
Іс-шараға педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаумбай Амантұрлыұлы Қараев арнайы қатысып, мектепті басқару мен білім беру сапасын арттыру бағытында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
Семинар жұмысына аудандық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинет меңгерушілері, гимназиялар, мектеп-гимназиялар мен мектеп-лицейлердің, тірек мектептердің басшылары, жалпы 300-ге жуық білім беру саласының қызметкері қатысты.
Семинар-кеңестің басты мақсаты – мектеп жұмысын цифрлық трансформациялау арқылы білім сапасын қамтамасыз етудің ғылыми негізделген ұйымдастыру-педагогикалық шарттарын әзірлеу және жетілдіру.
Іс-шара барысында цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, білім сапасын бағалаудың жаңа тетіктерін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар мектеп жұмысын трансформациялауда қолданылып жүрген тәсілдер мен цифрлық құралдардың тиімділігі, цифрлық трансформацияның ұйымдастыру-педагогикалық шарттары, мектепті кешенді цифрландырудың модельдік сызбасы, цифрлық білім беру ресурстарын жасау критерийлері мен әдістері сияқты нақты тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерді цифрлық кеңістікке бейімдеудің жолдары мен педагогтердің заманауи цифрлық құзыреттілік моделін қалыптастыру бағыттары сараланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – сапа. Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», – деген болатын. Бұл ретте ұстаздардың білім беру мазмұнын жаңарту, оқу үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды ендіру, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру ісіндегі жауапкершілігі орасан.
Бүгінде Жамбыл өңірінде білім беру жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Облыс көлемінде 21 жалпы білім беру мектебі мен 3 мектепке дейінгі ұйым заманауи педагогикалық және цифрлық технологиялар бойынша ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізіп жатқан эксперименталды-тәжірибелік алаң ретінде жұмыс істеуде.
Атап айтқанда, Тараз қаласындағы №64 орта мектеп пен Қордай ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы №51 орта мектеп базасында биылғы оқу жылынан бастап «Цифрлық трансформациялау жағдайында мектептің білім сапасын арттырудың педагогикалық шарттары» тақырыбындағы эксперименталды жобалар іске қосылды. Бұл жобаларға ғылыми жетекшілік етуші ретінде профессор Жаумбай Амантұрлыұлы Қараев тартылған.
Цифрлық дәуірде білім беру жүйесін жаңғырту – уақыт талабы. Заманауи талаптарға жауап беретін мектеп моделін қалыптастыру үшін цифрлық технологияларды жүйелі түрде енгізу, білім беру сапасын бағалаудың жаңа әдістемелерін қолдану, мұғалімнің кәсіби дамуын қолдау маңызды.
Облыстық семинар-кеңес барысында ұсынылған идеялар мен нақты тәжірибелер білім беру саласының өкілдеріне бағыт-бағдар беріп қана қоймай, өңір мектептерінің даму стратегиясын айқындауға тың серпін берері сөзсіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА