
«Bookdating» – кітапсүйер қауымның зияткерлік алаңы. Бұл жоба әртүрлі тақырыптар мен бағыттардағы кітаптарды талқылайтын заманауи әрі тиімді платформа болып табылады. Жобаның мақсаты – білімді қауымды біріктіру, отандық авторларды қолдау, сондай-ақ оқырмандар арасында өздері ұсынған кітаптарды оқу мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шара барысында алғашқы сөз Тараз қалалық №46 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Меруерт Юсуповаға берілді.
– Әбу Насыр әл-Фараби – ғұлама ғалым, түркі жұртының жарық жұлдызы. Ол – көрнекті ойшыл, өз дәуірінің ірі ғалымы, философ және шығыс аристотелизмінің ең көрнекті өкілі. Ғалым қазақ жерінің оңтүстігіндегі көне Отырар қаласында дүниеге келген. Өзінің терең білімінің арқасында «Екінші ұстаз» атанған. Әл-Фарабидің ғылыми және шығармашылық мұрасы аса бай. Ол философия, логика, саясат, этика, музыка, астрономия, математика, медицина сынды ғылым салаларында 150-ге жуық еңбек жазған, – деді ол.
Сондай-ақ Меруерт Ізбәкірқызы конференцияға қатысып отырған колледж студенттеріне әл-Фарабидің еңбектеріне қатысты сұрақтар қойып, кей тұстарын өзі толықтырып, түсіндіріп отырды.
Келесі кезекте филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті жанындағы «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ сөз сөйледі.
– Биыл ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толып отыр. Әр дәуірдің ұлы философтары бақытты өмір, ізгілікті тұрмыс жайлы терең ой қозғаған. Солардың ішінде әл-Фарабидің «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» атты еңбектерінің орны ерекше. Ол бұл шығармаларында бақыт – өмірден ләззат алу емес, әрекетшіл ақыл-парасат арқылы мақсатқа жету екенін айтады. Ғалым бақытқа жетудің жолын – «адамның өзін-өзі жетілдіру арқылы кемелдікке ұмтылуы» деп түсіндіреді, – деді профессор.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Алдаберді Мақашев та өз пікірін ортаға салды.
– Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасына деген қызығушылық бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда жылдан жылға артып келеді. Оның ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі түркі халықтарының, әсіресе қазақ мәдениетінің дамуына зор ықпал етті. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа ғұламаның еңбектерін терең түсіндіріп, олардың рухани байлығын арттыру – басты міндетіміз, – деп қорытындылады ол.
Конференция соңында «Әл-Фараби – әлемнің ұлы ойшылы» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы