Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Абай ұлағаты – ұрпаққа өнеге

Абай ұлағаты – ұрпаққа өнеге
Автор
Жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Салауатты сана мен мәдениет: «ұлттық дәстүрлер мен психологияның ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға шетелдік және еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнының ғалымдары, түрлі ұйым өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары да қатысты.

Конференция басталмас бұрын «Дулати жастары» студенттік театры ақынның қара сөздерін оқып, шығармашылығын насихаттады. Халықаралық конференцияны «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева жүргізіп отырды. Пленарлық отырыстың кіріспе сөзінде кеш модераторы Абайдың феномендік тұлғасына тоқталды.

– Біз оқу орнында студенттерді мамандыққа дайындау, кәсіптік бағдар берумен қатар, тәрбие жағын да қолға алуымыз керек. Ойшыл Әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сол үшін бүгін ақынның қара сөздерін негізге ала отырып, жастарға өнеге болатындай осындай шара өткізіп отырмыз. Естеріңізде болса, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ХІХ ғасырда өмір сүрген данышпанның құнды ойлары ХХІ ғасырда да өзектілігін жоғалтпағанын, ол ой-тұжырымдар мен ақыл-кеңес бүгінгі қоғамға да рухани азық болып қалатынын айтқан болатын. Ақын сөзінің қай-қайсысы да мәнді де мағыналы өсиет. Абай сол заманның өзінде білім мен ғылым ілгерілемей, елдің дамуы болмайтынын анық айтқан. Білім мен ғылымды дамыту арқылы ғана дамыған елдердің көшіне ілесетініміз анық. Біз Абайдың шығармаларындағы адамзаттық құндылық пен ізгілікті сіңіріп, «толық адам» тұжырымын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Бүгінгі конференциямыз ұлы ойшылдың өнегеге толы мұрасын пайдалана отырып жастар санасына оң ықпал етіп, жамандық атаулыдан аулақ етуді көздейді, – деді профессор.

Жиынды техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақтыбай Қасымбеков кіріспе сөзбен ашты.

– Жастар арасында есірткі, лудомания, буллинг секілді зиянды әдеттердің белең алуы – алаңдатарлық мәселе. Осы секілді әлеуметтік кеселдер халқымыздың, ұлтымыздың, келешек ұрпағымыздың болашағына қауіп төндіреді Сондықтан бүгінгі конференцияның рөлі ерекше. Мұнда айтылатын әрбір ғылыми ой мен ұсыныс еліміздің рухани қауіпсіздігі мен ұлттық тәрбиенің дамуына үлес қосады деп сенемін. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Президент қоғамды жайлаған бес кеселге – есірткі саудасы мен нашақорлыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, құмар ойындарға және әлеуметтік немқұрайдылыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті. Абайдың мұрасы – осының бәріне жауап бола алатын мәңгілік қазына. Оның философиясы мен тәлім-тәрбиесі – рухани жаңғырудың, ұлттық сана мен мәдениеттің қайнар көзі. Сол себепті Абайдың даналығын, ұлт болашағына бағытталған өсиеттерін қазіргі қоғаммен, қазіргі ұрпақ тәрбиесімен сабақтастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Бақтыбай Әшімбекұлы.

Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма мүшесі, ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев сөз алып, Абай даналығының қазіргі лудомания, нашақорлық, вандализм, зорлық-зомбылық сынды кеселдерге тосқауыл бола алатын күші бар екенін жеткізді.

Конференцияға халықаралық деңгейде онлайн қатысқан Түркияның «Istanbul Gelişim» университетінің философия докторы (PhD) Асил Шенгүн «Ұлтты қайта құрудағы отбасы мен бала тәрбиесінің рөлі» тақырыбында, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Өзбекстанның Чирчик қаласындағы филиалының ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, PhD докторы Бақытжан Исмаилов «Абай Құнанбаев рухани ұстаз» тақырыбында баяндама жасап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдениет және өнер» факультетінің «Мәдени және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD) Алтынай Қадыралиева «Абай Құнанбайұлының мұрасы және қазіргі қазақ ұлтының мәдени негізін қалыптастыру» тақырыбында онлайн баяндама жасады.

Мұнан соң «Салауатты сана» жобасы бойынша облыстық деңгейдегі спикерлердің баяндамасы тыңдалып, тақырып аясында өзара пікір алмасты. Атап айтқанда, облыстық сот жүйесінің ардагері Уалиға Қайманова жастарды зиянды әдеттерден тыюдың тиімді тәсілдерімен бөліссе, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық және облыстық дүнген Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова «Салауатты сана» республикалық жобасын іске асыру жөнінде баяндады. Сондай-ақ облыстық полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау және күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова «Салауатты сана мен мәдениет – құқық қорғау қызметінің негізі» тақырыбында ой өрбітті.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының аға оқытушысы, психолог Тәтті Орынтай «Ата дәстүр – кісіліктің тұғыры», филология ғылымдарының кандидаты Сейсегүл Исматова «Тәрбие – тал бесіктен», облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығы директорының орынбасары Баян Мұртазаева «Салауатты ұрпақ тәрбиелеу және ұлттық дәстүрлер» атты баяндама жасап, өзекті мәселелерді көтере білді.

Сонымен қатар, университеттің «Әлеуметтік психология» кафедрасының доценті, психология ғылымдарының кандидаты Шолпан Тұрдалиева және «Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, университеттің Аналар кеңесінің төрайымы Ардақ Жантаева да өз бағыттары бойынша мазмұнды баяндама жасап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Кеш барысында қатысушылар ақынның шығармашылығының шетел тілдеріне аударылуы, оның ішінде түркі тіліне аударылудың маңыздылығына тоқталды.

Халықаралық конференцияда Абай шығармаларын білім беру жүйесінде енгізудің жаңа әдістері де ортаға салынды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар