көзімнің қарасы» әнінің бір шумағы мен қайырмасын еш бұзбастан орындап берді. Ал мен іштей риза болып, шексіз алғысымды айттым да, өзге де келушілерге кедергі жасамайын деп рухты әсермен дүкеннен шығып кеттім.
Ол сондай-ақ қазақша жақсы сөйлей алмаса да аздап біледі және түсінеді екен. Және Л. Фёдорованың бойынан халқымызда бар бірнеше жақсы қасиеттерді де байқап қалдым.
Арада бір ай өткен соң қаламыздағы М.Х. Дулати атындағы көшеде тұратын Дамира есімді таныс әпкейдің туған күнінде болдым. Дамира әпке орыс тілді болған соң ба өз жақындарымен қоса, бірнеше өзге ұлт өкілдері де бас қосты. Олардың арасында құрметті қонақтардың бірі ретінде Людмила Николаевна да бар еді.
Отырыс барысында туған күн иесіне деген ақ тілектермен қоса әдемі әңгімелер де, әндер де айтылып жатты. Өз кезегінде Люда апай алпыстың асқарына шыққан Дамира Есенбекқызын құттықтап, сый-сияпатын жасады да көпшіліктің сұрауы бойынша орыс ақыны Михаил Лермонтовтың бір өлеңін мәнерлеп оқып берді. Сосын биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын да тілге тиек етіп: «Абайдай ұлы ойшылы бар қазақ елі бақытты!» дей келе «Туған күн иесінің және бүкіл қазақ халқының құрметіне арнаймын» деп Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» деген әнін шынайы көңілмен шырқата жөнелді. Риза болған қонақтар ол кісіге алғыс айтып, аямай қол соқты. Одан кейін жұп қылып, Шәмшінің «Арыс жағасында» әнін де орындады.
Қазақша аздап акцентпен айтқаны болмаса екі әннің әуендерінің де, мәтіндерінің де мұртын бұзбай айтып шықты.
Ұлтымыз ұлықталып, абыройымыз асқақтай түскен осындай сәтте Дамира әпке де қарап қалмай, халқымызға тән кеңпейілділігіміз бен салтымыз бойынша Л. Фёдороваға ұлттық киіміміз камзол кигізіп, басына ақ орамал жапты. Ал отырысымыз одан әрі қыза түсті.
Сонымен не керек, туған күн кеші біраз жерге жеткенде 75-ке келсе де қарттыққа қатты беріле қоймаған Л. Николаевна қайтатынын білдіріп, үй иесі мен көпшіліктен рұқсат сұрады да, жиналғандарды 25 қазан-Республика күнімен құттықтап: «Әр адам өзі тұрып жатқан мемлекеттің халқын, тілін, салт-дәстүрлерін құрметтеп, әнұранын жатқа білуі керек» деген ізгі ниеті мен отансүйгіштігін білдірді. Және Қазақстандай бірлігі жарасқан мемлекетте тұрып жатқандығын мақтан тұтатындығын да жасырып қалмады.
Сосын Әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным» әнін орнынан тік тұрып, оң қолын жүрек тұсына қойып шарықтата шырқап берді де бәрімен жылы қоштасып қайтып кетті.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген һакім Абайдың сөзіндегідей Л. Фёдорова адамзаттың бәрін сүйіп, қадірлейтінін сөзімен ғана емес, ісімен де дәлелдеп берді.
Сонда мен «Отаны бірдің жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір» деген сөз осындайда айтылған шығар деп ой түйдім.
Өмірде ақ пен қара қатар жүретіні секілді бұл кештен кейін кеудемді қуаныш кернегенімен көңілім аздап күңгірт тартты. Себебі Людмила апайдың ұлты орыс болса да Абай мен Шәмшінің әндерімен қатар, Әнұранымызды қатесіз жатқа айтып жатқанда өзге де ұлт өкілдері ізет танытып, бірге қосылып шырқады. Сол кезде бәрі болмаса да айта алмай ауыздарына құм құйылып отырған қазақтарды көргенде намыстан өртеніп кете жаздадым.
Ойды ой түртеді ғой, бұдан бөлек спортшыларымыздың байрақты бәсекелерде бірнеше рет Әнұранымызды айта алмай ұятқа қалғандарын қазақстандықтар жақсы біледі. Сондықтан Әнұранды айтуды балабақшадан немесе бастауыш сыныптардан бастағанымыз жөн болар еді. Ол енді бөлек әңгіме.
Менің қолыма қалам алғандағы басты мақсатым Людмила Николаевнаның өзі мен өмірбаяны жайлы емес, үлгі боларлықтай өнегелі жақтарын жазу еді.
Ұлтымыздың бағына туған тұлғаларымыздың тұғырларының да, туындыларының да, аттарының да асқақтай түсуіне және еліміздегі ұлтаралық достық пен татулықтың нығая беруіне оң септігін тигізіп жүрген Людмиладай ардақты азаматшаның осындай іс-әрекеттеріне іштей риза болып, өзіне де, өнеріне де, «Қазақстан!» деп соққан кіршіксіз жүрегі мен кішіпейілділігіне де бас идім. Осындай кісілермен де мемлекетіміздің мерейі үстем болып, келешегіміз жарқырай түсетіні анық.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист