Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Таза Қазақстан» – теңдессіз жоба

«Таза Қазақстан» – теңдессіз жоба
Автор
Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» үлкен қоғамдық қозғалысқа, күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Акцияның мақсаты – елді мекендерді, өзен-көлдерді, орман алқаптарын, жол бойларын тазалау, көгалдандыру, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, ең бастысы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Елімізде өткен жылы акция бұрын-соңды болмаған ауқымды көлемде өтті. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен барлық өңірде экологиялық сенбіліктер өткізілді. Акцияға миллионнан астам азамат қатысып, 1 159 тоннадан астам қоқыс жиналды, 1 609 мыңнан аса ағаш көшеті егілді. Экологиялық нормаларды бұзған 105 дерек анықталды. «TazaQazBot» электронды платформасы іске қосылып, 7 929 өтініш қабылданса, 7 061-і орындалды. Бұдан бөлек мектептер мен колледждерде экологиялық тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Қала мен ауыл тұрғындары арасында табиғатты қорғауға бағытталған түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Акция аясында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениеті қалыптасты.

Облысымыз да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалысып келеді. Тараз қаласында экологиялық акция аясында жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы сайт іске қосылып, облыс орталығындағы жасыл желектердің бірыңғай дерекқоры қалыптастырылуда.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша бүгінгі күнге дейін сенбіліктерге 109,4 мың жамбылдық қатысқан.

– Акция аясында 56 тарихи-мәдени ескерткіш, 100,5 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 3,1 мың шақырым көше жолы, 858,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазаланды. Нәтижесінде 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылған. Биыл облыс аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 11,9 миллиард теңге қаралды. Аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланымдағы орындарда қоқыс тастау фактілері бойынша 31,3 мың дерек тіркеліп, жалпы 273,9 миллион теңгеге айыппұл салынды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамы жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағынан 198 бей-берекет қоқыс үйіндісі анықталды. Бүгінде олардың 78 пайызы бойынша жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 57 ауылдық округ арқылы өтетін республикалық маңызы бар 954 шақырым автомобиль жолы апта сайын округ әкімдерінің ұйымдастыруымен тазаланады. «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша Телеграм-бот арқылы жыл басынан бері 470 өтінім түскен. Оның ішінде 424 өтінім мерзімінде қаралып, 3 өтінім бойынша бас тартылған, тағы 3 өтінім қаралу үстінде, – дейді Ғ.Исақов.

Сонымен қатар «Жасыл белдеу», «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2 000 тал егу» іс-шаралары аясында көктемде 303 мың көшет отырғызылған.

Десе де Тараз қаласында қоқыс мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Зерделеу нәтижелері бойынша қаланың әр аумағында бей-берекет қоқыс үйінділері кездеседі. Жағдай көңіл көншітпейді, ықшамаудандардағы тазалық та төмен деңгейде.

Жуырда Тараз қаласындағы «Қызыл-Абад» тұрғын алқабында өткен ағаш отырғызу акциясына қатысқан облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы да қала әкімдігіне экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ жаңадан орнатылған қоқыс алаңдарына бейнебақылау жүйелерін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы акцияға қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ түрлі кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.

Сондай-ақ облыс әкімі Тараз қаласындағы «Жансая» ықшамауданында өткен санитарлық тазалық шараларының барысымен танысып, тұрғындардың белсенділігіне ризашылығын білдірді.

Осы күні өткен көгалдандыру және тазалық шараларына 61 мыңға жуық тұрғын қатысып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға белсенді үлес қосты.

Сонымен қатар жақында еліміздің белсенді жастары Алматы қаласынан бастау алған кең ауқымды «Таза Қазақстан» road-эстафетасы аясында Әулиеата өңірін де қамтып, облыс аудандарында және Тараз қаласында тазалық жұмыстарын жүргізді. «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған, облыс әкімдіктері мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі қолдау білдірген бұл акция жастарды ортақ мүддеге жұмылдырды.

– «Таза Қазақстан» эстафетасын бар болғаны ғана қоқыс жинау шарасы деп қабылдау жаңсақ пікір. Өз ісіміз арқылы облыс жастары Президент бастамасын толық қолдайтынын көрсеткіміз келді. Қоқысты шығару үшін «КамАЗ» көліктерін қолдандық, жол полициясы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Бастысы жергілікті тұрғындар мен жүргізушілер де эфтафетаға үлестерін қосып, қуанышымызды еселеді. Демек, «Таза Қазақстан» идеясы халықтың жүрегінен орын тапты, – дейді «Жастар рухы» облыстық филиалының консультанты Мерей Жолдасбек.

Үш күн ішінде қатысушылар өңіріміздің 6 ауданын және облыс орталығын қамтып, 500 шақырым жол жүрді. Олар тек жол бойын тазартып қана қоймай, өңірдің және елдің болашағы туралы жастармен еркін пікір алмасты.

Нәтижесінде үш күнде 60 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тек бір күннің өзінде шамамен 30 тонна қалдық жиналды. Олардың ішінде пластикалық бөтелкелер мен пакеттер, әйнек, бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптамалар бар. Айта кетерлігі қалдықтар сол жерде сұрыпталып, пластик, шыны және қағаз бөлек жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.

Акция барысында Бауыржан Момышұлы және Тұрар Рысқұлов ауылдарының жастары ерекше белсенділік танытқан. Эстафета барысында «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы Ақерке Искандирова, экоактивист Диас Талғатұлы және Экологиялық даму орталығының жетекшісі Танир Ясса ауыл жастарының өзекті мәселелерін тыңдап, ашық диалог өткізді. Жастар интернетке қолжетімділік, жоғары оқу орындарына бөлінетін квоталар, жұмыс орындары, мәдени және спорттық нысандардың қажеттілігі жөнінде сауалдарын қойды.

– Біздің мақсат – сіздермен бірге елдің болашағын талқылап, пікірлеріңізді білу. Қазір ауыл жастары интернет сапасы, бос уақытты өткізетін орындардың тапшылығы, оқу мен жұмыстың қолжетімсіздігі сияқты нақты мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бірақ дәл сол жастар – осының бәрін өзгерте алатын күш. «Таза Қазақстан» road-эстафетасы – рухани тазалықтың, экологиялық мәдениетінің көрінісі. Әр адам экологияны, тарих пен Отанды қорғау ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігі екенін түсінуі керек. Егер бәріміз өзімізден бастасақ, Қазақстан жасыл әрі заманауи елге айналады, бұл – ортақ жеңісіміз болады, – деді Ақерке Искандирова.

Мұндай шаралар елдің экологиялық мәдениетін нығайтып қана қоймай, бірлік пен азаматтық сананы қалыптастырады.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар