Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Құдіретке құштарлық» – құнды еңбек

«Құдіретке құштарлық» – құнды еңбек
Автор
Ақын, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Хамит Есаманның «Құдіретке құштарлық» атты әдеби мақалалар жинағы жарық көрді. Бұл – қаламгердің төртінші авторлық еңбегі. Жинақ мемлекеттік тапсырыспен басылып, мың дана таралыммен оқырманға жол тартты.

Аталмыш кітапқа енген дүниелерде қазақ әдебиетінің тынысы, заманауи көркем ойдың өрісі, руханият мәселелеріне деген авторлық көзқарас анық байқалады. Әдебиетке деген құрмет пен жауапкершілікті серік еткен автор бұл еңбегінде оқырманды ойға жетелейді, сұрақ тастайды, сонымен қатар сол сұрақтарға бірге жауап іздейді.

– Жалғанмен жарысып жүріп жазған дүниенің жерде қалмағаны дұрыс. Жаның қалап жазған жазбаның өміршең болғанын қалайсың. Жазған сайын жалғанның кейбір сәттерінде жабырқаған жаның жылиды, санаң сәулеленеді. Айтқың келеді, айтасың… Бірақ не айттың, қалай айттың, не үшін айттың – бұл да ойланатын дүние. Алайда бәріне бағаны уақыттың өзі береді. Әр кітаптың өз тағдыры бар. Жазудың жауапкершілігі де жеңіл емес, – дейді автор.

Жинақтың құрылымына келсек, кітап «Әдеби мақалалар», «Тұлғалар туралы таным» және «Ой-толғаулар» атты үш бөлімнен тұрады. Әр бөлімде қаламгердің көркем әдебиетке, замандас қаламгерлер шығармашылығына, қоғамдағы рухани құбылыстарға қатысты толғаныстары топтастырылған. Әдеби мақалаларда көркем шығармаларға берілген байыпты баға мен сыншылық пайым байқалса, «Тұлғалар туралы таным» бөлімінде қаламдас әріптестерінің шығармашылық болмысына үңіледі. Ал «Ой-толғаулар» бөлімінде автордың жеке философиялық тұжырымдары, руханият, ұлттық болмыс, шығармашылықтың ішкі әлемі жайлы ойлары қамтылған.

Ойлы оқырманды бейжай қалдырмайтын бұл кітап – әдебиетке бейіл, сөзге іңкәр қауым үшін құнды рухани олжа болары сөзсіз.

                                                                     Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар