Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мойынқұм ауданы қалай құрылды?

Мойынқұм ауданы қалай құрылды?
Автор
1939 жылы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жамбыл облысы құрылды. Облыстың құрамына 10 аудан кірді. Сол тұста қазіргі Мойынқұм, сол кездегі Көктерек ауданы да Шу ауданынан бөлініп, жеке шаңырақ көтерді. Көктеректің құрамына Қызыларна, Қызылтал, Көкірек, Көктерек, Куйбышев, Сарқырама, Қараөзек және Фурманов селолық советтері берілді. Аудан орталығы Бірлік селосы Шудан алыс емес еді. Көктерек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Қамбар Молдабеков тағайындалды.

1940 жылы 7 наурызда Жамбыл облыстық партия конференциясы өтеді. Осы жиында Көктерек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Қамбар Молдабеков баяндама жасайды.

«Ауданда 39 ферма ұйымдастырылды. Оның ішінде арнайы тауарлы фермалар – 4, мал табын фермалары – 26, қой шаруашылығы фермалары – 9. Сонымен қатар 4 475 бас мал сатып алынды, оның 4 480-і аналық бас. Фермаларды толықтыру үшін тағы 3 013 бас аналық қой мен 500 сиыр қажет. Ауданда жылқы малы бойынша жағдай нашар. 18 колхозда бірде-бір бас жылқы жоқ.

Бұл шаруашылықтар БК(б)П Орталық комитетінің бастамасымен таратылып, Қосқұдық механикаландырылған мал шаруашылығы пунктіне берілді. 1939 жылы «Қызыл Қазан колхозы» орта есеппен әр гектардан 14 центнер бидай, 22 центнер тары алды. «Ақдала» колхозы орта есеппен әр гектардан 26 центнер тары жинады. Бұл колхоздың бригадасы (бригадер Жарболов) 39 центнер тары алуға қол жеткізген.

Мал ішінде эпидемиялық сипаттағы бірқатар аурулар – кебенек, туберкулез, қышыма, трипаносомоз және басқалар кездесуде. №30 мал дәрігерлік мекемесінің ветеринарлық қызметкерлері бұл аурумен күресте әлсіздік танытуда. 1939 жылы бір ғана кебенек ауруынан 2 000 бас ешкі қырылды. Әлі де 3 ветеринариялық маман жетіспейді.

Ауданда БК(б)П-ның ХVIII съезінен кейін партия қатарына 72 адам кандидат ретінде қабылданды. Ал бұрынғы кандидаттардың ішінен 22 адам пария мүшелігіне өтті.

Ауданда жастарды партия қатарына тарту ісінде кемшіліктер баршылық. 995 комсомолдың ішінен бар болғаны 17 адам ғана партия қатарына кандидат ретінде қабылданған. РайЗО мен МРС-тің бастауыш партия ұйымдары аудан құрылғаннан бері бірде-бір адамды партия қатарына қабылдамаған. Партия мүшелері мен кандидаттарына партиялық құжаттарды беру жұмысы ұзаққа созылып жатыр. 1 наурыздағы жағдай бойынша 17 партия мүшесі мен 27 кандидат партиялық құжаттарын әлі алмаған. Қазіргі уақытта райкомда бірде-бір партиялық құжат бланкісі жоқ.

Аудандағы кейбір бастауыш партия ұйымдары партияға қабылдау ісіне формалды түрде қараған. Соның салдарынан партия қатарына енбеуге тиіс элементтердің өтуіне әрекет жасалған жағдайлар болды. Мысалы, «Қызыл Ту» колхозының бастауыш партия ұйымы 10 жылға сотталған және ішкіш Тоқбұзар Тойбагаровты, сондай-ақ Садық Тасыбековты партия қатарына кандидат ретінде қабылдаған. Ең үлкен кемшіліктердің бірі – көптеген ұймдарда кандидаттармен жұмыс істеудің мүлдем қанағаттанғысыз жүргізілуі. Бұл жағдай кей кандидаттардың 6-7-8 және одан да көп жылдар бойы партияға өтпей, «мәңгілік кандидаттар» атануына әкеліп соғады. Мұндай жағдайлар Көктерек аудынында да бар. Мысалы Хван Вон Сик, Сартова және Тойбағаров 1931-1932 жылдардан бері кандидаттар қатарында тұр.

Саяси тәрбиелік жұмысты күшейту мақсатында аудан комитеті сауаты төмен және сауатсыз коммунистер үшін арнайы курстар ұйымдастырды. Одан бөлек 4 саяси сауаттылық үйірмесі құрылды.

Ауданда 1940 жылғы егіс жоспары 6804 гектарды құрайды. Дәнді дақылдардың тұқымы тазартылып, қанбаға салынып қойылды. Алайда 1020 гектар картоп және 34 центнер күнжіт тұқымы жоқ. Бұл тұқымдарды аудан көлемінде табу мүмкін емес. Ауданда бірде-бір тұқым сепкіш жоқ – бұл өте қиын жағдай. Күріш егісі үшін де әзірлік жүргізілмеген, егіс маусымына тауарлар мен күнделікті қажетті заттар мүлде жоқ. Жамбыл облысы бойынша Қазтұтыну одағының ұйымдастыру бюросы бұл мәселелер бойынша әрекетсіздік танытып отыр» делінген бірінші хатшының баяндамасында.

Жамбыл облыстық мемлекеттік архивіндегі «Жамбыл облысының 1941 жылдың алтыншы наурызынан бірінші қарашасы аралығындағы қысқаша экономикалық сипаттамасы» атты құжат материалдары жаңа құрылған Көктерек ауданының экономикалық, әлеуметтік жағдайларынан хабардар етеді.

Көктерек ауданы Жамбыл облысының солтүстік шығысында орналасты. Аудандағы тұрғындар саны 1939 жылғы 1 қаңтарда 12 049 адам болса 1941 жылдың 1 қаңтарына 13  220 адам болды. Халықтың басым көпшілігін қазақтар құрады. Сондай-ақ ауданда Айдарлы, Коминтерн, Бірлік, Көлтабан, Көркей, Көктерек, Ақдала, Кеңес-1, Қызылту-1, Қызыл Октябрь, Семисозақ, Жаңатілек, Фрунзе,Чапаев, Жаңатерлік, Қызылотау, Жамбыл, Ынталы, Алғатарт, Көкий, Қызылту-11, Кеңес-11, Жаңаталап, Алға, Ерназар, Карл Маркс, Талдыөзек, Буденный сынды 28 колхоз болды.

1941 жылы ауданда 5 675 гектар егіс алқабы болса, 1 015 гектарына күздік бидай, 2180 гектарына жаздық бидай, 124 гектарға сұлы, 555 гектарға тары, 68 гектарға күріш, 1 000 гектарға күнжіт, 80 гектарға картоп, 106 гектарға жүгері, 67 гектарға арпа, 13 гектарға қызылша, 400 гектарға жоңышқа, 9 гектарға асқабақ, 30 гектарға бау-бақша өнімдері егілді.

Ауданда бір ғана Балқаш көлінің жағасында Бурылбайтал балық зауыты жұмыс істеді. Зауыттың өндірістік «Новая Заря» және «Промысловик» атты екі артелі болды. Бурылбайтал балық зауыты 1941 жылы 10 айда жоспарды 99,7 пайызға орындады. «Промысловик» артелі жылдық жоспарды 127,4 пайызға орындады. 1940 жылы балық өндеуден 711, 455 мың рубль кіріс көрді.

Ауданда 1941 жылдың алғашқы айында 20 мектептің бастауыш мектептерінде 598 бала, 3 орта білім беретін мектепте 582 бала оқушы білім алды. Тағы 2 орта мектепте 519 бала білім алды. Ауданда өзге оқу орындары болған жоқ. Оған қоса мектеп жасындағы 1 699 оқушы түгелдей қамтылды.

Сонымен қатар 11 балалар бақшасында 314 бала қамтылды. 36 сауда нүктесі болды. бесеуі дүкен, 31-і шағын ларектер еді.

Аудан алғаш құрылған жылдары «Ұзын тоған» каналы қазылды.

Енді-енді ел болып, шаруасын күйттеп жатқан қазақ жұртына 1941 жылы 22 маусымда бұрқ ете қалған соғыс қасіреті қатты тиді. Ер-азаматтар майданға аттанып, бар тіршілік қарттардың, әйел, қыз-келіншектердің мойнына артылды.

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Мойынқұм өңірінен Шу әскери комиссариатынан аттанған адамдардың дұрыс мәліметі жоқ. Алайда 821 адам елге қайта оралған. Соғыс басталған 1941-1942 жылдары қыс өте қатты болды. Тұтқиылдан басталған соғысқа әзірлік қайдан болсын. Партия халыққа өтініш жасап, ең алдымен жау өтіндегі жауынгерлерді киіммен қамтамасыз етуді қолға алды. Көктерек ауданының еңбекшілері де партияның үндеуін қолдай отырып соғыс даласына 473 шолақ тон, 354 пар пима, 175 қолғап, 237 шұлық, 220 жылы шұлғау, 65 жылы ішкиім, 372 құлақшын, 177 мақталы бешпет, 104 жылы шалбар, 87 көрпе, 383 ішкөйлек, 136 ішкиім, 127 орамал, 373 жастық тысы, 225 жұқа шұлғау, 800 келі жүн, 152 тері, тағы да басқа заттар жөнелтті. Бурылбайтал балық зауытының ұжымы 113 шолақ тон, 105 бас пима, түлкі терісіне 120 құлақшын, ал «Қызыл Ту»колхозының колхозшылары 21 пар пима, 15 шолақ тон, 100 метр кездеме, «Ақдала» колхозының колхозшылары 17 шолақ тон, 15 пар пима, 11 көрпе, «Қызыл Октябрь» колхозының колхозшылары 23 шолақ тон, 21 пар пима, 80 метр кездеме, 25 құлақшын тарту етті.

«Айдарлы», Коминтерн, «Кеңес» колхоздарында тон тігетін қолғап, шұлық тоқитын үйірмелер құрылып, жұмыс істеді. «Айдарлы» колхозының колхозшы әйелдері 100 шұлғау, 15 шолақ тон, 30 жастық тысы, 30 пар қолғап әзірлеп берді. «Жаңатірлік» колхозынан 20 тон, 17 пар пима, 35 құлақшын өткізілді.

1943 жылдың 14 қарашасында жаудың қоршауынан азат етілген Ленинградқа жамбылдық делегация мол азық-түлік жеткізді. Делегацияны Көктерек аудандық комитетінің хатшысы Жолай Әлімбаев бастап барған болатын. Жамбылдықтар 1945 жылға дейін майдан даласына 34 вагон азық-түлік жіберді. Сонымен бірге азат етілген аймақтарға мал берді. Бұдан басқа әртүрлі қорларға қаржы, жылқы берді. Мәселен 1943 жылы «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға республика бойынша 305 миллион 17 мың сом қаржы жиналғаны жөнінде ҚазТАГ-тың хабары жарияланды. Осы хабарда танк колоннасын жасақтауға жамбылдықтардың үлесі 17922 мың сом болғандығы да айтылған. Ал жамбылдық комсомол мүшелері «Комсомолец Джамбула» жастар танкін жасау үшін 130 мың сом жинаған.

1941 жылдың басынан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тоқан Тілеуберлин тағайындалды. Алайда кейін қызметінен қуылып, көп ұзамай әскер қатарына аттанған.

1943 жылы сәуір айында партия комитетінің бірінші хатшысы болып Кәрім Шорабеков тағайындалды. Соғыс жылдарында Самат Ашықов та бірінші хатшы қызметін атқарды.

Ол жылдары салық саясаты еңбекке жарамды адамдардың бәріне қатысты болған. Ет, сүт, тері-жүн дайындау тапсырмасын барлығы орындау міндетті еді. Малы бар-жоғына қарамайтын. Тышқақ лағы жоқ адамға да жоспарды орындау талап етілген. Егер тапсырма орындай алмаса, ол қарыз келесі жылға қалатын. Осылай жұрт мемлекетке қарыз болып, кіріптар болып қалатын.

Бала-шағасы бір тілім нанға зар болып, аш құрсақ отырған, ертеден қара кешке дейін кеңшардың, кәсіпорынның қара жұмысына жегілген адамдарды зорлағандай қылып мемлекеттік заемға да жаздырған. Заемға жазылудың қатаң тәртібі осылай жүргізілді. Одан бүкіл ауыл, аудан, облыс халқы қағыс қалған жоқ. Еңбекақысын берерде, болмаса қолындағы азын-аулақ малын сатса да заемға жазылуға мәжбүрледі.

Соғыс жылдарының ауыртпалығы аздай, осындай салық түрлері халықтың тақыр кедейге айналуына әкеп соқты. Мемлекеттің талабы, Сталиннің пәрмені солай деп айтылғандықтан оған қарсылық білдіруді ойлаудың өзі күпірлік еді.

... Жалпы Мойынқұмның ең даласы өз алдына аудан ашуды сұранып тұрғандай еді. 1964 жылы «Қазақ КСР-ында қой шаруашылығын өркендету үшін шөл және шөлейт жайылымдарда игеру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Осы қаулыны орындау – төменгі Шу мен Бетбақдаланы игеру арқылы, ол жерлерде қаракөл қойын өсіретін бес совхоз ұйымдастыра отырып, совхоздарға дұрыс басшылық жасау және олардың рентабелді жұмыс істеуіне тиісті жағдай туғызу үшін Мойынқұм ауданын қайта құру қажеттігі туды. Ақыры көп ұзамай Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиуымының 1964 жылдың 31 желтоқсан күнгі «Қазақ ССР-інде жаңа аудандарды құру және басқа әкімшілік-территориялық өзгерістер туралы» Жарлығымен Мойынқұм ауданы құрылды. Орталығы Фурмановка селосы болды. Оның құрамына Шу ауданының Жамбыл, Қызылту, Коминтерн, Құмөзек, Сарқырама, Ұланбел және Фурманов. Талас ауданының Жайлаукөл селолық Кеңесі, Шу қалалық Кеңесінің Ақсүйек, Верный, Хантау, Шығанақ қалалық поселкілері енгізілді.

Ауданның сол кездегі аумағы 72,1 мың шаршы шақырымды құрады. Бұл облыс аумағының 50 пайызы болса, қазіргі аумағы 55,5 мың шаршы шақырым, яғни облыстың 42,3 пайызын алып жатыр.

1965 жылы қаңтар айының басында Қазақстан компартиясы Мойынқұм аудандық ұйымының бірінші конференциясы болып өтті. Конференцияны аудандық ұйымдастыру бюросының төрағасы Айтбай Назарбеков ашып, жүргізді. Оның жұмысына Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қатысады. Жаңа құрылып жатқан ауданның алдында қандай міндеттер тұрғанын осы конференцияда негізгі баяндаманы жасаған Асанбай Асқаровтың баяндамасына зер салайық.

«Колхоздар мен совхоздардың мал шаруашылығы өнімдерін сатудан түсетін пайдасының 76,2 проценті қой шаруашылығынан түседі. Қой өсіретін шаруашылықтардың көпшілігі пайдамен жұмыс істеп келеді. Облысымызда қазір 1,198 мың «Оңтүстік Қазақстан мериносы» тұқымды қой бар, бұл биязы жүнді барлық қойдың 80,8 проценті. Биязы жүнді қой тұқымының сапасын жақсартумен бірге, таза қанды асылтұқымды қаракөл қойын өсіру жөнінде де біраз жұмыстар істелді. Қаракөл қойлары аса бағалы елтірі және кілем тоқылатын жүн береді. Бұл қой тұқымын өсіретін Талас және Шу өндірістік басқармалары тәп-тәуір табыстарға жетіп келеді. Облысымызда қаракөл қойын өсіретін тамаша шеберлер бар. Жаңа құрылып отырған осы Мойынқұм ауданына қарайтын Амангелді атындағы совхоздан аға шопандар Д.Бейсентаев, Р.Әбіжанов әр жүз саулықтан 132-145 қозы, Фурманов атындағы совхоздан Роман Байжанов, Үреков, Исаев 140-150 қозы, «Айдарлы» совхозынан Тұрсынбеков, Ахметжанов, Ділдаш Итбасова 145-150 қозы, «Көктерек» совхозынан Исабек Әйтішев, Біртаев 160-173 қозы алуға жетті. Мұндай озаттар аз емес.

Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Жазылбек Қуанышбаев ақсақалды бүкіл елдің бәрі біледі. Облыста қой шаруашылығын одан әрі өркендетудің мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отыр. Соңғы жеті жылда қой санының орташа өсімі 1,4 процент қана болды.

Етке өткізілген қой малының қондылығы төмен болуына байланысты, облыс шаруашылықтары еттің жоспарын орындау үшін 20 мың бас қойды артық тапсырып отыр. Облыста мал қоралары мен жемшөп базасының жайы төмен, бізге 3,173,2 мың басқа қора керек болса, 1,925 мың басқа ғана қора бар, яғни 60,7 проценке ғана қамтамасыз етілген. Тіпті қой суару жұмысы 53 процентке ғана механикаландырылған.

СССР Министрлер Советі қой шаруашылығын одан әрі өркендету мәселесіне зор маңыз бере отырып, 1964 жылы «Қазақ КСР-ында қой шаруашылығын өркендету үшін шөл және шөлейт жайылымдарды игеру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес 1970 жылы қой етін өндіруді 49 мың тоннаға, жуылмаған жүн өндіруді 16,3 мың тоннаға, қаракөл елтірісін өндіруді 550 мың данаға, ал қой санын 5,580 мың басқа жеткізу міндеті белгіленіп отыр.

Қаракөл қойы басының баяу өсуінің негізгі себебі – қаракөл елтірісін алу үшін қозылар жоспардағыдан артық сойылады. Өсіру үшін қалдырылған 35,5 мың еркек қозының орнына ұрғашы қозы қалдырылғанда, саулықтардың саны 47 басқа көбейетін еді. Бұл – үлкен бір совхоздың малы. Қаракөл қойын өсірушілер өсіруге еркек қозы қалдыру – отардағы саулық басының кемуіне әкеп соғатынын ешуақытта ұмытпауы керек. Бұл малды өз төлі есебінен өсіруді кері кетіреді. Отарларда ірі саулықтар саны 75 процент болу орнына «Айдарлы», «Мойынқұм», Жамбыл атындағы, Амангелді атындағы совхоздарда 59-64 процент қана болып отыр. Сонымен бірге, Мойынқұм ауданы таяу жылдарда жаңадан ұйымдасқан төрт совхозға өз резерві есебінен қаракөл қойларын беруі керек.

Совхоздарда мал шаруашылығының өнімділігі өте төмен. Осының салдарынан, мемлекетке ет және жүн тапсыру жоспарын орындамады. 1964 жылы мемлекетке 16,6 мың центнер ет, 992 центнер жүн өткізілмей қалды. Егер аудан совхоздары етке өткізілген ірі қара малдың орта салмағын Мойынқұм совхозының өткізген салмағына жеткізіп өткізгенде, 500 бас ірі қара мал үнемделер еді. Етке өткен қой салмағы «Фурманов» совхозының өткізген 52 килограмнан өткізгенде аудан бойынша 5500 бас қой басы үнемделген болар еді.

Шу өзенінің алқабына орналасқан совхоздардың жүгері егуге зор мүмкіндігі бар екендігін ескерсек, бұл дақылға сумен қамтамасыз етуге болатын ең құнарлы жерлерді бөлу керек. Әрбір совхозда комлексті – механикаландырылған звенолар құрып, агротехникалық шараларды дұрыс жүргізе отырып, жерге органикалық және минералдық тыңайтқыштарды енгізуге көңіл бөлу қажет. Шөбі нашар жайылымдарды жақсарту үшін әрбір совхоз ол жерлерге изен, теріскен, еркек сияқты жабайы шөптердің ұрығын егуі қажет. Өзбекстанның біраз совхоздары біздің Мойынқұмның осындай шөптерінің ұрығын жинап алып егіп, өздерінде өсіріп отыр. Оларда изен егісінің әр гектарынан 1,2-1,5 центнерден ұрық, 20-28 центнерден өнім алынып отыр. Өткен жылы Амангелді атындағы, Жамбыл атындағы, «Мойынқұм» және «Шу» совхоздарында изеннен 18,5 центнер, теріскеннен 8,48 центнер өнім жинады. Алайда, Шу және Мойынқұм совхозы ғана 164 гектар жерге ғана жабайы шөп ұрығын сепкен. Сонда 300 гектар жерге жететін 19 центнер шөп ұрығы босқа қалды. Өйткені, мерзімі өткен ұрықтың да сапасы болмайды. Қолдан шабындық жасау үшін көлемді жерлерге біржылдық немесе көпжылдық шөп егу керек. Шу өзенінің жағдайында бұл шөптер жақсы өнім береді. Жоңышқа егуді қолға алу керек. Шу өзенінің суын дұрыс пайдалана білу керек, су жайылатын жерлерді құрғату, жайылымдықтармен шабындықтарға су жаюды ойластырған жөн. Ауданның перспективалық жоспары бойынша 1970 жылға дейін 1,177,4 мың гектар жерді суландыру үшін 341 шахталы және 110 трубалы құдық салу керек. Сонда ауданда шахталы құдықтың саны 673-ке, трубалы құдықтың саны 178-ге дейін жетеді. Мұның өзі ауданның бүкіл жайылым жерді толық суландыруға мүмкіндік береді» дейді А.Асқаров.

Осы жиынның сонынан Қазақстан Компартиясы Мойынқұм аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып Айтбай Назарбеков сайланды. Жер көлемі бүкіл Жамбыл облысының 42 пайызға жуығын алып жатқан ұлан-ғайыр аумақты партияның аграрлық саясатына сай дәйектілікпен басшылыққа алып, іске асыру онай шаруа емес. Сол заманда шөл және шөлейт аймаққа жататын Бетпақдала өңірін халық игілігіне иіп әкелу тыңға түрен салумен пара-пар еді. Сарысуда туып-өскен ол 1946-1950 жылдары салынған Мойынты – Шу теміржол құрылысына аталған ауданның адамдарын бастап келіп, алғаш рет Мойынқұм жеріне аяқ басқан екен. Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен майдангердің еңбек жолы Көктерек ауданындағы (Мойынқұм ауданы негізінен осы ауданның аумағында ашылған) басшылық қызметімен жақсылық жалғасады. Ал Шу ауданы мен Көктерек ауданы қосылғанда, аудандық атқару комитетеінің төрағасы болған.

Иә, Айтбай Назарбеков ширек ғасырға жуық Мойынқұм, Көктерек аудандарын басқарғанда шын мәнінде туған елінің қадіріне жетіп, қастеріне жеткен, нағыз халық жанды азамат екенін танытты. Оған бұл бедел ұзақ жылдары атқарған елеулі еңбегінің арқасында келді.

Кең ойлап, кесек пішетін Айтекеңнің Мойынқұмның экономикасы мен мәдениетін дамытудағы, халықтың тұрмыс-тіршілігін көтерудегі жұмысы сол кезде бүкіл республикаға мәлім болды.

Масатыдай құлпырған жаз келсе төбеден күн, жерден құм қыздырып қақтайтын, көктемі мен күзі бірде аңызақ, бірде суық желді, суырынды құмды, қысы аязды, қарлы-боранды бұл өңір шын мәнінде тек қайсар жандардың мекені іспеттес көрінгенімен, табиғатының адам жанын аялайтын сәттері аз емес. Ал, сол жерде қоян-қолтық тұрмыс кешкендерге одан өткен жұмақ жоқ көрінеді. Шынында Мойынқұм – тұнба байлық мекені, мол ырыс ордасы. Қалың жынысты Шу бойы, сексеуілді құмы, көгалды-шұратты шежірелі Хан тауы, қазандай төңкерілген Жамбыл тауы қойнаулары жыртылып айырылған аң-құсқа, жерасты қазба байлыққа толы. Көлемі облыстың тең жартысына жуығын алып жатыр. Айтса айтқандай, бұл жер сан ғасыр береке-дәулетін ішке бүгіп, сырын ашпай құлазып жатар еді. Оған тіршілік әкелу Айтбай Назарбеков басқарған аудан тұрғындарының еншісіне тиді. Олар осы мақсатта терін төкті. 1965 жылы ауданның тізгіні Айтбай Назарбековтың қолына тигенде аудан арыз-шағымнан көз ашпаған берекесі қашқан ауданның бірі еді.

Құм түледі, жер гүлдеді. Сонымен бірге, адамдар өмірі нәрленді. Қоғамдық мал шаруашылығын интенсивті өркендетуге бет бұрғанда жаңашыл Айтбай Назарбеков республикада алғашқылардың бірі болып оны іліп әкетті.

Ұлағатты да өркенді іс өрісін тауып жатты. Өйткені мұнда әр сөзін қолмен қойғандай айтатын екі мәрте Еңбек Ері атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев бастаған озат малшылар шоғыры жеткілікті еді. Олардың қатарында Еңбек Ерлері, шаруаға тындырымды Ділдаш Итбасова, аузынан әзілі түспейтін Шоман Шәріпбаев, Құдайберген Біртаев, қой қырқудан екі дүркін одақ чемпионы атанған Шотай Тайбағаров, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Нұржамал Туғанбаева, тағы басқа еңбек майталмандары бар еді.

Халыққа сіңген адал еңбегі үшін Айтекеннің абыройы артып, атағы елге жайылды. Өнер мен мәдениеттің, әдебиет пен ғылымның қайраткерлері ол кісіні өте жақсы көрді. Ғабит Мүсірепов, Еркеғали Рахмадиев, Әзілхан Нұршайыхов, Нұрғиса Тлендиев, Атымтай Қисанов, Шәмші Қалдаяқов сынды атақты қайраткерлер Алматыдан Мойынқұмға қарай ағылып келіп жатушы еді. Басына киіз үй тіктіріп алып, бағланның етін былбырата пісіртіп, сары қымызды сапыртып, сайын даланың самалын жұтып, жан рахатына батты талай.

Осы ұзақ жылда Айтбай Назарбеков малшы қауыммен тонның ішкі бауындай жақын болды. Биік мінберлерден, алқалы топтың алдында айтылмаған сөзін шопанның қыстауында, кең жайлаудың төрінде отырып айтқан-ау. Ол сөз «жекеменшік 200 қойың жоқ болса, несіне мал бағасын». Дәл сол жылдары Мойынқұмның халқы өте бақуатты тұрды десек жарасады. Халықтың бай дастарқаны, қонакжайлылығы көпті тәнті ететін. Мәселен әр отарда 450 ары кетсе 500 қой бағылды. Қалғанын малшының жекеменшігіндегі мал құрады. Өзге аудандар мәселен, ең малы көп Талас ауданында әр малшының отарында 750-ден кем қой болмайтын. Бірінші хатшылар өз қамын ойлады. Осы малшылардың жетістігімен алтын жұлдыз тағуды армандады. 90 жылдары Кеңес үкіметі тарағанда сол малшылар үйсіз-күйсіз далада қалды. Неге? Еті тірі бірен-саран малшылар болмаса көбісі жоқшылықтан күйзеліп кетті.

Әділбек БАҚҚАРАЕВ,

облыстық мемлекеттік архивтің архивисті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар