
Түсіне білсек, әке — ең бірінші кезекте біздің қамқоршымыз, қорғанымыз, ұстазымыз, жол сілтеуші бағдарымыз.
Біздің қоғамда ең көп көрініс табатын әке мен бала арасындағы кикілжіңдердің себебі көзқарас қайшылығы деп ойлаймын. «Әке, бұл жаңа заман. Сен білмейсің, бұрынғы заман емес қой, енді мен өзім білемін, сен мені түсінбейсің» деп кей балалар әкелеріне ренжіп жатады. Осындай зілді сөздерді әке жүрегі қалай қабылдар екен? Мені қатты алаңдататыны да, қынжылтатыны да — осы.
Мен әкемді соңғы рет көрген кезімді ойласам, көзімнен жас парлап қоя береді. Ол 2014 жылғы 11 сәуір болатын. Ол кезде мен он жасар бала едім. Күндегі әдетіммен мектепке кеттім. Үйден шығар алдында әкем дастархан басында отырған. Дарбазадан шыққанда оның досы Әбдіраш ағаның келе жатқанын көріп, амандастым.
– Ассалаумағалейкүм, тәте (Біз жақта жасы үлкен ағаны осылай атайды).
– Уағалейкүмәссәләм, қалайсың? Әкең үйде ме? — деп сұрады әкемнің досы.
– Жақсы, тәте. Иә, үйде, ас бөлмеде, — деп жауап беріп, алған бағытыма қайта кете бардым.
Мектептегі күнделікті үйреншікті сабақтардың соңы дене шынықтыру пәнінен аяқталды. Сол күні біз «Қызыл ту — көк ту» ойынын ойнап, ерекше көңіл-күймен үйге қайтып келе жаттық. Қасымда Мәулен есімді сол кездегі көршім әрі сыныптасым бар еді. Үйге жақындай бергенде алдымнан велосипед теуіп келе жатқан Есәлі есімді көршім әрі досым шықты. Ол бізден бір сынып төмен оқитын.
– Ассалаумағалейкүм, қалайсыңдар?—деді.
– Уағалейкүмәссәләм, жақсы, өзің қалайсың? — дедік біз қосыла.
– Оның реңі сәл бозарып, кібіртіктеп тұрды да:
– Мүсән көке қимылсыз жатып қалыпты, бәрі сенің үй жағыңа жиналып жатыр, — деді де ары қарай жүріп кетті.
Есәлінің сөзінен көңіл-күйім бірден бұзылып, бойымды үрей билеп, мазам қашты да үйге қарай асыға жүгірдім. Жолай Мәуленнің үйінде інімді құшақтаған күйі жылап тұрған әпкемді көрдім. Оның жүзінен үрей көрініп, жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Үй ауласына жеткенде бір сәт не істерімді білмей, қалшиып тұрып қалдым. Меңіреу күйге түстім. Мен үшін бүкіл дүние төңкеріліп түскендей болды. Әкем көз алдымда еш қимылсыз жатыр.
– Әке, әке, бірдеңе деші, мұның бәрі өтірік, түсім деші, әке! — деп өз-өзіме қайталап, есеңгіреген күйде сұлқ түскен мені анамның:
– Мүсән! Мүсән! — деп жылаған зарлы үні оятты. Көзімді ашсам, бір топ адам әкемді көтеріп ішке алып бара жатыр екен. Сол сәт мен есім кіресілі-шығасылы күйде егіліп жылап тұрдым...
Келесі күні әкемнің жаназасын шығарып, мұсылманша жер қойнына тапсырдық. Бір уыс топырақ салып, Құран бағыштадық. Сонда мешіттегі молда ағайым айтқан қабірдегі сұрақтар, періштелердің келуі туралы ойлар жанымды жай таптырмады.
Осылайша, мен он жасымда әкемнен көз жазып қалдым. Тірі адам тіршілік жасайды деп жүргенде қанша уақыт өтіп кетіпті...
«Әкесі бар адамдардың басында алтын тәж болады, оны тек әкесі жоқтар көреді», — дейді данышпандар. Бұл рас екендігін мен білемін. Жоғарыда айтылған әңгіменің негізі осында жатыр.
Менің тілегім — әкелеріміз асқар таудай болып жүрсе, балалары оны қадірлеп, қастерлеп, әке жүрегіне қаяу түсірмесе екен деген асыл арман ғана.
«Әкем тірі болғанда...» деп күніне бірнеше рет күрсінетінімді, «Әкем айтты», «Әкем екеуміз бүйттік», «Әкеме айтқам» деп айналамдағы жандар әкелерін сөз қылғанда еріксіз қынжыла беретінімді, іштен тынып, үнсіз жылайтынымды олар қайдан түсінсін? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, барымызды көі тірісінде бағалай білсек екен!
Иә, әкесіз өмір кешіп жатқаныма 11 жылға жуықтады. Сол бір күн әлі есімде. Мен үшін бұл ең қорқынышты, ең жағымсыз түс секілді. Кейде сол күні әкеммен бірге өліп, қайта тірілгендей әсерге бөленемін. Себебі естеліктерімнің көбі бұлыңғыр. Кей кездерде құдды әкем қалың ұйқыдан оянып, «балам» деп құшақтайтын сияқты, мен оны қайта көрейін деп армандағандай боламын. Әкемнің дәм-тұзы таусылып, Раббысына қайтқанына әлі сенбеймін, көндікпеген сияқтымын. Мүмкін бұл — сағыныш, ал мүмкін бұл әке мен бала арасындағы терең махаббат шығар.
Сол жылы мен он жасқа аяқ басқан едім. Асқақ армандары бар, өзіне нық сенімді балалардың бірімін. Менің қасіретіме айналған оқиғадан кейін арманым мен мақсатым сәл солғын тартқандай болды. Әрине, бәрі жаман болған жоқ, бірақ бала көңілімдегі риясыз сезімдер мен сенімдер жойылып кеткендей еді. Кейін күнделік пен өлең жазуды әдетке айналдырдым. Бар сырымды ақ қағазға ақтардым. Жұбаныш іздедім. Елдің көңілімді аулап, мақтауы мені бақытты, арманшыл әрі өзіме сенімді етті. Бірақ ол сенімдер шынайы, кәміл сезімдер емес еді. Жай ғана уақытша құбылмалы күйлер болатын. Мен әлі сол күйде жүрсем де, жүрегімнің тұсы үнемі сыздап, көңілімде мұң шоғырлана береді. Мұң менің болмысыма сіңіп кеткендей, мінезіме айналғандай.
Өз сәтсіздіктерімді тек өзімнен көремін. Бар кінәні өз мойныма аламын. Тек бәрінің салдарын анықтап, ақиқатына көз жеткізгім келеді. Бұл оқиға тек мен үшін ғана емес, тұтас біздің отбасымыз үшін ауыр тиді. Қайран шешемді қатты аяймын. Бір кездері ол бізді 25 000 теңге жалақымен асырап, өсіріп жеткізгенін ойласам таң қаламын. Ол ақша қазір аса көп емес. Бір-екі киім алуға жететін ғана мөлшер еді.
Мұның бәрі Құдай Тағаланың бізді сынауы, мықты етуі шығар. Дегенмен өткенге көз жұмып, осы жағдайды толық қабылдау әлі күнге дейін қиын тақырып. Қиын құбылыс. Мен қанша қиналсам да, бұның бәрін артта қалдыруым керек. Бәрін өз қалпымда қабылдауды үйренуім, шыдауым керекпін. Бірақ қалай істерімді білмеймін... Болашағым үшін бұл аса маңызды екенін түсінсем де, кейде дәрменсіз күйде қалатыным бар. Өткенімді уақытында жіберіп, бүгінімді қабылдай алмағаным — менің ең үлкен қателігім болар...
Нұрбақыт Тұтқышбек,
Тараз қаласы