Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Төрт түліктің саулығы – сақтықта

Төрт түліктің саулығы – сақтықта
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр. Осы мәселеге айрықша назар аударған жөн» – деген болатын.

Президент осы сөзі арқылы ауылшаруашылығының дамуы ең алдымен малдың саулығына байланысты екенін меңзеп отыр. Расында да агроөнеркәсіп кешенімен қоса, ауыл тұрғындарының да тыныс-тіршілігі малшаруашылығымен біте қайнасып жатқаны белгілі. Сол үшін де күн ұзаққа мал соңында жүретін шаруа баққан ел үшін төрт түліктің амандығы қашанда маңызды. Егер мал-жан ауру-сырқаудан аман болса, одан алынатын өнімнің сапасы да, оны тұтынатын халықтың да денсаулығы қалыпты жағдайда болады. Мемлекет басшысы сөз еткендей, егер ветеринария саласы баяу дамып, қажетті деңгейде жұмыс істей алмаса, оның салдары індеттердің дер кезінде анықталмауына, екпе жұмыстарының ойдағыдай жүргізілуіне кері әсерін тигізеді. Бұл ретте жер-жерде ветеринариялық қызметті күшейтіп, мамандардың жағдайын жақсарту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және ауылшаруашылығының қауіпсіз дамуына қолайлы жағдай жасау күн тәртібінен түспеуі керек. Осы ретте біз облыста аталған салада жұмыс қай деңгейде жүргізіліп жатқанына назар аударған едік.

Осы жылы облыс аумағында ветеринариялық іс-шараларды өткізуге барлығы 4,6 миллиард теңге бөлініпті. Ауылшаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 16,5 миллион вакцинация және 5,6 миллион қан алу манипуляциясын жүргізу жоспарланған. Жыл басынан бері 10,4 миллион вакцинация және 3,6 миллион қан алу манипуляциясы орындалыпты. Облыста бекітілген ауылшаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жоспары бойынша бүгінгі күнге дейін 1 319 448 төлдің құлағына сырға салынып, деректер базасына енгізілген.

Қазіргі уақытта облыстағы төрт түліктің саны 4,5 миллионнан асып жығылады. Барлық жануарлар «IT-COR» атты электрондық жүйе арқылы тіркеліп, есепке алынуда. Бұл жұмыс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң негізінде жүргізіліп жатқанын айта кету керек.

Өңірде иесіз қалған мал-жанды уақытша ұстауға арналған 11 приют жұмыс істеп жатса, одан бөлек, Т.Рысқұлов, Шу және Қордай аудандарында малды уақытша паналату орындарының құрылысы жүріп жатқан көрінеді. Қаңғыбас иттерді аулап, зарарсыздандыруға жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлініпті. Конкурстың нәтижесінде бұл жұмысты 24,1 миллион теңгеге облыстық ветеринария стансасы мамандары атқаруда. Сонымен қатар биыл 44 жаңа ветеринариялық пункт салу жоспарланса, қазір оның 32-сінің құрылысы жүргізілуде. Ал бір нысан Шу қаласында дайын күйінде сатып алыныпты.

Облыс әкімінің қолдауымен ветеринария саласының жұмысын жақсарту үшін 50 жаңа «Нива» автокөлігі мен 160 термошамадан сатып алынған екен. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 420 миллион теңге және 13,6 миллион теңге жұмсалыпты. Сонымен қатар тағы 50 «Нива» автокөлігін алу үшін 400 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланыпты. Бұған қоса 1 150 жиынтық қысқы арнайы киімге тапсырыс берілген.

Сібір жарасы ауруының алдын алу бағытында 2025 жылы 189 тіркелген көміндіні күтіп-ұстауға және зарарсыздандыруға 12,1 миллион теңге бөлініпті. Барлық көмінділер қоршалып, бетондалған, ал маңайына «Сібір жарасы», «Қауіпті аймақ» деген ескерту белгілері қойылған. Қуанышқа орай, жыл басынан бері бұл ауру бойынша күдік анықталмаған.

Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы іс-шаралар жоспары бойынша Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандарында және Тараз қаласында тиісті жұмыс жүргізілген. 46 елді мекенде екі кезең бойынша тиісті аумақтар дезинсекцияланған (кенеге қарсы өңдеу). Жалпы 5,7 миллион шаршы метр аумақ, 24 мыңнан астам мал қорасы, 168 мың шаршы метр қорғаныс аймағы және 580 мыңнан астам мал залалсыздандырудан өткен. Бұрын кенеге қарсы жұмыстарды әртүрлі ұйымдар атқарып келсе, 2025 жылдан бастап бұл міндет толықтай облыстық ветеринария стансасына жүктеліпті. Соның арқасында өткен жылмен салыстырғанда адамдарды кене шағу жағдайы айтарлықтай азайған.

Осы жылы жануарларға ветеринариялық қызмет көрсету тарифтері көтерілгенін айта кету керек. Соның нәтижесінде ауылдық және аудандық ветеринарлардың еңбекақысы 143 мыңнан 300 мың теңгеге дейін өскен. Бұдан бөлек, жануарлардың өлекселері мен биологиялық қалдықтарын жою үшін облыста 44 «Беккари» биотермиялық шұңқыры жұмыс істеуде. Биыл тағы 30 шұңқыр салу жоспарланса, олардың 21-і дайын.

Жалпы аталған салада көңілге қонымды тірлік Жуалы ауданында да атқарылуда. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Сүйіндіковтің айтуынша, мұнда ветеринариялық қызмет күшейтіліп, мал арасында тарайтын аурудың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Жуалы аудандық ветеринариялық бөлімде 85 адам жұмыс істеп жатса, мал санына қарай қажетті дәрі-дәрмек пен екпе толық жеткізіліп, мал дәрігерлері тұрақты түрде қора-қопсыларды аралап, түсіндіру, алдын алу жұмыстарын лайықты атқаруда. Сондай-ақ ауылдық ветеринариялық пункттер шетінен жаңартылып, қызметкерлер арнайы көлікпен қамтылуда. Осындай нақты атқарылған іс-шаралар нәтижесінде ауылшаруашылығының қауіпсіз дамуына және тұрғындардың сала мамандарына сеніммен қарауына мүмкіндік туып отыр.

– Ауданда жыл санап мал саны артып келеді. Атап айтқанда, 52 453 ірі қара, 250 351 бас ұсақ мал және 23 911 жылқы тіркелген. Биылғы төл алу жоспары негізінен орындалды, 17 701 бұзау, 80 000 қозы, 7 100 құлын алынды. Ұсақ малдың төлдерін сырғалау жұмыстары біраз кешігіп жатыр, себебі құлақ жапсырмалары кеш келді. Дегенмен жұмыстар қазір тиісінше жүргізілуде. Сонымен бірге ересек малдардың да түсіп қалған құлақ жапсырмалары қайта тағылуда. Осы күнге дейін 2 600 ірі қара мен 12 100 ұсақ мал қайта сырғаланды. Жылқыларға да арнайы электронды чип орнату қолға алынған. Қыркүйектен бері 2 000 дана чипке тапсырыс беріліп, қазір жеңілдетілген ақыға чиптеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мал санағы бойынша 49 елді мекен қамтылды. Шалғай ауылдар мен қыстақтарда малды есепке алу жөнінде түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Биыл ветеринариялық анықтамалар да электронды жүйе арқылы рәсімделіп отыр. Жыл басынан бері №1 үлгідегі 2 083 және №2 үлгідегі 684 анықтама беріліп, барлығы БАБЖ (Бірыңғай автоматтандырылған база) жүйесіне енгізілген. Дегенмен, сатып алушының жеке нөмірін енгізу талабына байланысты анықтама беру кезінде кейбір техникалық қиындықтар туындауда. Аудандағы ветеринариялық бөлімнің қарамағында бір орталық станса және 14 ветеринариялық пункт бар. Қазір 11 ауылдық округ ветеринариялық пункттермен толық қамтамасыз етілген. Ал Бауыржан Момышұлы, Көкбастау және Күреңбел ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттер әкімдік ғимараттарында орналасқан. Өткен жылы ауыл әкімдері мен шаруалардың қолдауымен 10 пунктке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес 2025 жылы Күреңбел мен Көкбастау ауылдарында, ал 2026 жылы Бауыржан Момышұлы мен Билікөл ауылдық округтерінде жаңа үлгідегі ветеринариялық пункттер салынбақ. Құрылысы басталуы үшін қажетті жер телімдері де анықталып қойды. Мемлекет басшысының реформалары аясында облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ауданға 5 жаңа «Нива» қызметтік көлігін, дәрі-дәрмек пен екпе, қан сынамаларын тасуға арналған 14 термошамадан және мал дәрігерлерге арналған арнайы киім мен аяқкиім берді. Осы жылға арналған мемлекеттік тапсырысқа сай жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы профилактикалық іс-шаралар уақытылы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – төрт түліктің денсаулығын сақтау және аурудың таралуына жол бермеу. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес ірі қара малға түйінді дерматитке қарсы 42 700 малға, аусылға қарсы – 55 000, туберкулезге қарсы – 28 000, қарасанға қарсы – 5 000, Сібір жарасының алдын алу үшін 52 600 малға вакцина егілді. Сондай-ақ аусылға – 270 000, Сібір жарасына – 202 204, брадзотқа – 5 000, эктима (пустулездік дерматит) ауруына қарсы 5 000 қойға тиісті екпе салынды. Сібір жарасына қарсы 18 350 қылқұйрықтыға және 10 000 жылқыға обаданға, 500-іне маңқаға, 1 000-ына сақауға, 3 мыңына салмонеллезге қарсы екпе егілді. Сондай-ақ құтыруға қарсы жабайы жануарларға 600 доза вакцина таратылды. Вакцинациялау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Диагностикалық жұмыстар да қатар жүргізілуде. 2025 жылдың наурыз айынан бастап бруцеллез ауруын анықтау мақсатында қан сынамалары алынып, зертханалық тексерулер жүргізілуде. Жалпы тексерілген мал саны ірі қарадан 53 500-ді, ұсақ малдан 200 600-ді құрады. Зертханалық тексеру қорытындысы бойынша 45 ауылшаруашылығы жануарынан бруцеллез ауруы анықталды. Ауру шыққан малдар санитариялық талаптарға сай сойылып, ұсақ малдар қайта өңдеуге жіберілді – дейді Бақыт Үшкемпірұлы.

Жуалы ауданында мал союға арналған бір ғана арнайы пункт болса, ол Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан екен. Қазіргі таңда бұл нысан тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Мұнда мал санитарлық талаптарға сай сойылып, ет өңдеу және сақтау жұмыстары жүргізілуде. Пункттің барлық инфрақұрылымы толық қамтамасыз етілген, яғни газ, су және электр желілері тартылған.

Аудан аумағында бұрын тіркелген Сібір жарасы ауруының көмінді орындары бар. Атап айтқанда, мұнда 45 ошақ тіркелген. Барлық көмінділер санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Әрбір нысан бетонмен қапталып, мықтап қоршалған, сыртында арнайы ескерту белгілері мен атаулары жазылған тақтайшалар орнатылыпты.

– Мұндай орындарда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Жылына бір рет ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, залалсыздандырылалады. Сонымен қатар жер мен ауа сынамалары алынып, зертханалық тексеруден өтеді. Осы арқылы аурудың таралуының алдын алуға және халықтың, малдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салып жатырмыз. Ауру дендеп, арам өлген, яғни пайдалануға жарамсыз мал өлекселерін қауіпсіз түрде жою да маңызды жұмыстың бірі. Ауданда мұндай өлекселерді жоюға арналған төрт биотермиялық (беккери) шұңқыр бар. Олар Көкбастау, Мыңбұлақ, Боралдай және Күреңбел ауылдық округтерінде орналасқан. Қазіргі уақытта Мыңбұлақ пен Көкбастау ауылдық округтеріндегі шұңқырлар толып қалғандықтан, олар консервацияға, яғни уақытша пайдаланудан шығарылған. Ал Күреңбел мен Боралдайдағы шұңқырлар қалыпты жұмыс істеп тұр. Мұнда санитарлық талаптар қатаң сақталып, мал өлекселері экологиялық қауіпсіз тәсілмен жойылуда. Бұған дейін Билікөл ауылдық округінде жаңа беккери шұңқырын салу ұсынысы берілген болатын. Бұл нысан ветеринариялық заң талаптарына сай салынып, қазіргі таңда оны аудандық ветеринариялық стансаның теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір айта кетерлігі мұндай шұңқыр Қарасаз, Шақпақ және Ақтөбе ауылдық округтеріне де керек. Сол себепті ауданның ветеринария бөлімі бұл ауылдарға да беккери шұңқырын салу жөнінде аудан және облыс әкімдігіне ұсыныс білдірген. Бұл жұмыстар 2026 жылы республикалық қаржы есебінен жүзеге асырылмақ. 2025 жылға 750 қаңғыбас итті аулау жоспары қойылып, бүгінгі күнге аудан бойынша осы иттер толық ауланды. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімдіктерінің қолдауымен қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізілуде. 1000 ит ITKOR базасына тіркеліп, 50 төбетке кастрация, 20 қаншыққа стерелизация отасы жасалды. Ауланған қаңғыбас иттер уақытша панажайда ұсталуда, – дейді Б.Сүйіндіков.

Ветеринар мамандардың еңбегі елеуге тұрарлық, олардың дені өз ісінің нағыз шеберлері. Төрт түліктің саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп, жылдың кез келген мезгіліне қарамай еңбек етуде. Соның бірі – Ерлан Құрал. Ол Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат ауылында тұрады. Мұндағы ветеринариялық пунктте 4 маман жұмыс істейді. Ерлан жастайынан ауыл тіршілігінің қыр-сырына қанығып өскен, елгезек, еңбексүйгіш жан. Бала кезінен малға жақын болып, төрт түліктің бабын жасауды үйреніп өскен өрен өзінің болашағын осы саламен байланыстыруды әу баста мақсат тұтқан екен. Осы арман жетелеп, Алматыдағы Қазақ аграрлық университетіне оқуға түсіп, бес жыл бойы білім алып, ветеринария мамандығын игеріп шыққан екен.

– Ауылшаруашылығы – ел экономикасының берік тірегі. Ал осы саланың ішінде ветеринарияның орны ерекше. Малдың саулығы – халықтың денсаулығы мен тұрмысының кепілі. Ерлан өзінің туған ауылына адал қызмет етіп жүрген жас маман. 2019 жылдан бері туған жерімде еңбек етіп жатырмын. Бүгінде ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген жайым бар. Әр күніміз мал дәрілеу, шопан ауылдарын аралаумен өтеді. Керек кезде шаруашылық иелерінің қасынан табылу біздің басты мақсатымыздың бірі. Малдың аурудан аман болуы – халыққа жасалып жатқан жағдай деп білемін. Сондықтан әрбір шақыруға дер кезінде барып, қолдан келген көмегімізді аямаймыз, – дейді ол.

Өз ісіне адалдықпен қараған жас маман екі жыл ауылдық ветеринариялық пункттің меңгерушісі қызметін атқарыпты. Қазір ветеринар-дәрігер ретінде еңбек етуде. Қайрат ауылының тұрғындары оны еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде бағалайды. Ерлан Нұрбекұлы отбасында қамқор әке. Жары ұстаздық жолды таңдаған мұғалім, бүгінде бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақтың отанасы. Ауыл халқының тұрмысын жақсартуға үлес қосып, елдің малының саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жас ветеринардың болашаққа құрған өзіндік жоспары бар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар