
Бірде университет ұйымдастырған ауызашарда орысқа ұқсайтын жігітті көріп, «Христиан өкілінің ислам дінінің іс-шарасында не шаруасы болды екен?» – деп таңғала қарадық. Сөйтсек, ол жігіттің нәсілі орыс емес, грек екен. Дастарқаннан көпшілік тұрғанда әлгі жігіттің жанына барып, шала-пұла орысшаммен сөйлесуге тырыстым. Ол исламды қабылдағанын, Хақ тағаланың дінінен тыныштық тапқанын айтып жатты. Осы оқиғаны арқау қылып жазған дүниемді дереу «AR-AI» газетінің сол кездегі бас редакторы Болат Бекжановқа әкеліп бердім.
Бөкең шимай-шатпағымды адам танымастай етіп түзеп, газетке «Грек жігітінің мұсылманшылығы» деген тақырыппен шығарды. Материалымның дені түзетілсе де, облыстық жастар газетінің бетіне мақалам шыққанына мәз болдым.
Университетті бітіретін 2009 жылы Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетіне жұмысқа орналасып, онда 7 ай жұмыс істедім. Аудандық газеттің ауқымы тар болып, әрі Бөкеңмен руластығымды пайдаланып, облыстық «AR-AI» газетіне жұмысқа орналасқым келді. Болат Бекжановты жақсы танитын Кенжеғұл ағам мені бас редактордың қабылдауына алып барды. Бірақ Бөкең дәл қазір жұмысқа ала алмайтынын айтып, аудандық газетте тәжірибе жинай бер деп тігісін жатқызып, ақылын жеткізді. Өкінішке қарай, «Жастар газетіне жұмысқа тұрамын» деген өрекпіген көңіл күйім су сепкендей басылды. Несін жасырайын, сол кезде ағама кәдімгідей ренжіп қалдым.
Содан не керек, әуелі Алматы қаласында аз-кем аялдап, жұмыстың реті келмеген соң Астанаға барып, бас қалаға тұрақтадым. Аудандық газетте тәуір журналист болып жүр ем, елордада да тәжірибем аз болып, әрі-бері сенделуге тура келді. Бірақ «Жығылған күреске тоймайды» демекші, тәжірибе жинап, «Дат», «Жас Алаш», «Астана ақшамы» мен «Айқын» секілді республикалық іргелі басылымдарда жұмыс істедім.
Арада бірнеше жыл өткенде Болат ағамның сол кезде жұмысқа алмағаны дұрыс болған екен-ау деп те ойлаймын. Егер Бөкең журналист ретінде қызметке алып, онда біраз жыл жұмыс істегеннен кейін Астанаға барып, тәуекел етуге аяғым тартпай қалар ма еді? Әрі-беріден соң сол кезде «AR-AI» газетінде бос орын болмауы да әбден мүмкін еді. Штат болған күннің өзінде «Болат Бекжанов өзінің руластарын жинап алыпты» деген сөздің астында қалуы мүмкін. Әйтсе де, мұның бірде-бірін 22 жастағы жігіт ол кезде мүлде қаперге алған жоқ. Арада біраз уақыт өтіп, жасымыз 30-дан асқан кезде ағамыздың сол кездегі айтқан ақыл-кеңесін түсініп жатырмын.
Ақыл-кеңес демекші, бірде Бөкең: «Оппозиция керек, бірақ оның қатарында сенің жүргеніңді қаламаймын», – деп еді. «Дат» пен «Жас Алаш» газеттерінде өткір мақала жазып, көзге түсіп жүрген кезім. Інісінің болашағына алаңдап айтқан сөзінің мәнін ол кезде түсіне қойған жоқпын. Бірақ уақыт өте келе ағамыздың ақылы санамызға жетіп, көзіміз ашылып жатыр. Сол кезде өзім «Қажетсіз ақыл» деп санаған ойымның жылдар өте келе Бөкеңнің маған көрсеткен ағалық қамқорлығы екенін кеш түсіндім. Рухыңыз шат болсын, аға! Осы сөздерді көзіңіз тірі кезіңізде айта алмағаным өкінішті.
Шыны керек, «AR-AI» газетінің негізін қалаған Болат Бекжанов ағамызбен көп аралас-құралас болған жоқпын. Бірақ өмірде кездескен кездегі екі-үш оқиға есімде мықтап жатталып қалыпты. Кейін Бөкең Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының басшысы болып жұмыс істеді. Сол кезде де бірді-екілі кездесіп, әңгімелестік. Театрда қалай қызмет еткенін білмеймін, бірақ «AR-AI» газетінің аяқтан тұрып, іргелі басылым болуына Бөкең көп еңбек сіңірді.
«AR-AI» газетінің облыстан тыс республикалық деңгейде танылуына бас редактор ретінде Болат Бекжанов зор үлес қосты. Бір сөзбен айтқанда жастар газетінің заман талабына сай басылым болып, оқырманның ыстық ықыласына бөленуіне өз қолтаңбасын қалдырды. Сол себепті де «AR-AI» газеті десе Болат Бекжанов, Болат Бекжанов десе, «AR-AI» газеті еске түседі.
2014 жылы отбасылық жағдайыма байланысты Шымкенттен Тараз қаласына көшіп келдім. Ол кезде газеттің бас редакторы Гүлнұр Ембердиева болса, оның орынбасары Дәулет Төленді еді. Дәулеттің дәнекер болуымен «AR-AI» газетінде бір жылға жуық қызмет еттім. Бір сөзбен айтқанда жастар газетінің орны мен үшін ерекше. Себебі осы басылымда еңбек етіп жүрген кезде тұңғыш балам Әлихан дүние келді.
Қазіргі таңда газетті Тұрсынбек Сұлтанбек бас болып, бір топ әріптестерім шығарып отыр. Әріптестерімді «AR-AI» газетінің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Алла Тағала жастар басылымының 30, 50 жылдығында бас қосуды нәсіп етсін!
Серік ЖОЛДАСБАЙ,
журналист