
Ол кезде басымнан небір алағайлы-бұлағайлы шақтар өтіп жатты. Жастықтың арқасында сол қиыншылықтардың көбін симптомсыз өткердім. Не керек, біз ол кезде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Желтоқсан мен Сүлейменов көшелерінің қиылысындағы жатақханасында жататынбыз. Кешке бір уақыт орталық алаңға келетінбіз.
Кешке қарай ол жер думанға толатын. Балалар ойнап, халық көңіл көтеріп, жастар велосипед теуіп, шар жарып, мәз-мейрам болып шағын базарға айналатын. Сондықтан да шығар, біз ол жерге жиі келетінбіз. Сонда менің көзіме әрдайым бір ғимарат оттай басылатын. Ол қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» еді. Мен: «Шіркін, болашақта осы ғимаратта жұмыс істесем, арманым болмас еді», – деп қиялданатынмын. Ал мені ол ғимараттың тартатын тағы бір себебі – оның астыңғы қабатынан түннің қай уағында көрсең де сөнбейтін бір жарық болушы еді. Сол жарыққа ұзақ қарап тұратынмын. Кейде оған жылынғым келетін, кейде сол жарықты құмыраға құйып алғым келетін, кейде тіпті оны кеудеме шам қылып асып алғым келетін. Ол сондай нәзік, сондай күңгірт, сондай сәулелі, сондай нұрлы жарық еді. Кейін білдім, ол қазақтың аса талантты жазушысы Несіпбек Дәутайұлының кабинетінің шамы екен
Бір күні Тараздың жас шайырлары жиналған басқосуға шақырылдым. Арамызда аса талантты ақын Нұржан Қадірәлі, уыздай жап-жас Арайлы Жақсылық және тағы бірнеше мүйізі қарағайдай ақын болды. Бәріміз түс кезінде жапырақтың бетіне қонған шықтай жаңағы кабинетке үймелей қалдық. Ішінде қалпағының екі шеті қайырылған, саусағының арасына қысқан шылымынан арудың көйлегіндей түтін будақтаған бір кісі отырды. Ол классик жазушы Несіпбек Дәутайұлы болатын.
Амандық-саулықтан соң әдебиет туралы әңгіме өрілді. Артынша Арайлы бастап өлең оқыдық. Мен де алғаш рет өзіме арман болған Баспасөз үйінде өлең оқыдым. «Ханнама» деп дауысымды созып:
«Қайыған жебесін жыланның,
Жағына салып жібіткен.
Алпарысқан дұшпанын,
Ат қылымен бауыздап өткен қайран баһадүр», – деп арындаттым.
Міне, дәл сол күні маңдайымнан сипаған Несіпбек атам ерекше ықылас білдіріп, өлеңдерімді «Жамбыл» журналына сұрады. Бұл мен үшін баға жетпес марапат болды. Кейін ол кісі мені жеке шақырып, жағдайымды сұрап, өлеңдерімді алып қалуды хатшысына тапсырды. Ең ғажабы – алғашқы кітабымның алғысөзін де өзі жазып берді. «Өзің жазып әкел, мен қол қойып бере салайын» деген жоқ, «Өлеңдеріңді бер, өз қолыммен жазып беремін» деді. Бұл – мен үшін Эверестің шыңына екі рет шыққанмен бірдей мәртебе болды.
Міне, сол біздер үшін бір кіру арман болған, Алаштың аяулы ұлы Несіпбектің батасын алған «Баспасөз үйіне» кейін «AR-AI» газетінің редакциясы көшіп келді. Ол кезде мен «Jambyl-Taraz» газетінде отаншыл журналист, сауатты маман, білімді ана, дегдар жан Эльмира Мырза-Ғали әпкемнің қамқорлығында жүргенмін. Аққудың балапанын мамығына жасырғандай ол кісі біздің де кемшіліктерімізге көз жұма қарап, әлпештеп, қатарға қосты.
Бір күні: «Элмира әпке жұмыстан кетеді екен» деген сыбыс шықты. Сол кезде мен: «Егер ол кісі кетсе Алматыға кетемін, қара жұмыс болса да істеймін» деп ойладым. Шынында да, әпкем жұмыстан кетті.
Бір аптадан соң маған бейтаныс нөмір қоңырау шалды. Көңіл күйім жоқ еді, әуелі алмадым. Кейін қайта қоңырау шалған соң көтерсем:
– «Шапағатсың ба? Мен Жасұлан Сейілхан деген ағаңмын. Қазір дереу Сүлейменов көшесіндегі «Баспасөз үйіне» келші. «AR-AI» газетінің редакторы Біржан Сөктай сені шақырып жатыр», – деді.
Сол сәтте көз алдыма бір жыл бұрын Қаратаудағы айтыста қазылар алқасында отырған сырбаз жігіт – өзі ақын, өзі ұлтшыл Біржан ағам елестеді. Ол кезде айтыстан кейін арқамнан қағып: «Бұдан былай менің інім боласың» дегені есімде қалған.
Редакцияға барсам, үшінші қабаттағы кабинетінде Біржан аға күтіп отыр екен.
– Мен сені жұмысқа аламын. «AR-AI» газетіне тілші болып келесің бе? – деді.
Мен бірден мақұл болдым.
– Онда бүгіннен бастап сен біздің тілшімізсің, – деді.
Кабинеттен аң-таң күйде шыққан мен Төле би көшесіндегі «Арал» кафесіне барып бірақ ат суыттым. Көңілімде бір жағынан қуаныш, бір жағынан «Осы сенімді ақтай аламын ба?» деген қорқыныш тұрды. Бірақ содан бір-екі күн өткеннен кейін ақкөңіл, аңқылдаған азамат «Аulieata-Media» ЖШС-ның сол кездегі директоры Нұрбек Бекеннің бұйрығымен ресми түрде жұмысқа қабылдандым.
Осылайша менің «AR-AI»-дағы алғашқы қадамым басталды. Әуелде қаламым толық ұштала қоймағандықтан, «арайлықтарды» біраз әбігерге салғаным тағы рас. Бірақ алғашқы бөлім басшым ақын Нұржан Қадірәлі болғандықтан аса қиындық көрмедім. Әрі Нұржан аға жұмыстан кеткенінше бір ауыз «Мынауың қалай?» дегенін көрген де, естіген де емеспін. Қысқасын айтқанда, ақын – ақынды үнсіз түсінді.
Кейін бөлім басшым Талғат Нұрханов болды. Ол кісі де менің қадамымды тұсауламады. Қайта кісенімді шешіп, шылбырымнан ұстап жетегіне алды. Кем-кетігімді түзеді. Ол – аға да, ұстаз да бола білді. Ал Біржан ағам мені еркелетуден танбады. Тіпті айлық алған сайын кафеге баратынбыз, ақшасын ағам өзі төлейтін. Мұның бәрі де ағамның інісіне деген шынайы қамқорлығы еді. Оның бойындағы қазақы ағалық мінезден туған жомарттық болатын. Сондай ақкөңіл, сондай таза, сондай жомарт ағаның жолын көріп, қолын ұстаған мен қалайша арам болайын? Қалайша қолы қатты, дәті берік жан болайын? Осы күнде біреу: «Сен ақкөңілсің» десе, мен оны да Біржандай ағамнан жұқтырған мінезім еді деп марқайып тұрам.
«AR-AI» сондықтан мен үшін ақпараттың ғана емес, адамдықтың да, ізеттілік пен ізгіліктің де қақпасы болды. Ол бізді қазақ қылып тәрбиеледі. Ол бізді жауыздыққа емес, жанашырлыққа үйретті. Ол бізге қалам беріп, ғаламды зерттеуге жол ашты. Ол бізге қағаз беріп, халықтың сөзін жазғызды. Сонысымен ыстық, сонысымен қымбат.
Шапағат ӘБДІР,
республикалық «Астана ақшамы»
газетінің тілшісі