
Еліміздің кең байтақ даласында, көкжелек ормандардың баурайында біз ескере бермейтін, бірақ өте маңызды іспен айналысып жүрген мамандық иелері бар. Олар – осы орманшылар. Сирек кездесетін аң-құс пен пен өсімдікке қауіп төнуі, орман өртінің жиілеуі, заңсыз ағаш кесудің артуы секілді адам қолымен табиғатқа түрлі нұқсан келтіретін жағдайлар орманшыларды алаңдататын ең басты мәселенің бірі. Сондықтан да табиғат байлығын қорғаумен айналысатын орманшылар әлі күнге дейін сұранысқа ие. Осы орайда біз «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары арқылы оқырмандарды аталған сала мамандарының бір күндік жұмысымен таныстыруды жөн көрдік.
Жамбыл ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орманшысы Бақыт Сатовқа алдын ала хабарласып, онымен ертеңіне жоспар бойынша таңғы 08.30 шамасында жолықтық. Себебі біз оған жұмыс уақыты басталмай тұрып жолығуымыз қажет болды.
Мұндағы 8 орманшы аптасына 3-4 рет өздеріне бекітіліп берілген аумақты бақылаумен айналысады. Әр орманшының өзіне қарасты аумақтары бар. Айлық еңбекақылары 200-260 мың теңге аралығында. Бақыт Демеубайұлы 2016 жылдан бері осы қызметте жүр. Өз жұмысына тыңғылықты, жауапкершілігі мол маман жұмыстың қыр-сырын меңгергенін бір көргеннен байқатты. Аз-кем тілдескеннен кейін қолыма дүрбі алып, үстіме орманшылардың киімін кидім. Олардың арнайы қызметтік көліктеріне мініп, орманшы ретінде бір күндік міндетіме де кірісіп кеттім. Міндетім Сарбастау, Сарбұлақ, Қарасай, Құтырған сай аумақтарын бақылауда ұстау болса, сол күнгі жұмысым алдымен Қарасай сайын аралаудан басталды. Жалпы Қызыл қайнар орманшылығы 14 082 гектар болса, бізге қарасты 3 аумақтың көлемі 3 997 гектарды құрайды екен. Діттеген жерге жеткенге дейін өзіме жүктелетін міндетке барынша қаныға түсу үшін жолай Бақыт Демеубайұлын сөзге тартып, өз жұмысын қалай атқаратыны жөнінде сыр суыртпақтадым.
– Таңертең өзіме қарасты айналымды аралап, аумақтың тыныштығына көз жеткізгеннен кейін, аймақтағы жер пайдаланушылардың қоныстарын бір шолып қайтамын. Жұмыс орнына келгеннен кейін бақылау орнына келіп, аумақ ахуалдарын жеткізіп отырамыз. Аймағымызда арқар, елік, қабан, үнді жайрасы, қоян, түлкі, мәлін, жыртқыштан қасқыр, шибөрі, құстардан кекілік, үкі, жапалақ бар. Сондай-ақ таулы аймақтарда үнді жайрасы сирек көзге түседі. Сонымен қатар аумақтарды демалыс орны ретінде пайдалануға, аңшылық жасауға болмайды. Аңшылар, браконьерлерге келер болсақ, заңсыз аң аулайтындар жоқ десекте болады. Қарамағымыздағы аумақтарда рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілетіндіктен, заңсыз аң аулауға жол бермейміз. Бірақ аңшылар кездескен жағдайда аң аулауға рұқсат қағазы бар-жоғы, қару құжаттарының заңдылығы тексеріледі,– деді Бақыт Демеубайұлы.
Жол-жөнекей бірінен-соң бірі кездесіп жатқан жер пайдаланушыларға қайырылып, хал-ахуалын білуді жөн көрдік. Бақыт Демеубайұлының жол бастауымен жер пайдаланушылармен жүздесіп, бірде құжаттарын тексеріп, енді бірде төтенше жағдай орын алғанда қолданылатын құрал-жабдықтарды қарауды ұмытпадым. Мысалы, сондай бір қонысқа келгенде ондағы жер пайдаланушыға өзімді кәдімгі орманшы ретінде таныстырып жүрдім.
– Қайырлы күн! Мен орманшы Сымбат Нұрболқызы Қуанышпын. Құжаттарыңызбен, төтенше жағдай орын алғанда қолданылатын құрал-жабдықтарыңызды көрсетіңіз, – деп кезекті рет тағы бір жер пайдаланушыға өзімді таныстырып, тексеру жұмысына көштім.
Жер пайдаланушысы бірден құжаттарымен, құрал-жабдықтарын түгелдеп, маған көрсетіп жатты.
Жер пайдаланушыларды аралап болғаннан кейін Сарбастау сайына табан тіредік. Дүрбімізді көзімізге тақап, сай мен тау-тасқа көз жүгірттік. Түске дейін 3 сайдың шығыс бетін аралап, түстен кейін батыс беткейін бақылап қайттық. Қимылы ширақ, мінезі жайлы жол бастаушымның экология саласында аянбай еңбек етіп келе жатқанына биыл 10 жыл толады екен. Мамандығының табиғатпен етене жұмыс жасауына әсері мол болғанын да жасырмайды.
– Жұмысымыз таңғы 09.00-де негізгі мекемемізде басталып, кеш қарая сағат 18.00-де аяқталады. Бірақ күндіз-түні рейдтік шараларды уақытқа қарамай жүргізе береміз. Сонымен қатар көктем мезгілінде, әсіресе сәуір айларында ерекше жануарларды бақылауға аламыз. Сәуір, қыркүйек айларында жануарлар тұзға зәру болады, сол уақыттарда белгіленген жерлерге жабайы аңға арнап тұз себіледі. Қыс мезгілінде, яғни қаңтар, ақпан айларында тұяқты аңға жем, шөп шашамыз. Қолдап шашылған азықты жеуге келген жануарларға арнайы «Аң тапқыш» мамандар санақ жүргізеді. Оларға жемшөп арнайы қызметтік және жүк көліктерімен тасымалданады, –дейді Бақыт Демеубайұлы.
Жұмыс барысында бұған дейін көрмеген түрлі өсімдіктер мен құстарды көзіміз шалып жатты. Бір уақытқа тоқтап, биік төбелерге шығып алыс көкжиекке көз тастап, бір сәтке жан тыныштығын сезінгендей болдық. Әліміз құрып, аяғымыз талғанын да кеш бата бірақ байқадық. Шаршағанымызды көрген орманшы Бақыт Демеубайұлы жігерімізді жани сөйледі.
– Табиғатпен жұмыс істеген соң әрбір мәселенің алдын алуымыз керек. Заңсыз аң аулайтындар бар, рұқсат етілмеген аймақтарға демаламыз деп кіріп кететіндер, темекі тұқылын өшірмей кететіндер бар. Уақыт өте келе етің үйреніп, шыдамды бола бастайсың. Заң бұзғандарды инспекторлар келгенше немесе айыппұл салғанша тырп еткізбей ұстап тұратын батылдықты да меңгеруге тиіссің. Дегенмен бұл жұмысты шын жанымен қаламаған адам істей алмайды, – деген оның сөзі еңсемізді тіктеуге себепші болды.
Кеш бата уақытша болса да бір күн бірлесе жұмыс атқарған әріптестерімізбен естелік суретке түсіп, қош айтыстық. Әрбір мамандықтың өзіне сай қиындығы мен қызығы бар. Ең бастысы адал ақысын тауып жүрген жұмысын мақтан тұтып, махаббатпен орындайтын адамның табысы берекелі болатыны сөзсіз.
Сымбат ҚУАНЫШ