
Бұл мамандық иелері үшін әрбір күн – сынақ пен тәуекелге толы. Олар төтенше жағдайда бір сәт те ойланбастан, адам өмірін құтқару жолында отқа да, суға да түсуге дайын. Нағыз батырлық пен елге деген адал қызмет – міне, осындай жандардың жүрегінен табылады.
Өрт сөндіру, адамдарды құтқару, апатты жағдайлардың алдын алу – батылдық пен төзімділікті, кәсіби шеберлікті талап ететін ауыр да жауапты қызмет. Осындай қиын да абыройлы істі өмірлік серік еткен азаматтардың бірі – Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің командирі, азаматтық қорғау старшинасы – Айдар Таласбаев.
Алғашқы еңбек жолын қарапайым өртсөндіруші-құтқарушы лауазымынан бастаған жас маманның күн-түн демей, тілсіз жаумен арпалысқан жылдары оның өмір мектебіне айналды. Өз ісіне адалдық пен жауапкершіліктің арқасында бөлімше командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, ұжымда беделді басшы болды. 20 жылдан астам уақыт бойы ол халықтың амандығы үшін талмай еңбек етіп, түрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жұмыстарына белсене араласа отырып, әріптестері арасында әділдігімен, талапшылдығымен және қарапайымдылығымен сыйлы болды. Оның тәлімін көрген жас мамандар бүгінде ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек етуде. Өміріне қауіп төнген талай жанды ажал тырнағынан арашалап қалған қарапайым еңбек адамын бейбіт күннің батырларының бірі деп толық айтуға болады. Қызмет барысында ол талай қиын сәттерді бастан өткерсе де, сабыр мен батылдық танытып, әрдайым өз міндетін абыроймен атқарды. Ел қауіпсіздігіне сіңірген еңбегі ескеріліп, «Өртке қарсы қызмет саласындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ және ІІ дәрежелі медальдарымен марапатталды.
Жақында еліне абыройлы еңбек еткен Айдар Таласбаев құрметті еңбек демалысына шықты. Зейнетке шығу рәсімінде әріптестері: «бейнетіңнің зейнетін көр» деген ізгі тілектерін білдіріп, өртсөндірушілердің ежелгі дәстүріне сай оның үстіне су шашылып, құрметпен шығарып салды.
– Өртсөндіруші мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Әрбір дабыл қағылған сәт – сын сағаты, әрбір сөндірілген өрт жеңіс секілді сезілетін. Осы жылдар ішінде талай қиындықты бастан өткердік, бірақ соның бәрі ел игілігі үшін атқарылған абыройлы еңбек деп білемін. Қатарымда қызмет еткен әріптестеріме, басшылыққа және сенім артқан халқымызға алғыс айтамын. Зейнетке шығу – өмірдің бір белесі. Ең бастысы, артымда із қалды деп ойлаймын. Бүгінде менің орнымды басып келе жатқан жас мамандар бар, оларға тек табыс тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, тілсіз жаудың алдын алу жолында жүрген барша әріптестерімнің еңбегі жемісті болғай, – деп ізгі тілегін білдірді Айдар Таласбаев.
Жылдар бойы ел игілігі үшін еңбек етіп, абырой биігінен көрінген маманның өмір жолы – нағыз еңбек адамының бейнесі. Ол өз ісіне адалдығымен, сабырлы мінезімен және жауапкершілігімен көпке үлгі болды. Бүгінде абыроймен зейнет демалысына шыққан ардагердің еңбегі ұжым жадында мәңгі сақталып, кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ