Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Әулиеата жастары»: бағдарлама биыл жалғаса ма?

«Әулиеата жастары»: бағдарлама биыл жалғаса ма?
Автор
Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің төртінші отырысы өтті. Жиынға облыстық және қалалық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері қатысты.

Кеңес отырысын ашып, жүргізген Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Талғат Дүйсенов алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру туралы ойын ортаға салды.

Ал облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Белгібаев жастар арасындағы наркотизмге, нашақорлыққа және есірткі құралдарының таралуы мен заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шаралары туралы баяндама жасады.

2025 жылдың 8 айында 361 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 дерекке артық. Заңсыз айналымнан 4 тонна 746 келі түрлі есірткі заттар тәркіленген.

– 2025 жылдың басынан бастап «Шу алқабынан» есірткі заттарының шығарылуына жол бермеу мақсатында Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстары бағыттарында полиция департаменті қызметкерлерінен мобильді топтар құрылды. Аталған топтардың жұмысының нәтижесінде «Шу алқабынан» республика өңірлеріне шығарылмақ болған 14 есірткі тасымалдау арнасы анықталып, 230 келіден астам кептірілген марихуана және 130 келі гашиш тәркіленді, 15 адам ұсталды.

Сонымен қатар, Алматы қаласына және Алматы облысына 3 ішкі бақыланатын жеткізу ұйымдастырылып, нәтижесінде 6 адам ұсталып, 10 келіден астам гашиш және 8 келі кептірілген марихуана тәркіленді.

Заңсыз есірткілік дәрі-дәрмектер айналымына қатысы бар 8 адамнан тұратын қылмыстық топ жауапкершілікке тартылуда.

Сондай-ақ жыл басынан бері заңсыз айналымнан 9 келіден аса синтетикалық есірткі тәркіленіп, 12 адам ұсталды. 2025 жылдың 26 маусымында жедел-іздестіру іс-шарасы барысында синтетикалық есірткі өндірісіне арналған наркозертхана ұйымдастырған Ресей Федерациясының 2 азаматы ұсталды. Тінту кезінде 8 келіден аса «Мефедрон» синтетикалық есірткісі, 2 тоннадан аса прекурсорлар және арнайы жабдықтар тәркіленді. Сонымен қатар синтетикалық есірткі түрлерінің таралуын болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстары күшейтілуде.

Полиция департаменті нашақорлыққа қарсы құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жастар мен жасөспірімдердің иммунитетін қалыптастыруға ерекше назар аударуда. 2025 жылы есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған 751 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 60 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды,– дейді Қанат Шыңғысбекұлы.

Келесі кезекте «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы туралы облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушы Асима Пернебаеваның баяндамасы тыңдалды.

Бағдарлама аясында 2021-2025 жылдар аралығында облысымыздан 489 студент оқуға түсіп, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған еліміздің солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріндегі оқу орындарында білім алуда.

Жыл сайын мамыр айында барлық аудандарда «Серпін» күндері өткізіліп, мектеп бітіруші түлектермен және ауыл жастарымен кездесулер ұйымдастырылады екен. Облыс бойынша «Серпін» күндеріне 7 000-нан аса жас қамтылған.

Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аталған тақырып аясында баяндама жасаған облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскембекованың айтуынша, бағдарлама биыл да жалғасын табады деп жоспарлануда.

– 2022 жылдан бастап республика көлемінде Жамбыл облысында республика бойынша екінші болып пилоттық жоба негізінде «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске асырылуда.

2022 жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылды. 2023 жылы баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында 2 миллиард теңге қаражат бөлініп, 144 жас баспана алды. Ал 2024 жылы жобамен 2 миллиард теңгеге 140 жасты баспанамен қамту жоспарланған болатын. 2024 жылдың 1-10 қазаны аралығында e-jambyl.kz сайты арқылы жалпы 479 өтінім қабылданып, бүгінгі күні 140 жас өз баспаналарына қол жеткізді.

Яғни, 3 жыл ішінде бағдарлама шеңберінде облыс көлемінде 325 жас баспаналы болды.

2025 жылы жобамен 1 миллиард 250 миллион теңгеге 90-ға жуық жасты баспанамен қамту жоспарлануда. Жыл басында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, 250 миллион теңге бөлу мәселесі «Отбасы банк» акционерлік қоғамы тарапынан күтілуде, – дейді Құралай Әмреқұлқызы.

Айта кетейік, «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына облысымызда соңғы 3 жылда тұрақты тіркеуде тұрған, жасы 35-жасқа дейінгі және соңғы 5 жылда өзінің және жұбайының атында тұрғын үй тіркелмеген жастар қатыса алады.

Салалар бойынша шектеу болмайды, жастардың барлығына бірдей мүмкіндік беріледі.

Қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін, несие беру уақыты – 19 жыл, пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз деп көзделген.

Тұрғын үй бағдарламасына құжаттар қабылдау e-jambyl.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Құжат өткізу мерзімі күнтүзбелік 10 күнді құрайды.

Құжат өткізу күні алдағы уақытта облыс әкімдігінің сайтында, интернет ресурстарда және әлеуметтік желі парақшаларында жарияланады.

Сондай-ақ, облыстық, қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының мамандары тарапынан «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын облыс жастары арасында кеңінен ақпараттандыру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Жиын соңында қатысушылар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, оларға тиісті түсініктемелер мен жауаптар берілді.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар