
Бірде бас редактор Гүлнұр Ембердиева кабинетіне шақырып: «Сені Күләш Ахметова (ақын) сотқа беремін деп жатыр», – деді. Төбемнен жай түскендей болды. Мән-жай былай еді. Сол аптада «Ата-әже тәрбиесіне қарсы емессіз бе?» деген мақалам газеттің бірінші бетінен шықты. Мақалаңның алғашқы бетке шығуы жас журналист үшін үлкен мақтаныш еді. Сонымен ол мақалада қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметованың «Ата-әже тәрбиесіне қарсымын» деген пікірін суретімен бердік. Ертесіне тікелей бастыққа хабарласып, ондай пікір бермегенін және мені сотқа беретінін айтып, қатты ашуланыпты. Бастықтың алдында отырған менің екі бетім алаулап, кірерге тесік таппадым. Ол кісінің пікірі апаның сол кездегі көмекші қызымен мақұлданған еді. Бірақ Күлаш апамыз ол қызбен сөйлеспегенін, ондай пікір білдірмегенін, керісінше ол пікірге керағар екенін айтты. Бұл жағдай маған өмірлік сабақ болды. Содан бастап мен телефон арқылы сөйлеспей, жүзбе-жүз кездесіп, өзім ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей газетке ақпарат бермейтін болдым.
Жалпы газетте жұмыс істеген 1 жылдан астам уақытта мен талай қызық пен шыжықтың ортасында болдым. Сол жылдары жастар үнпарағы 10 жылдықты дүркіретіп тойлаған едік. Редакциядағы әр күн тынымсыз еңбек пен шығармашылық шабытқа толы еді. Ұжымдағы әріптестермен бірге идеялармен бөлісіп, тақырыптар талқылап, уақытпен жарыса жұмыс істеу қызықты да жауапты тәжірибе болды. Журналистік ізденіс, шынайы ақпарат, көркем тіл – осы үшеуі менің басты қағидам болды. «AR-AI» газетінде жүріп мен қоғамға, әсіресе жастарға деген жанашырлықтың, сөздің құдіретін сезіндім. Кез келген мақала жүрекпен жазылса ғана оқырманға жетеді. Сол себепті де әр жазған дүниемде шынайылықты басты орынға қойдым.
Бүгінде «AR-AI»-дағы күндерім менің өмірімдегі ең қымбат сәттер ретінде жадымда сақталып қалды.
Арайлым ШАБДЕНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі