Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өнерімен өрге жүзген өрен

Өнерімен өрге жүзген өрен
А.Қартабай
Айтыс – қазақ халқының ежелден келе жатқан сөз өнері, ақындықтың, тапқырлықтың, ой мен тіл шеберлігінің биік шыңы. Сол киелі өнердің туын көтеріп жүрген жастардың арасында айтыскер қыз Інжу Жаңабай да ерекше орын алады. Бүгінде Інжу сахнада өз ойын еркін жеткізіп, өнердің өрісін кеңейтуде.

Інжу Жаңабай кезекті рет республикалық айтыста топ жарды

Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының «Ақберен» айтыс үйірмесінің тыңдаушысы Інжу Жаңабай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысында «Қайым айтыс» бағыты бойынша бас жүлде иеленді. Аймақтың абыройын асқақтатып келген жеткіншекті орталық ұжымы құттықтап, тілектестік білдірді. Осы іс-шара барысында біз де Інжу Жаңабаймен  аз-кем тілдескен болатынбыз.

– 2014 жылы Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің  табалдырығын аттадым.  Алғашқы ұстаздарым маған білімге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік ұғымын сіңіре білді. 3-сыныпты аяқтаған соң, 2018 жылы №3 мектеп-лицейге ауыстым. Қазіргі таңда осы мектептің 11-сыныбында білім алып жатырмын. Бала күнімнен тіл мен әдебиетке ерекше құштар болдым. 4-сыныптан бастап айтыс өнеріне қызығып, алғаш рет қалалық оқушылар айтысына қатыстым.  Кейін облыстық деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие бола бастадым. Ал 9-сыныптан бастап республикалық оқушылар айтысына шығып, өз өнерімді кең ауқымда көрсетіп келемін.  Биыл телевизиялық деңгейдегі ересектер және жастар арасындағы айтыстарға қатысып, кәсіби ақындармен тең дәрежеде сөз сайысына түсіп жүрмін. Өнер жолындағы жетістіктерімді айтып өтетін болсам, 2024 жылғы «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысының «Қайым айтыс» номинациясы бойынша екінші орынға иелік еттім. Енді міне, осы сайыстан бас жүлдені еншілеп отырмын. Сондай-ақ  Оразалы Досбосыновтың  туғанына 50 жыл толуына орай өткен «Құлмамбеттің құлыны» атты республикалық оқушылар айтысында үшінші орынды қанжығама байладым. Сонымен қатар «Біржан - Сара ізімен» телевизиялық айтысының, «Күміс домбыра», «Он екімде өлеңмен аштым тілімді» атты республикалық ересектер айтыстарында бақ сынадым. «Мен жастарға сенемін» атты республикалық оқушылар айтысында бірінші орынды тізгіндесем, «Көктем нұры» айтысында бас жүлде бұйырды,– дейді Інжу.

Өнерлі өреннің әкесі, әрі рухани ұстазы, Мәдениет саласының үздігі Есет Досалының айтуынша, Інжу филология мамандығын таңдап отыр екен. Арманы  – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің грант иегері атану.

– Інжудің айтыс өнеріне деген алғашқы қадамы 4-сыныптан басталды. Ол кезде қалалық оқушылар айтысына небәрі үш ақын ғана қатысқан екен. Екі ақын – сегізінші сыныптың оқушылары болса, ал Інжудің жасы олардан едәуір кіші болды. Соған қарамастан, сахнаға шығып, үлкен сыныптың оқушыларымен тең дәрежеде айтысқан. Сол сәт әлі күнге дейін есте. Сахнаға көтеріп отырғызғанбыз. Өйткені оның аяғы жерге тимейтін кішкентай еді. Інжу айтыс барысында бастапқыда батыл сөйлеп тұрғанымен, кейін толқып, сөзін ұмытып, сахнадан жылап түскен сәттері де болды. Дегенмен кейін келе ысыла бастады. 5-сыныптан бастап облыстық деңгейдегі айтыстарға жолдама алды. Алғашқы жылы жүлделі орынға ие болмағанымен, 6-сыныптан бастап облыстық айтыстарда үздік нәтиже көрсетті.  Үш жыл қатарынан облыс көлемінде жүлделі орындар алып, тәжірибесін шыңдады. 9-сыныпта республикалық деңгейге жол ашылды. Бір жылда үш рет республикалық айтысқа қатысып, үшеуінде де түрлі себептермен жүлдесіз қалды. Біреуінде бір ұпай ғана жетпеді, бірінде қарсыласы қыз болғандықтан жұптаса алмады, ал үшіншісінде айтыс тақырыбы үйлеспей, Абайдың өлеңін айтып кеткен қарсыласқа жауап бере алмай қалды.  Әйтсе де Інжу  жеңілдім деп мұқалмай, одан ары дайындала берді. 10-сыныпқа келгенде ол тәжірибесін толық қолданып, төрт республикалық айтысқа қатысып, төртеуінен де жүлдемен оралды. Бұл жетістіктің барлығы тек еңбек пен табандылықтың арқасы. Айтысқа дайындық кезінде кейде түн ұйқысын қиып, әр қарсыласын зерттейді, олардың деңгейін, ұстаздарын, аймақтық ерекшеліктерін талдайды. Кім не айтуы мүмкін, қандай тақырып қозғалуы ықтимал – бәрін алдын ала болжап, дайындалады. Бір сөзбен айтқанда артылған сенімді ақтау үшін бар күшін салады,– дейді Есет Жаңабайұлы.

«Өнерлі өрге жүзеді» дейді дана халқымыз. Тұла бойына тұнған талантымен талайды тәнті етіп жүрген Інжу Жаңабайдың алға қойған мақсаты айқын. Ол болашақта білім мен өнерді үйлестіріп, биік белестерді бағындырғысы келеді. Осы жолда тынбай ізденіп, аянбай еңбек ету керектігін де жақсы біледі. Біз айтыскер қызға тек сәттілік тілейміз.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар