
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған соңғы Жолдауында ауылшаруашылығын жаңғырту, аграрлық ғылымды дамыту және жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығына ерекше тоқталған еді.
Жиынға Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академиктері, еліміздің жетекші ғалымдары мен ауылшаруашылығы саласының мамандары қатысты. Іс-шараны академия президенті Тілектес Есполов кіріспе сөзбен ашып, әріптестерін құттықтап, жемісті жұмыс тіледі.
– Ауылшаруашылығын дамытуда сапалы серпіліске қол жеткізу үшін нақты қадамдар қажет. Биыл бұл салаға бұрын-соңды болмаған қаражат – бір триллион теңге бөлінді. Ендігі мәселе сол мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану. Қазір бірқатар ірі аграрлық жоба жүзеге асуда, агробизнес жан-жақты қолдау табуда. Дегенмен, ауылшаруашылығында тұрақты өсімге аграрлық ғылымды дамытпай қол жеткізу мүмкін емес, – деген Тілектес Исабайұлы Әулиеата өңірі қуатты агроөнеркәсіптік әлеуеті бар ерекше аймақ екенін де атап өтті.
Дейтұрғанмен спикердің айтуынша, аймақта су тапшылығы, жайылымдардың тозуы сияқты өзекті мәселелер бар.
– Мұндай түйткілдерді мемлекет, ғылым және бизнес күш біріктірмей шеше алмайды. Осы үштік жүйе ынтымақтасқан жағдайда еліміздің аграрлық саласы жаңа сапалық деңгейге шығады, – деді Т.Есполов.
Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров та сөз алып, ғалымдардың еңбегіне табыс тіледі.
– Бүгінде ауылшаруашылығы саласы цифрлық революцияны бастан кешуде. Жаңа технологиялар өнімді болжауға, су ресурстарын тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Мұндай әдістерді меңгеріп, тәжірибеде қолдану – бүгінгі ғалымдардың міндеті. Біз олардың еңбегіне зор үміт артамыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Өз кезегінде сөз алған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков оқу орнында ауылшаруашылығы саласына қатысты 12 мамандық бойынша кадрлар даярланып жатқанын жеткізді.
– Уақыт өте келе кейбір мамандықтар сұранысын жоғалтады. Сондықтан біз өңірге қажет жаңа мамандықтарды болжаймыз. Мәселен, болашақта сұранысқа ие болатын генетик-селекционер, агроэкотуризм маманы, топырақ микробиологы, экотехнолог, биофермер, агроном-робототехник, ауылшаруашылығы стартап-менеджері, агродрон операторы сияқты мамандықтарды атап өтуге болады. Біздің қағидамыз – студенттердің өз ғылыми жобаларын жасап, нақты ғылыми-зерттеу орталықтарында тәжірибе жинауына жағдай жасау. Университетіміз оған қажетті барлық материалдық-техникалық база толығымен қамтылған. Сөз соңында аймақтық агрохаб құру жөніндегі ұсынысыммен бөлісе кеткім келеді. Оқу орнымызда агрохаб құру үшін барлық мүмкіндік жеткілікті. Тек облыс әкімдігі мен Ұлттық аграрлық ғылым академиясы қолдау көрсетсе деген тілегіміз бар, – деді. М. Сарыбеков
Сессияда өзге де спикерлер тақырып аясында баяндама жасады. Нақтылап өтсек, «Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының» басқарма төрағасы Есенбай Исламов Ұлттық аграрлық ғылым академиясының тарихы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы баяндаса, «Ғылымды коммерцияландыру қазақстандық одағының» президенті Құрманғазы Омаров ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландырудың жаңа қырлары мен әдістерін сөз етті.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Аюп Ысқақов фермерлердің біліктілігін арттырудың негізі ретінде «Extension» жүйесі туралы айтты. Ал Ұлттық аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Құрышбек Саурынбаев өз сөзінде көміртекті егіншілік пен цифрлық экономикаға тоқталды.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар өңірде картоп шаруашылығының дамуы, фитосанитария, Жамбыл облысындағы ара шаруашылығында селекция үдерісін тиімді басқару технологияларын енгізу және басқа да мәселелерді талқылады.
Іс-шара аясында ғалымдар университеттің агробиология, ветеринария, малшаруашылығы және «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталықтарын аралап, заманауи жабдықтармен, зертханалармен, инновациялық әзірлемелермен танысты. Қатысушылар мұндай инфрақұрылымның білікті мамандар даярлауға және ғылыми жетістіктерді өндіріске трансферлеуге кең мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сессия соңында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен Ұлттық аграрлық ғылым академиясы арасында меморандумға қол қойылды. Құжат екі тараптың ғылыми зерттеулерді дамыту, кадр даярлау және агроөнеркәсіптік кешенге озық технологияларды енгізудегі күш-жігерін біріктіруге жол ашады.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ