
– Төтенше жағдайлар министрілгі 1995 жылы 19 қазанда құрылған. Дәл осы күні сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органды құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Маңызды шешім төтенше жағдайларды алдын алу және оларды жоюдың тиімді жүйесін құру ісіндегі шешуші сәт болды. Үш онжылдықта біздің сала талай сынақтан өтті. Мамандарымыз апатпен арпалысты, от пен судың ортасында жүріп талай адамның өмірін сақтап қалды. Бүгінгі күні де құтқарушылар өз ісіне адал, ел мен азамат өмірінің күзетшісі болып келеді. Біз үшін ең үлкен марапат – халықтың амандығы мен алғысы. Мерейтойға облыстық төтенше жағдайлар департаменті де барынша үлесін қосып, өңірден жаңа муралдар, құтқарушылар аялдамасы ашылды. Сонымен қатар «Гүлденген гарнизон» акциясы ұйымдастырылып, қайырымдылық іс-шаралары өткізілді. Жақында ғана Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері 30 жылдыққа орай Тараз мамандандырылған колледжі студенттері үшін фото-көрме ұйымдастырды. Іс-шара барысында құтқарушылар студенттерге таныстыру экскурсиясын өткізіп, облыс құтқарушыларының қызметімен және олардың күнделікті еңбегімен таныстырды. Сондай-ақ, төтенше жағдайларды жою кезінде қолданылатын арнайы техникалар мен жабдықтар көрсетілді. Қалай десек те үш онжылдық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жолындағы табанды қызмет кезеңі. Осы мерейлі сәтте барлық әріптестерімді, ардагерлерді және құтқарушы мамандығын таңдаған жас буынды шын жүректен құттықтаймын!, – деді А.Тоқанов.
Бүгінде аталған ведомствомен бірге оның ержүрек қызметкерлері де есейіп, шыңдалып, өз ісінің кәсіби мамандарына айналған. Сондай ержүрек азаматтың бірі – Мадияр Әбдәшім.
Мадияр Мейірханұлы 1995 жылы Шу қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Төле би ауылындағы №19 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет ететін құтқарушы 2002-2011 жылдары А.Макаренко атындағы орта мектепті тәмамдап, 2014 жылы №10 колледждің студенті атанады.
Колледжді бітірген соң Отан алдындағы азаматтық борышын Атырау қаласында шекара қызметінде өтейді. 2017 жылдан бері №19 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы болып еңбек етіп келеді. 8 жылдық тәжірибесі бар азаматтық қорғау аға сержанты 2022 жылы бөлімше командирі болып тағайындалады.
Осы жылдар ішінде Мадияр жүздеген шақыруға барып, тілсіз жауды тізгіндеп, зардап шеккендерді құтқарған. Ақыры не болары белгісіз оқиғалардың ортасынан табылып, өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып жүрген кейіпкеріміз естелігімен бөліскен еді.
– Өртсөндіруші-құтқарушы мамандығына қызыққандықтан осы салаға келдім. Бұл саланың қиындығы баршаға белгілі. Дегенмен жұмысым өзіме ұнағандықтан құтқарушы болу қиынға соқпады. Әр оқиғаға барған сайын алдымен адамдарды құтқарып, одан кейін ғана өртті өшіреміз. 2021 жылы Бәйдібек ауылында ауқымды өрт болды. Бірінші бөлімшемен 3 қызметкер сол жерге жедел жетіп, 2 үйді аман алып қалғаным есімде қатты қалған. Бұдан бөлек көптеген нәтижелі құтқарулар болған, – дейді М.Әбдәшім.
Мадияр Мейірханұлы сол жылы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған алапат өрт пен жарылыстың салдарын жоюға, отты ауыздықтауға қатысқан. Бұл оқиға да кейіпкеріміздің есінде ұзаққа сақталған көрінеді. Оның айтуынша, осы саладағы барлық әріптестерін ерлік пен өрліктің хас үлгісі ретінде көрсетуге болады.
– Өртсөндіруші болу – бұл жай ғана мамандық емес. Бұл ерлікке толы өмір дағдысы. Менің міндетім – адамдардың амандығын, мүліктері мен өмірлерін қорғау. Тәуліктің кез келген уақытында қызметтік борышымды атқаруға дайынмын. Қауіпке қарсы тұруды, өртпен күресуді, адам жанын арашалауды басты парызым деп санаймын, – дейді азаматтық қорғау аға сержанты.
Кейіпкеріміздің сөзінше, соңғы жылдары құтқарушыларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Оның ішінде баспана жалдау өтемақысы – сала мамандарына айтарлықтай қолдау.
Баланың басты парызы – ата-ана үмітін ақтау. Бұл орайда қарапайым жұмысшы болып 3 перзентті жеткізген Ғалия Ақылбаеваның еңбегін де ескерген жөн. Балаларының ортаншысы болған Мадиярдың қауіпке толы жұмысы ана жүрегін алаңдатпай қоймасы анық. Сондықтан әзиз анаға батыр перзентті дүниеге әкеліп, күрделі салаға тәрбиелеп бергені үшін бөлек алғыс айтуға болады.
Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылы дүниеге келген құтқарушының бірі – Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының №4 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып жүрген өртсөндіруші-құтқарушы Мәулен Шілдебай.
Мәулен Серкеғалиұлы абыройлы еңбегімен ел тыныштығына үлес қосып келеді.
– Өртсөндіруші – тек мамандық ғана емес, үлкен жауапкершілік пен ерлікті талап ететін өмірлік жол. Мен үшін бұл қызмет халықтың тыныштығын қорғау, адамдардың өмірін құтқару деген сөз. Жалынға қарсы тұрып, тілсіз жауды ауыздықтау оңай емес, бірақ осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Өртсөндіруші болғанымды мақтаныш санаймын. Себебі менің еңбегім – бір отбасының амандығына, бір баланың болашағына, бір әкенің, бір ананың өміріне араша түсу. Бұл – кез келген марапаттан биік, кез келген құрметтен қымбат сезім, – дейді ол.
Кейіпкеріміз «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ол өзінің еңбек жолын өрт қауіпсіздігі саласында бастап, стратегиялық нысандарда штаттан тыс жағдайларға ден қоюдың маңызды дағдыларын меңгерді. Бұл тәжірибе оның кәсіби шеберлігін шыңдап, кез келген төтенше жағдайға дайын болуына ықпал етті.
2021 жылдан бері Мәулен Тараз қаласы ТЖБ №4 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы лауазымында қызмет етіп келеді. Ол өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін физикалық төзімділікпен ұштастыра отырып, әрдайым кез келген жағдайда әрекет етуге әзір.
Расында да күн сайын өңір құтқарушылары өз өмірін тәуекелге тігіп, адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етеді. Мәселен, өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 10 төтенше жағдай тіркелген, олардың ішінде табиғи сипаттағысы – 1, техногендік сипаттағысы – 9 оқиға. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері өткен апта ішінде жалпы 82 рет шақыртуға шығыпты. Оның ішінде өрт сөндіру бөлімдері – 59 рет, жедел-құтқару жасағы 23 рет шыққан. Өрт сөндіру бөлімдерінің 8-і нақты өрт оқиғасына, 48-і жану жағдайларына, 1 рет авариялық-құтқару жұмыстарына және 2 рет өзге де сипаттағы оқиғаларға шыққан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, құтқару барысында зардап шеккен немесе қауіпсіз орынға көшірілген адамдар тіркелмеген.
– Жедел-құтқару жасағымен орындалған 23 шығудың барлығы авариялық-құтқару сипатында болды. Бұл жағдайлар кезінде де құтқарылған немесе эвакуацияланған азаматтар болған жоқ. Апта ішінде «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалынан 7 дауылды ескерту келіп түсті. Барлық ескерту тиісті қызметтермен пысықталып, облыс тұрғындарын хабардар ету мақсатында ұялы байланыс операторларына 20 хабарлама жіберілді. «101» және «112» кезекші желілеріне жалпы 5018 қоңырау түсті, оның 812-сі – жедел сипаттағы, ал 4 206-сы – жедел емес сипаттағы өтініштер. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен аптада бұл көрсеткіш 9 466 қоңырауды құраған екен. Мамандарымыз орын алған жағдаймен күресіп қана қоймай, оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша да түрі шаралар атқарып келді. Сөзімізге дәлел жақында облыс көлемінде төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін арттыру бағытында бірқатар іс-шара өткізілді. Нақтылап өтсек, Байзақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Бүркітәлиевтің төрағалығымен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда әрекет ету бойынша аудандық жедел штабтың отырысы өтті. Жиында төтенше жағдайлар кезінде болуы мүмкін сценарийлер қарастырылып, аудандық шұғыл әрекет ету жасағының мүшелерімен бірлескен іс-қимылдар мен салдарын жою шаралары талқыланды. Сонымен қатар, штаб мүшелерінің дайындық деңгейі тексерілді. Талас ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері болса жеке тұрғын үй секторларын аралап, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізді. Түсіндірме барысында «Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі», «Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау», «Балалардың терезеден құлауын болдырмау» және «Балалардың отпен ойнауына жол бермеу» тақырыптары қамтылды. Сол секілді төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамы жеке тұрғын үй секторларын аралап, тұрғындарға жылыту маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау, тұрмыстық жабдықтарды дұрыс пайдалану және өрттің алдын алу бойынша кеңес берді. Сонымен қатар, әр азаматқа өз үйінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Меркі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі де Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындарымен жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері №9 көпсалалы колледжде өрттің алдын алу және қауіпсіздік шараларын насихаттау мақсатында практикалық сабақ ұйымдастырды. Сабақ барысында студенттер мен оқытушыларға өрттің туындау себептері, өрт кезінде дұрыс әрекет ету тәртібі және алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану ережелері жан-жақты түсіндіріліп, эвакуациялау жолдары тәжірибе жүзінде көрсетілді. Колледж ұжымы мен студенттер құтқарушыларға пайдалы ақпарат пен практикалық тәжірибе үшін алғыстарын білдірді, – дейді К.Карташова.
Сондай-ақ Тараз қаласында орналасқан «Жамбыл облыстық оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де өрт-тактикалық сабақ өтіпті. Шараның негізгі мақсаты – адамдар көп шоғырланатын орындарда өрттің алдын алу, өртті жою тәсілдерін меңгеру және мекеме қызметкерлерінің өзара іс-қимылын пысықтау. Оқу-жаттығуға Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері және Апаттар медицинасы орталығының өкілдері қатысып, барлығы 3 техника және 15 адам жұмылдырылған.
Сценарий бойынша ғимараттың екінші қабатындағы бөлмеде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шартты өрт шыққан. Мекеме қызметкерлері өртсөндірушілерді жедел шақырып, алғашқы қауіпсіздік шараларын өз күшімен орындаған. Өрт сөндіру барысында бір жауынгерлік участок және екі газ-түтіннен қорғау буыны құрылып, өртті сөндіру және адамдарды құтқару жұмыстары жүргізілді. Шартты өрттің ауданы 25 шаршы метрді құрады. Құтқарушылар өрттен зардап шеккен 2 адамды құтқарып, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды. Олар алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетті. Сонымен қатар, 146 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Өрт оқиғасы қысқа уақытта толық жойылып, соңында төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері мекеме ұжымымен өрт кезінде атқарылатын іс-қимылдарды тағы бір пысықтады.
Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері есту қабілеті шектеулі және мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесіп, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізді. Кездесу барысында өрт кезінде дұрыс әрекет ету, эвакуациялау тәртібі және алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану тәсілдері ым тілі мен көрнекі материалдар арқылы түсіндірілді. Мұндай іс-шаралар халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға зор ықпал етеді.
Өткен апта соңында Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданында бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде тұрмыстық заттар жанған өрт оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері баспалдақ арқылы 8 адамды, оның ішінде 2 баланы эвакуациялап, өртті қысқа мерзім ішінде толық сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.
Жуалы ауданында да төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындармен кездесу өткізіп, өрт қауіпсіздігі ережелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік сауалнама ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру және жылыту маусымында өрттің алдын алу.
Шу ауданында тұрғындардың қысқы маусымға дайындығы пысықталып, төтенше жағдайлар бөлімі жеке тұрғын үйлердегі пештер мен мұржалардың техникалық жағдайын тексерді. Пештердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі ерекше назарда болды. Сонымен бірге, улы газдан уланудың алдын алу мақсатында үйлерге арнайы дыбыс сигналдары – улы газ датчиктері орнатылды. Бұл құрылғылар тұрмыстық газдың қауіпті деңгейін дер кезінде анықтап, тұрғындарды қауіп туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызметкерлер тұрғын үйлердің пеш құбырларын тазалау жұмыстарын ұйымдастырып, жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті.
Ал Сарысу ауданында төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық прокуратураның бірлескен шарасы аясында тұрғындарға улы газдан уланудың алдын алу мақсатында кеңес берілді.
Мұндай жүйелі шаралардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамдардың өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен қауіпсіздік – ең алдымен әрбір адамның өз жауапкершілігінен басталатынын естен шығармаған абзал. Құтқарушылар осыны күнделікті еңбегімен дәлелдеп келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ