
АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДІ КІМДЕР АЛАДЫ?
Елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген болатын.
Айта кету керек, арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарт ретінде белгіленген. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемге қол жеткізеді.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.
Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 5387 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалыпты. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 5468 адам өтініш білдірген.
Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 436 адам жүгінген. Оның ішінде 431 адамға төлем тағайындалып отыр.
Ал төрт қаржыландыру көзінен берілетін арнаулы әлеуметтік төлемді (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 5032 адам өтініш білдіріп, оның 4956-і қолдау тапқан.
Сондай-ақ, 116 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 75 азамат SMS-хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 6 өтініш берушіге арнаулы әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылды.
Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 66 адам, 4 көзден – 720 адам), Павлодар (2 көзден – 27 адам, ал 4 көзден – 671 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 39 адам, ал 4 көзден – 398 адам) облыстарында тіркелген.
ӨНДІРІСТІК ЖАРАҚАТТАНУ ДЕҢГЕЙІ 3,4 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН
Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,7 пайызға түсті.
Профилактика мен бұзушылықтың алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат - Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 610 кәсіпорын қосылды.
Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тікелей моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.
Сонымен қатар, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері оны 50 125 жұмыс беруші пайдаланған.
Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда, ол 4 негізгі бағытты көздейді. Олардың қатарында тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттіліктер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру сынды межелі міндеттер қамтылған. Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 934 жұмыскер зардап шегіп, оның 133-і қаза тапқан. Өзекті өртейтін статистика. Әйтсе де мамандар биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2024 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,4 пайызға төмендегенін айтып отыр.
Ағымдағы жылы 9 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,13-ті құрапты.
Дейтұрғанмен республиканың өндірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында - 103 адам,Шығыс Қазақстан облысында– 89 адам, Павлодар облысында – 68 адам, Ақтөбе облысында – 64 адам, Атырау облысында – 48 адам, Алматы қаласында 51 адам зардап шеккен.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері ретінде өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,2%), жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,6%), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (8,5%), жол қозғалысы ережелерін бұзу (7,8%) жағдайдары анықталып отыр.
Еңбекті қорғау фактілерінің бұзылушылықтары бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларды тергеудің 730 материалы жіберіліп, соның негізінде 211 қылмыстық іс қозғалған.
БІЛІКТІЛІКТІ РАСТАУДЫҢ БЕРЕРІ МОЛ
Биыл 2,3 мың адам кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту мүмкіндігін пайдаланды. Бұл рәсім ресми емес және информалды білім беру арқылы алынған білім мен дағдыларды растап, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі.
Біліктілікті тану кәсіби стандарттарға негізделіп жүзеге асырылады және үміткердің нақты кәсіпке қойылатын талаптарға сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта кәсіптік біліктілікті тануға арналған Кәсіптер тізілімі мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескеріле отырып, экономика салалары бойынша іріктелген 749 кәсіпті қамтиды. Соның ішінде 134 кәсіп бойынша біліктілікті тану міндетті түрде жүзеге асырылады, ал 615 кәсіп бойынша – ерікті негізде өткізіледі.
Ерікті түрде біліктілікті тануға өтініштер Ұлттық біліктілік жүйесінің «Career Enbek» цифрлық платформасында рәсімделеді. Сондай-ақ осы платформада кәсіптік біліктілікті тану орталықтарының бірін таңдап, рәсімнен өтуге болады.
Бүгінгі таңда «Career Enbek» платформасында ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм, қонақ үй бизнесі және басқа да салалар бойынша 63 кәсіпті (ерікті түрде расталатын) қамтитын 9 тану орталығы аккредиттелген.
Жұмыссыз азаматтарға кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өту мүмкіндігі беріледі. Ол үшін үміткер «Career Enbek» платформасында Кәсіптер тізілімінен бір кәсіпті және қолайлы тану орталығын таңдап, өтініш беруі қажет. Оң шешім қабылданған жағдайда үміткердің жеке кабинетінде 45 күнтізбелік күн ішінде қолдануға болатын электрондық ваучер пайда болады.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік біліктілікті тану орталығының желісін кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына дейін «Eurasian Resources Group» компаниясымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға негізделген және тиісті тану рәсімдерін енгізуді көздейтін 3 орталықты Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын «Allur», «Qaz Textile Industry», «Qarmet», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомПром», «Қазақмыс», «Қазақтелеком», «ҚазақстанТемірЖолы», KazGROW, HR сертификаттау орталығы секілді ірі компаниялармен және қауымдастықтардың базасына енгізу мақсатында машина жасау, энергетика, металлургия, көлік және логистика, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа орталықтардың құрылуы ресми емес және информалды білім беру арқылы алынған біліктіліктерді объективті бағалауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыскерлердың дағдыларының жұмыс берушілердің талабына сай екендігін, соның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкестігін растауға мүмкіндік береді және олардың жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ