Міне, дәл солай жанары көрмей қалса да, жаны әр нотаны сезініп, музыканы жанарының жарығына балаған сегіз жасар Айдана Рашидқызы да бүгінде талантымен талайды таң қалдырып үлгерді. Тағдырдың талай сынағын еңсеріп келе жатқан ерекше бүлдіршін туабітті зағип болып дүниеге келген. Айдана жарық әлемді жанарымен көрмесе де, жандүниесімен сезінеді. Оның сиқырлы сазға толы әлемі әуенге тұнып тұр. Ал саусақтары бір рет қана естіген әнді пианиноның пернелеріне тигізер-тигізбес құйқылжыта жөнелетін музыкант.
Бүгінде ата-анасымен Алматы қаласында тұратын өнерлі қызға «балалар церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған. Бірақ бұл дерт оның қимыл-қозғалысын шектесе де, арманын аласарта алмады. Керісінше, тұлымшағы желбіреген сезімтал қыздың қайсар мінезін қайрап, жігерін жани түскен. Кішкентайынан әр дыбысқа ерекше мән беретінін ең алдымен ата-анасын байқаған. Әуенді бір ғана рет естісе де ұмытпайтындығы ерекше назар аудартады. Бұл оның табиғи қабілеті, дарынының айқын белгісі екенін домбырашы әкесі сезіп қояды. Шынашақтай дарынды қыз музыкаға бүкіл дүниені сыйдырып, құлағына сіңген сазды жүрегінде қайта жаңғыртуға құмартып тұрғанын білген әкесі оның талантын аша түсуге барын салып бағады.
– Айдана алты айлығында дүниеге келген. Шала туған сәби үшін өмірдің алғашқы күндері оңай болған жоқ. Дәрігерлердің болжамы да адамды естен адастырды. Қызымның диагнозы үміттен гөрі күдікке жақын еді. Алайда өз балаң қандай болса да, ата-ананың сенімі бәрінен биік тұрады ғой. Өзім домбырашы болғандықтан, қызымның бойындағы қабілетті де ерте аңғардым. Үш жасында қызымның дарынын байқап, алдымен синтезатор үйреттім. Сол ескі синтезаторды басыбайлы өзіне беріп едім толық меңгеріп алды. Одан кейін пианиноға отырғыздым. Қызымның әр қадамы, әр жетістігі біз үшін үлкен қуанышты сәттерге айналды. Әкелі-балалы болып екеуміз бірігіп ән салғанда жүрегімді қуаныш кернейді. Әнді бір ғана рет естиді де, орындап шығатыны оның ерекше дарынды екенін білдіреді деп ойлаймын. Тағы бір қызығы біз оған ешқашан «былай істе» деп ештеңе үйретпейміз. Бәрін іштен біліп туғандай, әнді өңдеп, өз қалауымен әуенін көркемдеп алады, – дейді әкесі Рашид Төреқұлов.
Әкесі шерткен домбыраның күмбірі зерек қыздың нәзік жүрегіне үміт ұялатса керек, әйтеуір естіген музыканы қағып ала қояды. Қыздың ән, әуенге деген қызығушылығын ерте аңғарған әкесі музыка аспаптарын таныстырып, дыбыстарды ажыратуды да ерте бастан үйретті. Әсіресе, пианиноның пернелері Айдана үшін жарық сәуледей болғаны соншалық, әр сәтін пианиномен бірге өткізеді. Қолына сүйікті аспабы тиісімен ол айналадағының бәрін ұмыт қалдырып, өзі де сол пианино сазының бір бөлшегіне айналып кеткендей күй кешеді.
Дарынды қыздың тағы бір ерекшелігі – қолының саусақтарымен ғана емес, аяғының саусақтарын да пианино пернесіне тигізіп, сиқырға толы саздарды шерте жөнелетіндігінде. Жұдырықтай жүрегін кернеген жан әлемі дәл осы сәтте ғана тыныштық тауып, жаны рахаттанады. Әрбір әуен оның ішкі сырын ақтарып тұратындай көрінеді.
Иә, қоғам кейде мүгедектігі бар жандарға күдікпен қарайды. Ал Айдана іштей сол түсінікті өзгерткісі келетіндей. Адамның мүмкіндігі ешқашан шектелмейтінін дәлелдегісі келетіндей өзі сүйген әуендердің құшағында тербеліп өсіп келеді. Өзін аянышты кейіпкер ретінде емес, қайсар әрі дарынды тұлға ретінде көрсетуге ұмтылатыны көрініп тұр. Бүгінгі әрбір жетістігі табандылығының жемісі екені айдан анық.
Айдана әуен арқылы өзі ешқашан көрмеген, әрі көре алмайтын шексіз кеңістікті шарлайды. Сөйтіп өз жүрегіндегі жарық әлемін қиялымен бейнелейді. Өзі тани алмайтын түстердің өзін дыбыспен суреттейді. Оның өмірі үн мен үміттің түйіскен тұсынан басталады. Көкірегінде талай әуен сайрап тұр. Әлі жарыққа шықпаған талай туындысы да бар екеніне күмән келтірмейсің. Әр шығармасы өмірге деген ұлы махаббаттан тұратыны жанға жылу сыйлайды.
Бүгінде әлеуметтік желіде талантымен оқырмандарын таң қалдырған талдырмаш қыздың өз көрермені бар. Бұлбұл үнді аруды телеарналар бірінен кейін бірі шақырып, талантына тамсанып жатыр. Әсем даусымен талай жанға шабыт сыйлап жүр. Отбасының мейірімі өнерлі қызды барлық қиындықтан алып шығады. Ал әкесіндей алып тірегі тұрғанда ешкім ренжіте алмайды. Өзі қаншалықты кішкентай болса, соншалықты алып дауылдарға қарсы тұрып, ағыстарға қарсы жүзуге дағдыланған. Өйткені Айдана – қайсарлықтың символы. Тағдыр сынағы сындырмаған, қайта шыңдай түскен ерекше сазды жүректің дарынды иесі. Мүлде көрмеген әлемді музыкамен түрлі-түске бояп жүр.
Тағдыр адамға қанша сынақ алып келсе де, шынайы талант оны тоқтата алмайды. Көрмей қалу өнерге тосқауыл емес, керісінше, сезімнің тереңдігіне жол ашады. Өйткені ән мен музыканы ешкім көре алмайды, ол тек жүрекпен қабылданатын тереңдік. Нағыз талант ешқашан жарықсыз қалмайды, ол жүректерде мәңгі жанып тұрады!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



