ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА
Осы ретте халықаралық деңгейдегі қағидаларға назар аударсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған мүгедектердің құқықтары туралы Конвенция мүгедектігі бар адамдардың басқа азаматтармен тең құқықта өмір сүруін көздейді. Яғни, тағдыр тәлкегіне ұшырағандар мүгедектігі бар екенін растайтын қандай да бір санатқа жатқызылғанына қарамастан білім алуға, жұмыс істеуге, емделуге, ақпаратқа қол жеткізуге толық құқылы. Ал қоғамда олардың қол созған қажеттілігі кез келген жағдайда қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан да әлемнің көптеген елінде қазіргі уақытта осы талапқа сай жұмыстар жүргізілуде. Осы Конвенцияға Қазақстан да қосылған. Соған сәйкес заңдар қабылданып, түрлі бағдарламалар іске асырылып жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін баса айтқан болатын. Әсіресе мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету қажет екеніне айрықша тоқталды. Қазір күтімге мұқтаж адамдар өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді алу үшін көп қиындық көріп жүргені сынға алынды. Президент өз сөзінде: «Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», – деді.
Осы ретте біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл ауданында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударған едік. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жомарт Телеуовтің айтуынша, ауданда 1 475 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Ал мүгедектігі бар балалар саны 328-ді құрайды.
– Ауданда өткен жылы да 1 475 мүгедектігі бар адам тіркелген болатын. Олардың арасында 18 жасқа толмаған балалар да, егде жастағы қариялар да, еңбекке жарамдылары да бар. Әрқайсысына санатына қарай әлеуметтік көмек түрі көрсетіледі. Ол үшін мүгедектігі бар азаматтарға тағайындалған абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы жасалған. Яғни дәрігерлер мен мамандар азаматтардың денсаулық жағдайына қарап қандай құрал, қандай ем, қандай қызмет қажет екенін анықтайды. Соған сәйкес көмек көрсетіледі. Мысалы, ерекше қажеттілігі бар адамдардың біріне протездік-ортопедиялық құрал, тағы біріне ортопедиялық аяқ киім беріледі. Техникалық көмекші құралдармен де қамтамасыз етіледі. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс арқылы мұқтаж азаматтар өздеріне қажетті арба, балдақ, арнайы кресло, есту аппараты және басқа да қажетті жабдықтарға қол жеткізеді. Жүріп-тұруы қиын адамдарға арнайы қозғалу құралдары ұсынылады. Санаторлық-курорттық ем алу мүмкіндігі де кең көлемде ұйымдастырылуда. Есту қабілеті төмен азаматтарға ымдау тілі мамандары қызмет көрсетеді. Күнделікті тіршілікте қолдауды қажет ететін адамдарға жеке көмекші бекітіледі. Мүгедектігі бар адамдар емханаға, мемлекеттік мекемелерге немесе басқа да нысандарға барғысы келсе, инватакси қызметін пайдаланады. Бұл ретте қызмет арнайы жабдықталған көлік арқылы ұсынылады. Әлеуметтік қызметкерлер жалғыз тұратын немесе күтімге мұқтаж адамдардың үйіне барып, көмек көрсетеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 2025 жылға жалпы 463 миллион 260 мың теңге бөлінді.Ал 2024 жылы бұл мақсатқа 366 миллион 139 мың теңге бөлінген болатын. Биыл қаржы көлемі көбейіп отыр. Соның арқасында мұқтаж азаматтарға лайықты деңгейде қызмет түрлері ұсынылып, қажетті құралдарды уақытылы үлестіру мүмкіндігі туды. Негізінде қоғамда мүгедек ретінде тіркелген әр адамның қажеттілігі ескеріліп, қызметтер дер кезінде ұсынылса, көрсетілген әлеуметтік қолдау өз нәтижесін береді, – дейді Жомарт Тешебайұлы.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ТАЛАПҚА САЙ БЕЙІМДЕЛУДЕ
Жамбыл ауданында 2025 жылы мүгедектігі бар адамдарды гигиеналық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында 186 миллион 988 мың теңге бөлініпті. Мәселен протездік-ортопедиялық құралдарға өткен жылы 336 жамбылдық өтініш беріп, барлығы қажетті құралмен қамтылған. Зағип немесе көру қабілеті төмен азаматтарға тифлотехникалық құралдар берілген. Өткен жылы 61 өтініш түсіп, 60 адам қамтылыпты. Құлағының мүкісі барларға ымдау тілі мамандары қызмет көрсетсе, былтыр 34 адамға осындай қызмет қажет деп танылып, 16 миллион 292 мың теңге бөлінген. Өтініштердің барлығы орындалған. Бұдан бөлек сурдотехникалық құралдар, яғни есту аппараттары мен оған қажетті құрылғылар үшін 58 адам өтініш беріп, түгел қамтылған. Жеке көмекші қызметін 2025 жылы 16 адам тұтынған. Арнайы жүріп-тұру құралдары, оның ішінде кресло-арбаларға 12 миллион 802,6 мың теңге қаралған. 55 өтініштің 54-і орындалса, бір тапсырыс орындалу сатысында тұрған көрінеді. Санаторлық-курорттық емдеуге қатысты 340 тұрғын ем қабылдаған. Жалғызілікті немесе айрықша күтімді қажет ететін және балаларды қоса алғанда барлығы 70 адамға үйге барып көмек көрсету 11 әлеуметтік қызметкер арқылы ұсынылған.
– Инватакси қызметін пайдаланатындар үшін 2025 жылы арнайы конкурс ұйымдастырылып, жыл соңына дейін «Мейірім мекені» мүгедектер қоғамдық бірлестігі қалтқысыз қызмет көрсетті. Оған жұмсалған қаржы көлемі 7147,1 мың теңгені құраса, қамтылған мүгедектігі бар адам саны – 29. Мүгедектерге тағайындалған абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мұқтаж адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші, яғни компенсаторлық құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету және санаторлық-курорттық емделуге қатысты тұрғындар арасында алалау мәселесіне жол берілген жоқ. Сонымен қатар ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің қызмет көрсетуі бойынша кезек, құжат жинау, конкурстық рәсімдер секілді жайттарға байланысты да шағымдар болған жоқ. Себебі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметтер порталын іске қосқанын жақсы білесіздер. Әлеуметтік қызметтер порталы – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі. Бұл автоматтандырылған жүйе болғандықтан мүгедектігі бар адамдар тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз таңдауымен тікелей сатып алуда. Порталдың артықшылығы мұқтаж адамдардың барлығына бірдей мүмкіндік берілуімен байланысты. Яғни, оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділік, уақытылы әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ жеке қажеттіліктер туралы мәліметтер бойынша ашықтық барынша қамтамасыз етілген. Сондай-ақ жеткізушілер мен әлеуметтік қызметкерлер және мамандар жайлы мәліметтер де ескерілген. Осы арқылы адал бәсекелестік арттырылып, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін тұтынушылар таңдауымен пайдалануына мүмкіндік берілген. Жамбыл ауданында мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік маңызы бар нысандарға еркін кіріп-шығуына жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы бағытта 2025 жылға аудан бойынша 17 нысанды бейімдеу жоспарланған болатын. Бүгінде жоспарланған жұмыстар толығымен орындалды. Оның барлығы да «inva.gov.kz» қолжетімділік картасына енгізілді. Бұл карта арқылы кез келген адам қай ғимараттың қаншалықты қолжетімді екенін үйден шықпай-ақ көре алады, – дейді аталған бөлім басшысы.
Айта кету керек, 2024 жылға жоспарланған 17 нысан да жүз пайыз бейімделген екен. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Мысалы, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары осы жылы да жалғасуда. 2026 жылға аудан әкімінің орынбасарының келісімімен тағы 7 нысан бейімдеу жоспарына енгізіліпті. Қазір сол жоспарға сәйкес дайындық және ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатса керек.
Жалпы алғанда, Жамбыл ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау ісі тұрақты бақылауда. Нысандарды бейімдеу арқылы олардың білім алуға, емделуге, спортпен айналысуға және мәдени орындарға еркін баруына нақты мүмкіндік жасалып отыр.
КӘСІП АШҚАНДАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Тұрақты жұмысы бар адамның алып жүрген айлықақысы тым төмен болмаса, өзгеге алақан жаймай күн көруіне жетеді. Ал жұмыссыз жүрген адам біріншіден өзінің өмір сүру жағдайын қиындатса, екіншіден мемлекет үшін әлеуметтік мәселе туындатады. Сондықтан да мемлекет қоғамды жатыпішер жалқаулардан арылтуды, лажы болса кез келген еңбекке жарамды азаматты жұмыспен қамтуға барынша жағдай жасауда. Бұл ретте өндіріс орындарын көптеп ашу арқылы халықты жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамыту, жастар мен мүгедектігі бар азаматтарды қандай да бір бағдарлама арқылы жұмысқа тарту, кәсіпкерлік негізде оқыту секілді жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді. Әсіресе кәсіп ашамын дегендерге қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие ұсыну қарастырылған. Арнайы оқу курстары ұйымдастырылып, жұрт жаңа мамандық игеруге мүмкіндік алуда. Ауыл тұрғындарына, көпбалалы аналарға, жастарға, зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған түрлі жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар жұмыс берушілерге де қолдау көрсетілуде. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік жұмыс орындарын ашып, еңбекақының бір бөлігін субсидиялауда. Электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындары жарияланып, жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші тікелей байланыс орнатуда. Осы арқылы халықтың табысын арттыруға, кедейлікті азайтуға, елдегі әлеуметтік ахуалды дұрыстауға баса назар аударылуда.
Жамбыл ауданында да жұртты жұмыспен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жұмыс іздеген әр адамға бағыт-бағдар беріліп, тиісті бағдарламаларға қатысуына мүмкіндік жасалуда.
– 2024 жылы аудан бойынша 186 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасты. Олардың 35-і ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұл жұмыстар көбіне елді мекендерді абаттандыру, тазалық сақтау, көгалдандыру сияқты бағыттарды қамтыды. Қоғамдық жұмысқа шыққан әлгі азаматтар белгілі бір мерзім ішінде еңбекақы алып, тәжірибе жинақтаса, кейбірі кейін тұрақты жұмысқа ауысты. Еңбекке тартылған мүмкіндігі шектеулілердің 64-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Олар түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға қабылданды. Жасы үлкен азаматтарды қолдау үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылуда. Осы жоба арқылы 12 адам жұмысқа тұрды. Еңбек жолын енді бастаған жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы қарастырылған. Бұл бағыт бойынша 2 тұрғын екі қолға бір күрек тапты. Тағы 4 адам «Жастар тәжірибесі» бойынша жолдамамен жұмысқа жіберілді. Екі азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. 1 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Қысқа оқу курстары арқылы жаңа мамандық игеруге немесе бұрынғы білімін толықтыруға болады. Кәсіп ашамын дегендер де назардан тыс қалған жоқ. Еңбекке жарамды 27 адам қайтарымсыз грант алды. Бұл қаражатқа шағын дүкен, шеберхана, асхана, қызмет көрсету ісі сияқты кәсіп түрлері қолға алынды. 39 адам «Бастау бизнес» курсын оқып шықты. Олар кәсіп жүргізудің жолдарын, есеп-қисап жасауды, өнім өндіру, оны өткізудің жолдарын үйренді. Заңға сәйкес жұмыс берушілер белгілі бір мөлшерде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға міндетті. 2024 жылы квота бойынша «Серпін» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің медициналық орталығына 1 адам, «М.Х.Султан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөбекжайына 1 адам жұмысқа орналасты. Бұл ретте жоспар толық орындалды. Өткен жылы 173 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды. 70 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Олар қазір де түрлі салада еңбек етіп жүр. 1 адам кәсіптік оқытуға жіберілсе, 32 жамбылдық «Бастау бизнес» курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. 20 тұрғын грант иегері атанып, өз ісін бастады. Бірі тігін цехын ашса, бірі малшаруашылығын дамытуда. Сондай-ақ 27 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. 6 адам «Күміс жас» жобасына қатысты. 2 адам «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа жолданды. 1 адам әлеуметтік жұмыс орнына орналасты. 14 адам электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн оқудан өтті. Осылайша кейбір азаматтар үйден шықпай-ақ оқу мүмкіндігіне ие болды. Былтыр квота аясында «Аса-су» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына мен «Айшабибі» санаторийіне бір-бір адам жұмысқа қабылданды, – дейді аудандық мансап орталығының директоры Алтай Стамқұлов.
Жамбыл ауданында мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп ашқан ерекше қажеттілігі бар іскер азаматтың бірі – Мәулен Мұхан. Ол былтыр мемлекет қолдауымен жүзеге асқан «Бастау бизнес» жобасына қатысып, арнайы оқыту курсынан өтіпті. Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға арналған бағдарлама аясында бизнес жүргізудің қыр-сырын үйреніп, курсты толық аяқтағаны жөнінде қолына сертификат алған. Одан кейін өз жобасын комиссия алдында сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде жаз мезгілінде 1 миллион 572 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты ұтып алыпты. Қолына тиген қаржыға Аса ауылының орталығынан шағын шаштараз ашады. Алдымен жұмыс істейтін жайды жалға алып, кейін қайшы, тарақ, ұстара, шаш алатын машинка, шашкептіргіш, айна, орындық, клиенттердің күтуге арналған орындығы секілді керекті құрал-жабдықтар мен жиһаздарын түгендейді. Кәсібін бастауға қажеттінің барлығын қайтарымсыз қаржы есебінен сатып алыпты.
– Көбіне тек ер адамдардың шашын ғана аламын. Бір адамның шашын қысқартып берсем, ақысына 2 мың теңге аламын. Аудан орталығы үшін бұл – тұрғындарға лайықты баға. Кей күндері мұнда он адамға дейін келеді. Әсіресе демалыс күндері адам қарасы артады. Кәсібімді ашқаныма көп уақыт болмаса да бүгінде өзімнің тұрақты клиенттерім бар. Болашақта кәсіп аясын кеңейтіп, қасыма әйелдер мен балалардың шашын алатын, түрлі сән үлгісін жасайтын шеберлер алып, шағын шаштаразымды сұлулық салонына айналдырғым келеді. Бірақ ол үшін айтарлықтай қаражат, жеке ғимарат керек, – деді Мәулен Мұханұлы.
Біздің білуімізше, Аса ауылының орталық алаңы маңында кемі үш-төрт шаштараз бұрыннан бар болатын. Тегінде, кәсіп бастай салу оңай іс емес. Халыққа қызмет көрсету саласында, оның ішінде өзге шаш алатын мамандармен бәсекеге түсу, тұтынушылардың көңілінен шығу, ел көп жүретін жерден ғимарат жалдау айтқанға ғана оңай. Мұндайда табандылықпен қоса іскерлік те қажет. Біздің осы жолғы кейіпкеріміз мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермей, аталған сынның барлығынан кезең-кезеңімен өтіп келеді. «Жұмыс жоқ» деп қарап отыратын еңбекке толықтай жарамды азаматтарға қарағанда мұндай іскер адамдар қашанда құрметтеуге лайық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ


