Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МӘМС туралы заңға маңызды өзгеріс енгізілді

МӘМС туралы заңға маңызды өзгеріс енгізілді
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова биылғы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша жан-жақты ақпарат берді.

Спикердің айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгелі бері медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы артты. Жоғары технологиялық медициналық көмек түрлері кеңейіп, қаржыландыру көлемі жыл сайын өсуде. 2025 жылы өңірдегі денсаулық сақтау саласына жалпы 132,6 миллиард теңге бөлінсе, 61,6 миллиард теңгесі МӘМС жүйесіне, ал 71 миллард теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында бағытталған.

Облыста бүгінде 109 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Оның 38-і – мемлекеттік, 71-і – жекеменшік. Медициналық ұйымдардың әрқайсысы қор арқылы көрсетілген қызметтері үшін тұрақты түрде төлем алып отырады. Бұл өз кезегінде емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және мамандардың еңбекақысын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Биылғы жылдың 9 айында жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 2 миллиард теңге бөлініп, 579 кардиохирургиялық, 812 нейрохирургиялық операция жасалыпты. Бұл операциялардың әрқайсысының құны 2-4 миллион теңге аралығында және толықтай МӘМС арқылы қаржыландырылады.

Сонымен қатар, экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтері де жалғасып жатыр. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2025 жылдың 9 айында 150 жағдайға 183,6 миллион теңге жұмсалып, көптеген отбасы көптен күткен қуанышқа кенелді. Бағдарлама іске қосылғалы бері облыста 350-ден астам сәби дүние есігін ашқан.

Медициналық оңалту қызметтері МӘМС аясындағы сұранысы ең жоғары қызметтердің қатарында. 2025 жылы бұл мақсатқа 4,6 миллиард теңге бөлінген. Ғайни Төленқызы атап өткендей, мұндай қызметтер инсульт, жарақат, операциядан кейінгі кезең мен созылмалы аурулар кезінде ерекше маңызды. Балалар арасында да ДЦП және тірек-қимыл жүйесі бұзылыстары бар пациенттер үшін оңалту мүмкіндіктері кеңейтілген.

– Консультациялық-диагностикалық қызметтерге деген сұраныс та өсуде. 9 айда өңірдің 814 666 тұрғыны алғашқы медициналық-санитариялық көмек аясында 24,6 миллиард теңгеге жуық сомаға консультациялық-диагностикалық қызметтерін алды. Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге есепті кезеңде 11,8 миллиард теңге бөлініп, 662 993 рецепт бойынша 9 миллиард теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек берілді. Ересектермен қатар балаларға арналған дәрілік заттар тізімі де кеңейтіліп отыр. 2025 жылы МӘМС туралы заңға бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін жарна төлейтін болды. D және E деңгейіндегі азаматтар – шамамен 70 мың адам. Олар үшін жарналар жергілікті бюджеттен төленеді. Сонымен қатар, ресми жұмыссыздар да сақтандыру жүйесіне енді. Жалпы Жамбыл облысында бүгінгі таңда 952 мың адам (80,8 пайыз) сақтандырылған.Тағы бір жаңашылдық – сақтандыру мәртебесінің мерзімі бұрынғы 3 айдың орнына 6 айға дейін ұзартылды. Бұл – әсіресе тұрақты жарна төлейтін азаматтар үшін тиімді өзгеріс, – деді Ғайни Аймағанбетова.

Жаңа жылдан бастап онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, психикалық, орфандық және басқа да ауыр ауруларға күдік болған жағдайда сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарға диагностика мен кеңес беру қызметтері тегін көрсетілетін болады. Бұл өзгерістер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізбесіне енгізіледі.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар