
Шырайлы шара барысында Қазақстанның халық әртісі, еліміздің мақтанышы, опера сахнасының шоқтығы биік тұлғасы Нұржамал Үсенбаева өнер көрсетіп, көпшіліктің зор ықыласына бөленді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртістері Заира Раимбекова, Айзирек Момунова, Айбек Саралаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары – өзбекстандық Дамир Рахмонов, қырғызстандық Эльгиз Бейшенбаев, алматылық Дамир Садуахасов пен тараздық таланттар Бахром Муминов және Диас Әбілеков сынды өнерпаздар әлем және қазақ классиктерінің жауһар шығармаларын орындап, тыңдарман жүрегін баурады.
Кеште белгілі композиторлардың вокалдық шығармаларынан бастап, симфониялық классиканың інжу-маржандарына дейінгі репертуар ұсынылды. Орындаушылар әр туындыны терең тебіреніспен жеткізіп, көрермендерді рухани әлемге жетеледі. Залда отырған әрбір тыңдарман музыка арқылы жаңа әлемге бойлап, нағыз өнердің құдіретін сезінді.
Өнер кешінің басты сүйемелдеушісі – Қырғыз Республикасының А.Жұмахматов атындағы мемлекеттік симфониялық оркестрі болды. Оркестр тізгінін Қырғыз Республикасының халық әртісі, тәжірибелі дирижер Рахатбек Осмоналиев ұстады. Маэстроның шебер басқаруымен орындалған шығармалар кештің көркемдік деңгейін биіктетіп, кәсіби орындаушылық мәдениеттің биік үлгісін көрсетті.
Шараның басты мақсаты – көрерменді классикалық музыкамен сусындату, сахна өнерінің терең мазмұны мен сырлы әлемін кеңінен насихаттау. Сондай-ақ әлемдік және отандық опера шеберлерінің өнері арқылы музыкалық мәдениетті дамыту, жастардың көркем өнерге деген қызығушылығын арттыру көзделді. Шығармалардың мазмұны мен әуендік құрылымы арқылы кешке жиналған қауым рухани байып, сыршыл саздан ерекше әсер алды.
Айта кетейік, «Күзгі әуен» – Тараз төрінде мәдени өмірдің ерекше бөлшегіне айналған өнер мерекесі. Алғашында жергілікті деңгейде ұйымдастырылған бұл шара бүгінде халықаралық сипат алып, түрлі елдің майталман өнер иелерін тоғыстырған кәсіби алаңға айналды. Бұл – Жамбыл өңірінің мәдениет саласындағы ашықтығы мен өнерге деген зор құрметінің жарқын дәлелі.
Айжан ӨЗБЕКОВА
«Құдіретке құштарлық» – құнды еңбек
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Салтанат» ансамблінің 70 жылдығына орай «Би керуені» өтті
- авторAR-AY
- 6 қазан, 2025